Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (4-бөлім)

Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Қайран ағам, өзіңдей
Екеуіңнен айрылсам,
Алтын басым күң болар,
Жібек шашым жүн болар.
Екеуің кетсең далаға,
Елсіз ерге тұл болар.
Біз секілді бір бейбақ
Екі ананы баға алмай,
Құл ішінде қалғасын,
Біздей сорлы оңа алмас.
Қибат бір сонда қарады,
Тарланға мініп алады,
Шабуылды салады.
Қарасайдың артынан
Тарланмен жетіп барады.
Түсе қалып Тарланнан,
Қарасайға жақындап барады.
Қарасай жерден кесекті
Жұмыртқадай алады.
«Енді сені көрмен»,—деп,
Аттың басын тартады.
Етегінен ақ Қибат
Қарасайдың ұстап алады.
Көзінің жасы төгіліп,
Жылай берді егіліп:
—Айналайын, жан аға,
Үш айналып болайын,
Көке, сенен садаға!
Адам шыдап тұрар ма
Бірге туған ағаға?!
Жамандыққа қимадым,
«Тоқсан баулы ноғайдың
Кімнің алыс, жақынын,
Кімнің жақсы, жаманын
Қайран көкем білсін»,—деп.
Мініп кет, көке, Тарланды,
Артыңнан алып мен келдім.
Сексендегі Көкшеге,
Неке қыл да, беріп кет,
Өз қолыңнан беріп кет.
Жалған емес бұл сөзім,
Бір болмақта қатыны он болсын,
Көке, саған жол болсын.
Айрылып сенен қалғасын,
Өртеніп ішім, жанбай ма,
Көрінген көзін салмай ма?!
«Жетім қалған қаншық» деп,
Мазамды, көке, алмай ма?!
Жібермеймін мен,—деді,
Өлтірмесең сен,—деді.
Мынау тұрған Тарланды,
Егізім болсаң, мін,—деді.
Қарасай сонда қарады,
Қибатқа көзін салады,
Айнала тұра қарады.
Ақ жүзінен бір сүйіп:
—Айналайын, қарағым,
Жылама, Қибат, сен,—деді,
Жаяу жүрме, кел,—деді.
Мінгесейін мен,—деді,
Барайық елге, кел,—деді.
Тірі болсам дүниеде,
Сексендегі бір шалға
Бере алман мен,—деді.
Тарланға мініп, Қибатты
Ордаға әкеп түсірді.
Тарланға мініп ол кетті,
Кешегі кеткен әскердің
Әділдей сұлтан хандардың
Артынан қуып ол жетті.
Қасындағы жолдасы
Сексендегі Көкше еді.
Сонда келіп ақ Қибат,
Көкше шалға сөйлейді:
—Тоқсан баулы ноғайлы,
Байтақ жатқан ел едің.
Сол елдердің ішінде
Тұқымы асыл ер едің.
Қази менен Қарасай—
Орақтың екі баласы-ай.
Жақынырақ келіңіз,
Менің сөзім тыңдаңыз,
Қарекем «берем» дегесін,
Сізге келдім мен,—деді.
Асыл киім менде жоқ
Үстімізге киерге.
Сізге келдім, ер Көкше,
Қатарыңда жүрерге.
Бізде мінер көлік жоқ,
Болар ма жаяу ерерге?!
Сонда Көкше сөйледі
Қибаттайын балаға:
—Қибат, бері кел,—деді,
Қияметтік өкіл бала бол,
Алмаймын сені мен,—деді.
Іркілмейді ақ Қибат,
Жақынырақ келеді.
—Қиямет күн болғанда,
Жалғасалы иманнан,
Шырағым, жақын келші,—деп,
Ұстай алып қолынан,—
Қияметтік қолдасқан осылай,—

деп, Қибаттың қолынан ұстап, жіберді. Сонда үйден Қази жүгіріп шығып, Көкше шалды ұстай алып:

—Артық туған ер,—деді,
Түспей кетпе сен,—деді.
Қонақасы берейін,
Батыр, сізге мен,—деді.
Көкше түсті, батыр-ай,
Іркілсін бе, япырай,
Қонақ болып, Қазимен
Бір күн, бір түн отырды.
Бір сандық алтын бар еді,
Ішінде бір тон бар еді,
Көкшеге сыйға береді.
Алтын тонды алғасын,
Көкше атына мінеді.
Алмай кеткен Қибатты
Ол Көкшенің жері еді.
«Ер қадірін ер білер» деген
Бұрыннан қалған кеп еді,
Сол Көкшеден қалған сөз еді.
Қарасай мен Ер Көкше
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз мол ол жүрді,
Тоқсан күнде ол жетті.
Қалмақтың мықты қаласы,
Берік еді шамасы.
Қаласының мәнін айтайын:
Өзі мықты тамаша,
Айнала жатқан тау еді,
Арғы жағы ну еді.
Жалғыз аяқ жолы бар,
Онан құлаған адам
Орға жығылып өлуші еді,
Қорлыққа басы қалушы еді.
Орақ батыр жеті барып,
Жетеуінде де ала алмай келіп еді.

Тағы оқыңыз