Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (8-бөлім)

Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

—Әділ сұлтанды зынданға ұстап салғанда, қасында мен бар едім,—деді.

«Сізден жәрдем болар»,—деп,
Жүгіріп сізге келгенім,
Жалған емес көргенім,
Жүріңіз батыр сіз,—деді.
Қазір тауып беремін
Әділ ханды біз,—деді.
Әділдейін ханымыз
Тап осы жерде,—деп еді.

Әділ хан тұрған жерге ертіп әкеліп, Әділді тауып береді. Сонда Қази Әділ ханды тауып алады, бір тақтайды көтеріп. Оның асты шыңырау еді. Әділ хан сол шыңырауда жатыр екен. Сонда Қази айғайлайды:

—Жаныңыз бар ма, Әділ?—деп.
Сонда Әділ хан сөйледі:
—Жатырмын тірі мен,—деді,
Келдің бе, Қази, сен,—деді.

Сонда Қазиға қарындасы—Ханзия қырық құлаш жібек арқан берген екен. «Көкемнің, есін біліп, ер болып жеткелі, қолына жіп тиген жоқ еді. Енді мына жібек арқанды салып, көкемнің етін тасқа тигізбей, қауғадай тартып ала көр»,—деді. Сонда жібек арқанды құдыққа түсірсе, Әділдің қолында тоғыз кісен бар екен.

Сонда Қази айтты:

—Қайраттан дымың жоқ екен, тоғыз кісенді сындыра алмай, не қылып жатқаның?—деді.

Сонда Әділ айтты:

—Тоғыз кісенді тулап сындырып едім, енді мына тоғыз кісенді сындырсам қол-аяғымның сіңірі құрысып қалар деп, сындырмадым,—деді. Сонда Қази тоғыз кісенді қабатынан ұстап, басып сындырды да, «Мына менің күрең атыма мін»,—деді. Әділ Қазидың күрең атына мінбеді. Сол мезгілде бір қалмақ қасынан өтіп бара жатыр еді. Сонда Әділ жерден бір тасты алып, сол қалмаққа атып қалғанда, қалмақ ұшып түсті, Әділ хан соның атына мініп алды. Сонда он сегіз күн талқандап, Қондыкердің шәрін алады. Сонда Қази әлгі Әділді тауып берген қатынның сөзін ұмытып кетеді. Далада үш қонып, шығып, әңгімелесіп отырғанда, қатын сол жерге келеді. Сонда қатын Қазиғасөйлей береді:

—Дария тасса, сең бе еді,
Ерлер сөзін екі айтса,
Ол әйелмен тең бе еді?!
Қазидайын сұлтаным,
Мен қасыңа ергенде,
Әділдейін хандардың
Жатқан жерін көргенде,
«Осы жерде» деп, кеп жылап,
Бір төмпекке келгенде,
Тілеп едім мен сенен,
«Берерсің тілек»,—деп едім.
Келе жатқан бұл асыл
Ежелден артық ел едің.
«Уәдесінен ер таймас
Бір айтқасын» деп едім,—

дейді. Сонда Қази орнынан ұшып тұрып:

—Қанша дүние керек? Қанша көлік берейін? Қанша азық керек? Осы жерде бәрін тауып берейін,—деді.

Сонда әйел:

—Жүрісі тыныш жорға бер,
Жүрсем, тыныш өзіме.
Бір жүйрік ат тағы бер,
Жау көргенде, өзімді,
Жеткізбей тұрып, асайын.
Қырық құлаш арқан бер,
Шыңырауға салайын,
Суын тартып алайын.
Бір айлық азық беріңіз,
Жолдас алып, не етейін,
Көріп келген жерім ғой
Адаспай-ақ жетейін.
Өз еліме барайын,
Тәуекел етіп қарайын.

Сонда Қази қатынға шаппайтын жорға, жер басқаннан қалмайтын жүйрік береді. Қырық құлаш арқан, бір айлық азық береді. Қатын атына мініп алып, сөйлейді:

—Қази, асыл ер,—деді,
Қош, аман бол сен,—деді.
Қабыл болды-ау тілегім,
Кірді-ау,—деді,—реңім.
Атқа мініп алғасын,
Жарылды-ау менің жүрегім.
Алыс болса, кетейін,
Жақын болса, жетейін.
Ұлы-кіші жамағат,
Сау-саламат болыңыз,
Енді мұнан артық не етейін?!
Ол екі айлық жер еді—
Әділ ханның ордасы
Сарыат деген көл еді.

Тағы оқыңыз