Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (5-бөлім)

Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Әділ хан сұлтан қырық кісі әскермен Қондыкер деген қалмақтың шәріне барады. Сонда барғанда Әділ ханның аты орға құлап, өзі қолға түсіп қалады. Апарып зынданға салады. Қол-аяғына тоғыз кісен салады. Оны тулап сындырам дегенде, қол-аяғының терісі түсіп қалған. Және тоғыз кісен салған екен. «Енді қолымның сіңірі үзіліп қалар» деп, оны сындырмаған екен. Сонда Әділ хан сұлтан отырған зынданның ішіне бір қарлығаш келіп қонады. Әділ сұлтанның үйінде қалған жеті жасар Ханзия деген қарындасы бар екен. Соған хат жазып: «Мен зынданға түсіп қалдым, мені құтқарып алатын тоқсан баулы ноғайда ешкім жоқ. Орақ қияметтік досым еді, оның жеті жасар баласы Қази қалып еді. Тірі болса, қарындасым Ханзия іздеп тапсын»,—деді де сол хатты қарлығаштың қанатының астына қойып ұшырып жібереді. Бір күндері Ханзия есіктің алдында отырғанда тізесіне бір қарлығаш келіп қонады. Сонда Ханзия қанатын сипап еді, қарлығаш қанатын жазғанда арасынан бір хат түседі. Ханзия хатты оқып, жылай береді. Сонда шешесі көріп: «Таң атпай неге жылайсың, оразаңды ашпай?! Жалғыз ағаң жауға кетті, жамандық болар, жылама»,—дейді.

Сонда Ханзияның шешесіне жылап айтқаны:

—Айналайын, анажан,
Суалған емген мамажан.
Жау қолында қалыпты
Әділ де көкем—ағажан,
Зынданға кәпір салыпты.
Қол-аяғын кісендеп,
Бұзылғансын оның мүшесі,
Қарлығаштан жазған хат.
Көкемнен жазған хат келді,
Ішінде Қази деген ат келді,
Көкем бір сәлем айтыпты:
«Тоқсан баулы ноғайда
Құтқарып алар адам жоқ»,—депті.
Досы бар Орақ деуші еді,
«Сол Орақтың баласы—
Жеті жасар Қазижан,
Соған хабар сал,—депті.
Тірі болсаң, Зияжан,
Ат жетелеп бар»,—депті.
Айналайын, шешеке,
Хан ордасын қайдан табайын,
Қаңғырып қайда барайын,
Құдай нашар қылғансын?!
Іні болып мен тусам,
Іздемес пе еді ағасын?!
Мен жыламай, не етейін,
Көкемнің естіп шамасын!
Алдымда туған аға жоқ,
Артымда тұрған іні жоқ,
Өзімнен туған бала жоқ,
Құдай нашар жаратты,
Қайрат қылар шама жоқ.

Сонда шешесі халыққа хабар жіберді: «Хан ордасын табатындарың бар ма?»—деп. Сонда жасы жетпіске келген ақ сақалды бір шал бар екен. Орақ пен Мамай бар заманда жеті жыл жылқысын баққан екен Хантөрткіл деген қалада. «Мен қартайсам да, табармын-ау,—дейді шал. Сонда шешесі Ханзиядай аруға күрең жорға ат берді. «Мынау ағаң қасыңа еріп жүрер, екеуің хан ордасын табарсыңдар,—деді. Сонда шешесі не түрлі мал, алтын беріп, қызы Ханзияны Қазиды іздеуге жіберді. Сонда он екі күн жүріп, Мұса ханның мекен еткен жеріне келеді. Сонда ноғайлылар той қылып жатыр екен. Сонда Ханзия да келіп қалады. Ноғайлар Ханзия қызды көреміз деп алдынан өріп жүріп, күледі.

—Хан кеткесін, Ханзия
Қаңғырып шыққан далаға,
Іздеп келген екен қалаға,—

деп, бәрі Ханзияға күлді. Сонда Ханзияның ноғайларға айтқаны:

—Жиналған, аға, ер,—деді,
Ұлы бір, кіші жамағат,
Бәріңе сәлем бердім мен,
Мен—Әділдің қарындасы-ай.
Көкем бір қалған кәпірде,
Жазылған бір хат келді,
«Қази» деген ат келді.
Ол Қази деген бар ма екен,
Ол қай жерде жүр екен?
Қатар тұрған теңімсің,
Көрмеген бұрын елімсің.
Көргенің болса, айтыңыз,
Қазидай туған баланы.
Құдай бір солай қылғасын,
Қыдырып шықтым, шыдамай.
Іздеп шықтым далаға,
Көкемнен жаным садаға!

Тағы оқыңыз