Нұрадын (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу
Жинаулы тұрған бағында
Бір мың кісі құлы бар.
Үндемепті Шаппазың,
Атқа мініп алғасын,
Әскерге айғай салады:
—Аттаныңыз енді,—деп,
Дұшпан елге келді,—деп.
Сонда шалға сөйлейді,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Жасың үлкен шал,—деді,
Қай жақтан келді жау?—деді,
Айтшы маған сен,—деді.
Сонда шалың сөйледі:
—Халық ұстаған ханымыз,
Артық туған нарымыз,
Қызылбас деген елдерде
Ақылы көп барымыз.
Дария тасса, тоқтатқан
Белгілі қызыл жарымыз.
Темір қазық жағынан
Келіп қалды-ау жауымыз.
Қалаға жақын таянды
Хабар келді, шақырып,
Балалар келді жүгіріп.
Сермеп жатыр найзасын,
Көп екен оның айласы.
Сізге хабар бергенім—
Бұл халықтың пайдасы.
Көрдім,—деді,—қарасы-ай,
Найзаны салды, қарамай,
Азды, көпті санамай.
Жалғыз барма, қарулы
Әскермен бар, қарағым.
Тігулі тұрған ағаш үй
Қасынан өтіп шабады,
Қирасын деп, ол үйді
Қылышпенен шабады.
Талқан болып талайы
Ағаш үйдің қалады.
Қиратып үйді шапқылап,
Батыр кетіп барады.
Нұрадындай батырың
Аттың басын бұрады.
Айғай даусын естігесін,
Кідіріп батыр тұрады.
Айғай даусы, шабуыл,
Шулағанды көргесін,
Астына мінген шұбар ат
Көкке қарап қарғиды.
Сонда Шаппаз келеді,
Келе тұрып сөйлейді:
—Мінген екен шұбарды-ай.
«Жау» дей ме екен бұларды-ай?
Қасындағы жолдасқа
Шаппазың сонда ақырды:
—Алып таста басын,—деп,
Алып келші атын,—деп,
Мұның ісі болмас мақұл,—деп,
Бұл бір қаңғып жүрген пақыр,—деп,
Бұл болған шығар ноғай,—деп,
Өлтіруге оңай,—деп,
Мұның емі солай,—деп.
Сонда Нұрадын сөйледі:
—Менің елім—ноғай,—деп,
Қызылбас деген халық
Алуға бізге оңай,—деп.
Іздеп шықтым қалаңды
«Көрейін,—деп,—шамаңды».
Шеттен келдім қалаға,
Күшті болсаң, қашпаңыз
Қаңғырып енді далаға.
Қолыңнан келсе хабары,
Қызылбас халқым, аяма.
Шаппазың сонда ақырды,
Әскерлерін шақырды,
—Кесіп басын алың,—деп,
Әр жапырақ етінен
Кесіп, итке салың,—деп.
Қызылбас біткен жапырды,
Нұрадындай батырың
«Алла!»—деп ұран шақырды.
Найзағайдай жалтылдап,
Қызылбастың үстіне
Қылыш тиді жарқылдап.
Шаппаз хан қашып кетеді,
Қашып кетті далаға,
Көрінбеді қараға.
Неше күндей соғысты,
Тарылды қызылбас тынысы.
Бұл шәріден шығармай
Қызылбасты қамады.
«Бұл қай жаққа кетті?»—деп,
Төңірекке көз салып,
Шаппаз ханды қарады.
—Қайда да болса, шап,—деді,
Көп кісінің ішінен
Шаппазды іздеп тап,—деді.
Егер оны таппасаң,
Өлесің енді кешікпей,
Ай, қызылбас, сен,—деді.
Сонда қызылбас сөйледі:
—Асылың артық ер,—деді,
Сілтейін жөнін мен,—деді.
Жеткізбейді-ау Шаппаз хан,
Қалың қамыс ішінде
Сізден қашып жатыр ол.
Нұрадын сонда қамысқа
От жіберіп өртеді.
Қамысқа от тигесін,
Шаппазың шығып жөнелді.
Жанған қамыс ішінен
Көрінді сонда қарасы,
Алыс екен арасы.
Артынан қуды Нұрадын
Жетейін деп қараға.
Аттың басын жіберіп,
Шаппазың кетіп барады
Артына сорлы қарамай.
Дауыс жетер болғанда,
Нұрадын:—Тұр!—деп ақырды.
Шаппазың сонда кідірді:
«Енді қашып болмас,—деп,
Қашқанмен де қоймас»,—деп.
Артынан жетіп Нұрадын,
Шаппазға сөйлей бастады:
—Әй, Шаппазым, сен,—деді,
Сөзіме құлақ сал,—деді.
Өлтіремін мен,—деді,
Өлесің енді сен,—деді.
Сонда Шаппаз сөйледі:
—Нұрадын артық ер,—деді,
Кідірдім саған мен,—деді,
Келдің жетіп сен,—деді.
Астыңа мінген Шұбарың,
Неше күндей соғысып,
Тарқады ма құмарың?
Керегіңді сен сұра,
Елде болса, берейін,
Қасыңа еріп жүрейін.
Бұл халқымда жоқ болса,
Іздеп қайдан табайын?!
Біз қызылбас болғанмен,
Ар жақ дініміз жақын ағайын.
Не қылса да, өлем ғой,
Бір мүддемді айтып қалайын.
Сонда Нұрадын сөйледі:
—Шаппаз деген хан,—деді,
Айтқан тілімді ал,—деді.
Тілімді егер алмасаң,
Өлтіремін мен,—деді.
Ол—Мұхаммед үмбеті,
Бұл біздің дінге кір,—деді.
Біздің дінге кіргізбей,
Қоям ба сені мен,—деді.
Сонда Шаппаз сөйледі.
—Кірейін дінге мен,—деді,
Көп қырылды ел,—деді.
Іслам діні көп жақын—
Шаппаз хан еріп бұл келді
Нұрадынның қасына.
Шаппаздың еліне келгесін,
Жұртын жинап, шақырды.
Ортасына жиналып
Қызылбас халқы тұрады.
Сонда Шаппаз сөйлейді:
—Қызылбас халқы, бәріңіз,
Нұрадын дініне кіріңіз.
Егер дінге кірмесең,
Осы жерде жауап бер,—деді.
Сонда жиналған Қызылбас
Шаппаз ханға сөйледі:
—Шаппаздайын ханымыз,
Кеудедегі жанымыз,
Қызылбастың ішінде
Белгілі болған барымыз,
Бұйырсаңыз, сұлтаным,
Әр іске де көнеміз.
Іслам діні көп жақын,
Оған қатты көнеміз.
Осы отырған жамағат
Хош аламыз біз,—деді.
Сонда Шаппаз патшаңыз
Нұрадынға жақын келеді,
«Бер»,—деп, қолын алады.
—Көндік сізге біз,—деді.
Іслам—жақын дін,—деді,
Көндім артық ер,—деді.
Дінге бағи болғаным.
Батыр, қолың бер,—деді.
Шаппаз ханың үйіне
Нұрадынды шақырды.
Шақырып барып үйіне,
Бек жақсылап сыйлады.
Үш күн қонақ қылады
Қасына еріп жүреді.
Шаппайтұғын бір жорға ат,
Алтыннан тонды кидірді
Шаппаздайын ханыңыз.
Нұрадынмен екеуі
Қияметтік дос болып,
Нұрадын қайтып еліне,
Өзінің барды жеріне.
Дұшпан кейін шегінді,
Қалмақ пенен ындыстың
Шекарасы ашылды.
Жас басынан кек алған
Нұрадын сондай бала еді.
Елге жетіп келгенде,
Алдынан шығып анасы,
Нұрадынға сөйледі:
—Келдің бе аман, шырағым,
Жолдассыз кеткен дарасың.
Көрдіңіз бе Шаппаздың
Мекен еткен қаласын.
Айналайын, қарағым,
Атаға тартып туғаның,
Атаның жолын қуғаның.
Ер белгісін еткенде,
Жапанда жалғыз кеткенде,
Не ғып едің, қарағым?
Сау-саламат келдің бе,
Арымай-ашпай сен?—деді.
Риза болдым Алланың,
Қарағым, еткен ісіне,
Қабыл екен тілегім,
Жаңа кірді реңім.
Сен кеткесін ол жаққа,
Артыңнан туды бір бала,
Атын қойдым Мұса деп,
«Қарағыма ұса»,—деп.