Қарасай, Қази (11-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сонда қалмақтар кеңес құрады. «Інісі Қазидың қайраты— мынау, бізді адам да демей, озып барады қалмаққа. Қой, енді біз Қарасайға бармалық» деп, кейін шабады. Батыр хан «Қази келеді»,—деген хабарды естіген соң, есіктің алдына екі қатар алмас, жеті қатар шеге қақтырды, болаттан жебе қақтырды. Кази бұлардың бәрін қиратып өтіп кетеді. Келгесін Қазидың айтқаны:
—Асыл туған, қалмағым,
Менің атым—ер Қази,
Мен—Орақтың баласы,
Көрейін деп мен келдім
Қалмақтың сондай шамасын.
Қапыл бір болма, қалмағым,
Жеңіл емес салмағым.
Қарасай, Қази бір тудық,
Орақ ханнан ұл тудық.
Шығып бір келдім Тарланмен
Алайын деп қалаңды,
Жылатуға балаңды,
Қиратуға еліңді,
Суалтуға айдын шалқар көліңді.
Мынау тұрған сен,—деді,
Тезден жауап бер,—деді.
Жауапты тез бермесең,
Әкетемін өзіңді.
Біздің дінге кірмесең,
Жұлып алып басыңды,
Қысқартармын жасыңды.
Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Асыл туған, Қази ер,
Бізге үш күн мұрсат бер.
Қол астымды хабарлап,
Ел-жұртымды жинайын,
Қазы менен төремнен:
«Бұл қалай?»—деп сұрайын.
Көнбеймін десе сіздерге,
Әскер жинап, алдыңнан
Әзірленіп тұрайын.
Қатты отырмын торығып,
Келгеніңнен қорқып.
Құрулы тұрған алмасты
Пытырлатып қираттың,
Бұтадайын көрмедің.
Құрулы тұрған жебені
Шегедейін көрмедің.
Берейін хабар мен,—деді,
Үш күн етші сабырлық,
Асыл Қази, сен,—деді.
Үйде қалған Қарасай,
Орақтың үлкен баласы-ай,
Ер екен ғой шамасы.
Мен ақылдан торығып,
Қатты тұрмын қорқып,
Бір пәлеге жолығып,
Берсең мұрсат сен,—деді,
Тұр едім жалғыз мен,—деді.
Сонда бір Қази ер еді,
Үш күн мұрсат береді.
Тұра кейін шегініп,
Атына мініп жөнелді.
Сонда тұрып Батыр хан
Ер Қазиға сөйледі:
—Асыл туған ер Қази,
Жылдам елге кет,—деді,
Қарасайға жет,—деді.
Үстіне киер алтын тон
Қарасайға берейін,
«Алтын тонды кисін»,—деп.
Астына мінер жорға ат
Қарасайға ала кет.
Ат басындай алтынды
Сыйлыққа тағы берейін,
Қарасай деген ер,—деді,
Апарып соған бер,—деді.
Келмесін мұнда Қарасай,
Апарып сен бер,—деді.
Кете көр енді сен,—деді,
Кете көр енді сен,—деді,
Мұсылман болдым мен,—деді,
Қази алып жөнелді.
Қара жорға ат пенен
Алтын тонды алады,
Ат басындай алтынды—
Үшеуін алып ер Қази,
Қарасайға апарып береді.
Бір күндері болғанда,
Қази еліне келеді.
Сонда Қазидың ағасы мен шешесіне айтқаны:
—Айналайын, шешеке,
Ноғайлы деген ел еді,
Етек-жеңі кең еді.
«Орақ пенен Мамайды
Сен тумадың»,—деп едің.
Сегіз-тоғыз жасымда
Батыр хан елін мен көрдім,
Қалмақ деген ел көрдім,
Неше мықты ер көрдім.
Үйде қалған Қарасай,
Бұл да—Орақтың баласы-ай.
Мінетұғын аты жоқ,
Киетұғын киімі жоқ,
Сатайын десе, тиыны жоқ,
Жарлылықтан басқа көрер күні жоқ.
Қарасай деген ер еді,
Болмас па екен тең!—деді.
Үйде қалған Қарасай
Мінуге бердім сыйлық,—деп.
Қалмақтың алдым қаласын,
Мұсылман қылдым баласын.
Біз секілді ноғайдың
Бар ма екен, шеше, шамасы?!
Сонда кемпірдің Қазиға айтқаны:
—Айналайын, қарағым,
Орақтан қалған тұяғым,
Сау-саламат келдің бе?
Асылдан қалған, сұңқарым,
Шаршамай жүріп келді ме
Астыңдағы тұлпарың?
Ақылы көп тірегім,
Қалмақтан алдап ел алдың,
Не деген артық сен деген.
Ақылға толған, молығып,
Тоқсан баулы ноғайдың
Жоқ еді бұрын кек алған.
Асыл туған баласың,
Алдың ба қалмақ қаласын,
Көрдің бе жаудың шамасын?
Артық туған сұңқарым,
Айналайын, қарағым,
Қайғы етпей бола ма
Орақтан қалған балаға?
Белгілі туған ер еді
Мынау тұрған Қарасай,
Сен бір қалған тұқымды-ай,
Үндемейтін ер едің.
Орақтың айтқан сөзі еді:
«Асылым болар қарағым—
Қазижаным»,—деуші еді.
Ризамын Аллаға,
Тапсырдым Аққа мен,—деді.
«Қази мен Қарасайдың» біткен жері осы еді.