Нұрадын (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу
Сау-саламат келеміз,
Оңғарып Алла жолымыз.
Оңғарылып жол болды,
Сапарымыз оң болды.
Жапанда кеткен дара едім,
Жалғыз кеткен жан едім.
Алла оңғарса сапарды,
Кімнен зарар болады?!
Анасы сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй деді:
—Айналайын Нұрадын,
Құдайдан сені сұрадым.
Жапа-жалғыз кеткесін
«Перзентім не ғып қалар?» деп,
Әрбір күнде жыладым.
Ризамын Аққа, бергесін!
Шүкір етем Құдайға
Сұңқарым ұшқан қонғансын.
Кірді-ау балам реңім,
Жарылды енді жүрегім.
Сау-саламат келдің бе,
Перзентім, енді сен,—деді,
Ризамын бір Аллаға-ай!
Нұрадын таққа мінеді,
Осы келген сапарда
Мерекелеп, той қылып,
Жинады ноғай базарлап.
Сонда тұрып Нұрадын
Ноғайға жауап береді,
Таққа мініп алғасын:
—Астана халқым, ел,—деді,
Енді қайрат етейік
Етірек пен Күргенге
Алла оңғарса сапарды,
Сол жерге таман барамын.
Қызылбас деген—байтақ ел,
Бер жағында мекендеп,
Ерсарыдай халықтың
Баян қылған дөңі еді.
Қарамая шың еді,
Толағай жері бұл еді.
Қарашың деген бір түзде ол
Қарауылға шыққан жер
Қызылбастың бұл,—деді.
Сол жерде салған қаласы,
Көп,—деді,—бұның шамасы.
«Сол заңғарда қалар»,—деп,
Қауіп етіп мен тұрмын.
Бұл ноғайға аттанған
Қызылбас—байтақ ел,—деді,
Бәрі бірдей ер,—деді.
Алыс емес ол өзі,
Тек бір елу күндік жол,—деді.
Сол елге таман барайық,
Шығарып арман қарайық,
Сөйтіп, жерін алайық.
Бер жағында тағы бар
Кеңарал деген бұл дала.
Елі бір әне, оңаша,
Жері жақсы, тамаша.
Ар жағында қара тау
Қызылбастың көп еді.
Оңғарса Құдай сапарды,
Он бес күнде кетемін,
Бір тәуекел етемін.
Ындыстың алдым каласын,
Қызылбас деген халықтың
Көрейін дағы шамасын.
Тапсырып Аққа кетемін
Көп ноғайдың баласын.
Үндемеді ноғайдың
«Барамыз» деп біреуі.
«Жауыма барам» деген соң,
Ақ сақалды қарттардың
Нешесінің кетеді,
Түсі қашып, реңі.
Қалып, олжа алғандай,
Біреуінің ойы жоқ
Мұнымен бірге барғандай.
Ноғайлының бір қатары
Сонда жауап сөйледі:
—Әй, Нұрадын, Нұрадын,
Жиналып тұрған ноғайдан
Мұның несін сұрадың?!
Ноғайдың жері кең,—деді,
Бетегелі боз бұйрат
Бұл бір жақсы жер,—деді.
Бұған сыйып жатыр ғой
Байтақ ноғай ел,—деді.
Қызылбас түгіл, келмейді
Бұл жерлерге қалмақ та.
Бұрынғы өткен ерлерден
Талайы батырған бармақты.
Ноғайлы деген ер атым
Қаншадан болған салмақты.
Қызылбас пен ындысты
Қашырған талай ер еді.
Бұл қызылбас пен ындыстың
Келмейтұғын жер,—деді.—
Атаңнан алдың тағынды,
Көтерді Алла бағыңды.
Едіге сұлтан ер еді,
Талай жауды қашырған
Ақ сүйек, асыл төре еді,
Онан туған сен,—деді.
«Барамыз» деп айтпады
Көп ноғайдың біреуі.
—Не келеді қолымнан?
Қара сақал ақ болып,
Бір қураған шал—мен,—деді.
Сонда Нұрадын сөйледі:
—Астана халқым, қашаннан
Бақытың артық жасалған.
Атамыз еді Едіге,
«Шаш ал десе бас алған»,
«Дұшпанға кегім кетер,—деп,
Үстімнен дүбір өтер,—деп.
Қалмақ пенен қызылбас
Жетелеп бала кетер»,—деп.
Онан туған мен,—деді:
Отырып үйде, не етейін,
Тәуекел, жолға кетейін.
Қызылбас деген—байтақ ел,
Кеңітуге сол жерді,
Шамам келсе, жетейін.
Жалғыздың жаны—бір Құдай,
Аршылан хандай еріміз.
Баба түкті шашты Әзіз—
Керемет қонған піріміз,
Әуелі Алла оңдаса,
Екінші сүйен пірлерге.
Көкірекке ой түсті:
«Барайын деп, күйзеліп,
Көрмеген енді жерлерге.
Ерсарыдай ерлердің
Мекен қылған жері екен,
Ол да байтақ ел екен.
«Қызылбастың Шаппаз хан
Барайын деп ойладым».
Бір айға нағыз толғасын,
Аттың құлқын табулы.
Тарқастан қайтып келгесін,
Жерден шөпті үздірмей,
Сусынына сүт беріп,
Шекер менен бал беріп,
Әрбір тәтті дән беріп,
Тигізбей желді бетіне,
Баққан екен шұбарды.
Тиер деп қатты етіне
Мақпал жапты үстіне.
Шығарып алып шұбарды,
Алтын қазыққа байлайды.
Жарыққа шығып алғасын,
Қырық құлаш шылбыры
Арқанда тұрып ойнайды.
Төбедей болып бұл жолы,
Тартылып іші жүреді.
Тұрушы еді жануар
Неше жылдай байлауда,
Шыр көбелек шабады
Қазығынан айналып.
Сәрсенбі күні болғанда
Өзі келіп Нұрадын,
Шұбарды сонда ерледі.
«Ері кейін кетер» деп,
Омырауға салды омырауша,
Артына салды құйысқан.
Нұрадынмен жоқ еді
Атадан бірге туысқан.
Керегеде көк жебе
Ер басына іледі.
Едігенің көк алмасын
Беліне мекем буады.
Үстіне киіп ақ сауыт,
Шарайна белге байлады,
Жүруге жөнді сайлады.
Үй сыртында көк сүңгі
Белдеуден алды суырып.
Атасы шығып, бұл келді
Қоштасуға жүгіріп:
—Айналайын, шырағым,
Естісін сөзді құлағың.
Ноғайлы сынды еліміз,
Үшқияндай жеріңіз.
Саламат қайтар күн болса,
Көп кешікпей, перзентім,
Елге қарай жүріңіз.
«Қызылбас деген осал»,—деп,
Төңірегін аңдыңыз.
Шаппаздайын қызылбас
Ханын жақын алыңыз,
Шаппаздың салған шәріне
Әуелі тура барыңыз.
Жансыз жіберіп, ел бекіп,
Қызылбас залым қоймасын.
Ұстадың найза қолыңа
Қыдыр ата жар болсын,
Қырық шілтен қолдасын,
Аршылан болсын жолдасың.
Тапсырдым Аққа мен сені,
Оң болсын жолың, ер,—деді.
«Шаршап атам қалар» деп,
Ойлама, батыр, сен,—деді.
Аттың бабы табылған,
Тұқымды жүйрік бұл,—деді,
Талай топта шабылған.
Нұрадын мініп алады,
«Жібер» деп басын жануар,
Сілкіп-сілкіп алады.
«Тапсырдым,—деп,—Аллаға»,
Нұрадын кетіп барады.
Нұрадындай еріңіз
Аяңдамай желеді.
Диірменнің тасындай
Дөңгеленіп келеді.
Арандай аузын ашады,
Құлағын тігіп қайшылап,
Келе жатыр дөңгелеп,
Омыраудан тері тамшылап.
Найза бойы жар келсе,
Кідірмей, қарғып асады,
Тасып жатқан су көрсе,
Қысылып, онан саспайды,
Киіктей орғып аттайды.
«Жануар осың жақсы-ау»,—деп,
Жалғыз өзі келе жатып,
Нұрадын атын мақтайды.
Күн бір айға толғанда,
Нұрадын сонда сөйлейді:
—Екпінің күшті дауылдай,
Баласы жылқы болар ма
Бұл секілді шұбардай?!
Жар болып Жаппар Құдайым,
Өзіңнен басқа пана жоқ,
Іні менен аға жоқ.
Ноғайлы шіркін ел ме еді,
Біреуі ермей қалғаны
Ноғайлының жөн бе еді?!
Аршылан, жәрдем бере көр,
Рүстем, Дастан ер едің,
Шақырдым, ерлер, келе гөр!
«Аршылан» деп ат қойған
Бір Алланың өзі еді,
Аршылан, жәрдем бере көр.
Бір адам қатарыма ермеді,
Мені «адам» деп көрмеді.
Артық туған Шұбарым,
Осы жауды мен алсам,
Тарқар еді-ау құмарым.
Алармын деп келемін,
Шаршамаса Шұбарым.