Нұрадын (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Екі айда жетер жер еді,
Санасам алпыс күн еді.
Жиырма күні қалғанда,
Бес күнде енді барайын.
Қызылбасқа барғанда,
Қайратыңды көрейін.
Шаппаздайын хандардың
Алсам деймін басын-ай,
Бара қалсам қасына-ай.
Сол сөзді айтып, Нұрадын жолда келе жатқанда, алдынан жиырма қара көрінеді.
Көлденең жатқан қара дөң
Қарамая деген шың еді,
Түсі қара тау еді.
Шыңға таман келгенде,
Биіктен шықты аз қара.
Нұрадын көрді алдында
Аздау болған қарасы
Алдынан шыққан аз кісі
Шабуылды салады.
Нұрадын да кідірмей
Алдынан қарсы барады.
«Барып қамап алайық,
Атын олжа қылып қалайық,
Елге қашып кетер,—деп,
Жалғыз жүрген қара»,—деп.
Қызылбастан шыққан ер еді,
Ол үйінде тұрғанда,
Бәрі бірдей сері еді.
Нұрадындай еріңіз
Ат құйрығын өреді.
Алыстан қара көргесін
«Жау болар» деп Нұрадын,
Қараға қарсы келеді.
Жиырма кісі—бұл өзі
Қарауылда жүр екен,
Бөлінбеді біреуі.
Жиырмасы да жапырып,
Нұрадынға келеді.
Сонда қызылбас сөйледі:
—Астыңдағы шұбарың,
Бар ма еді жауға құмарың?
Қазаға айдап сен келдің,
Өлімге айдап Құдайың.
Аты-жөнің білейін,
Өлімнен бұрын сұрайын,
Сұрамай, неге тұрайын!
Біз—қызылбас деген ел,—деді,
Етек-жеңім кең,—деді.
Қызылбастың ішінен
Әрқайсымыз бөлініп,
Елден шыққан ер,—деді.
Тірі тұрған күніңде
Жөніңді айтшы, жас бала,
Байқайын сөзің мен,—деді.
—Атаңа нәлет, қызылбас,
Асылымды сұрасаң,
Әз дінімді сұрасаң,
Іслам деген дін—деді.
Табымды сұрасаң,
Ноғай деген ел,—деді.
Іздегенім сұрасаң,
Қызылбастың Шаппазы
Көруге шықтым қаласын.
Білейін деп мен келдім
Шаппаз ханның шамасын.
Қызылбас деген сен бе едің,
Бәрің бірдей ер ме едің?
Кезектессең сен,—деді,
Жапыра бері, кел,—деді,
Жасқанбаймын мен,—деді.
Менің атым, сұрасаң,
Нұрадын деген ер,—деді.
Мекенімді сұрасаң,
Үшқиян деген жер,—деді.
Кеңаралдан өткенім,
Саған келіп жеткенім,
Атың басын тарт,—деді.
Хабарың болса тағы да,
Бар, бәріңе айт,—деді.
Нұрадын кейін шегінді,
Қу жебені қолға алды,
Атайын деп қозғалды,
Жебені тартып жіберді,
Атқан оғы өтеді,
Тоқтасын ба оларға.
Ар жағына өткесін,
Көлденең тұрған бір тауға
Оғы кіріп кетеді.
Оғының бар-ды қанаты,
Жалғыз емес ол оғы,
Толып жатыр болаты.
Шүу дегенде, жығылды
Қызылбастың бесеуі.
Найзасы жоқ, бар екен
Қызылбастың қылышы.
Бесеуі жерге түскесін,
Тарыла берді-ау тынысы.
Қанды көзі көргесін,
Қызылбас жаман торықты.
Он бесі қалды заңғардың,
Бір пәлеге жолықты.
Он төрті соғыс салады,
Біреуі кетіп шапқылап,
Шаппазға кетіп барады.
Қояр емес оны мұрсатқа,
Әрқайсысы қашады
Жалағыз-жалғыз далаға.
Бұрынғы қайрат болмады,
Қызылбас қалды пәлеге.
Ашылған екен арасы,
Ол сорлының көрініп,
Бара жатыр екен қарасы.
Көрінген қара кете ме,
Артынан қуып бұл жетті.
Қуып жетіп сорлыға,
Салып қалды найзасын,
Төгіліп қаны қалады,
«Хабарланып қалар»,—деп,
Нұрадын елге салады.
Шаппаз ханның елінің
Шетіне барып қалады.
Сонда бір шал көреді,
Араласты қара деп,
Шаппазға кетіп барады,
Алып барды хабарды.
Сонда шалың егіліп,
Көзінің жасы төгіліп:
—Ай, сұлтаным, сұлтаным,
Келдім сізге хабарға.
Қалаға келді бір қара,
Өзі ноғай—бұл бала.
Адамды іздеп табады,
Кез келгенді аямай,
Ақ найзасын салады.
Қапы қалма сіз,—деді,
Енді өлдік біз,—деді.
Шошып кетіп Шаппазың,
Үйіне қарай жүгірді,
Кіл темірден киінді.
Шаппаз ханның атына
Мінетұғын түрі бар,
Қайратының зоры бар.