Қарасай, Қази (7-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сонда Қази сөйледі:—Екі жасар күнімде әкем—Орақ алдына алып отырып әлдилейтін еді мені. Сонда айтушы еді «Қондыкер деген қалмаққа жеті барып, жетеуінде де ала алмай келдім. Менен туған ұл болсаң, қатарға кірген тең болсаң, Қондыкер деген қаланы ал, деуші еді. Таудың түстік жағында бір Қозандай қара тас бар. Сол қара тасты аударып жіберсең, астында бір ін бар, ол іннің астында жазулы хат болар, сонда «Орақ» деген ат бар, астында кісі сыятын тесік бар. Екі күн, екі түн жүрсең, қаланың тап ортасынан барып шығасың. Сонда қорықпай шықсаң, қаланы аласың. Басқа шығатын жол жоқ», деуші еді. Енді мен сол жолды тауып алып, кірсем керек, Қондыкерді алсам керек. Сендер қорықсаңдар, жүре беріңдер,—деп, өзі Қондыкерге қарай жүре берді. Сонда қырық батыр: «Мұның да қайратын көрейік»,—деп, артынан жүре берді. Таудың жағасына келгесін, батырлар түсіп, тоқтады. Қази түспей, асып жүре береді. Қазидың қасында Әмет, Ахмет, Алау батырлар бар еді. Олар да Қазимен бірге жүре берді. Қаланың түстігіне келгенде, Қозандай тасты көрді. Қази сонда атынан түсіп, тасты аударып еді, астындағы інді көрді. Ол ін ішінде хат бар екен. Қази хатты алып оқиды: «Осы шәрді, жеті келіп, жетеуінде де ала алмай кеттім. Менен туған ұл болса, осы шәрді, келіп, ала көрсін. Осы тесіктен кірсе, екі күн, екі түн жердің астымен жүреді және сол тесікке кіргенде, қалмақ келіп көріп тұрар, сен де оны көрерсің және тесіктің аузын қалмақ қамап тұрар. Сонда «Сенің басыңды кесіп алармын»,—дер, бірақ сен қорықпа, сол тесікті тауып, жауды көріп шықсаң, шәһәрді аласың». Сонда Қази хатты алып оқығасын шәрді алдық»,—деді. Сонда Алау мен Ахмет: «Енді біз өлдік»,—деді. Сонда қырық батыр да тесікке кіреміз деп ірмеліп еді, кіре алмай, қорқып тұрды. Сонда Қази ат құйрығын өреді, шәрді айнала шабады. Шауып келіп, сөйледі:
—Тәңірі берсе, несіп,—деп,
Атаның кірген есік,—деп.
Жаудан өлмек—қашаннан
Ер жігітке кәсіп,—деп.
Сонда Қази күрең атпен тесікке кіріп, жөнелді. Қалғандары ірмеліп, кіре алмай, қорқып, қамалып тұрды.
Артынан кірді ер Абат,
Онан соң кірді Ахмет,
Онан соң кірді ер Алау,
Ноғайға түсті бір талау.
Бір-біріне қарады,
Іркілмеді ноғайлар,
Енді шауып барады.
Алдында жүріп Ер Қази,
Өлең айтып барады.
Артынан жүрді Қарасай,
Болып кетіп барады
Орақтың екі баласы-ай.
Ауызға жақын барғанда,
Сонда Қази атынан түсе қалады.
Тесікке жүгіріп барады,
Тасты аударып алады.
Артынан келіп ерлері,
Катар тұрып қалады.
Артық туған ер еді,
Қамалып тұрған қалмақтың
Алдын тосып алады.
Сонда Қазидың ерлерге айтқаны:
—Қырымның байтақ елдері,
Ілгері жүрдім мен,—деді.
Мен бір шауып барайын
Қамалып тұрған қалмаққа,
Артымнан көзді салыңыз.
Мен тесіктен шыққанша,
Қатар тұрып қалыңыз.
Егер шықсам тесіктен,
«Алла!» деп, ұран шақырып,
Баршаңыз да шыға салыңыз.
Сонда Қази жөнелді,
«Алла!» деп ұран шақырып,
Шыға шапты ақырып.
Қази шыға шапқанда,
Қалмақтар шауып жөнелді
Алды-алдына жапырып.
Қази шығып алады,
Шақырып ұран айғайды,
Артынан да салады.
Қази шығып кеткесін,
Артындағы ерлердің
Біреуі қалмай, жапырып,
Ол да шығып алады.
Қалмаққа салды ойынды,
Жақын қылды тойыңды.
Сындырып жатыр қаланы,
Шулатып жатыр баланы.
Қырық батыр қатар шыққасын,
Өлтірді талай баласын.
«Білгірмін» деген қалмақтың
Қырды талай шамасын.
Еркегін қырып тауысып,
Қатын мен қалды баласы.
Басында қалмақ қырылып,
Қаласының шамасын.
Енді Әділді таба алмай
Қыдырып ерлер жүреді.
Бір жас қатын жүгіріп
Қазиға таман келеді.
Қазидың келіп қасына-ай,
Көзінің төгіп жасын-ай,
Тұра қалды жас қатын
Мұсылман екен, осылай:
—Қази сұлтан, ер,—деді,
Бір тілегім бар,—деді,
Келдім саған мен,—деді,
Мен—мұсылман деген ел,—деді.
Мекенімді сұрасаң,
Адарыс деген қала еді.
Бесікте қалды бір бала,
Жалғыз жесір жан едім.
Жесір болып қалғалы—
Алты айдың жүзі толулы.
Балапан еске түскенде,
Көзімнің жасы толулы.
Тілегімді сіз берсең,
Әділ хан жатқан жерін
Табайын, Қази батыр, мен,—деді.
Атының басын бұрады,
«Әділді табам»,—дегесін,
Қази сынды батырың
Кідіріп сонда тұрады.
—Тілегіңді берейін,
Әділ сұлтан ханды көрейін.
Сонда қатын айтты: