Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аңшыбай (6-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 2 мин оқу

Сол секіді мал еді:
«Алыс жерге жетем,—деп,
Жауға шаппай, не етем?»—деп,
Құйысқаны шартылдап,
Ақ көбігі шалпылдап,
Жазылып, бүгілсе, жер бауыры,
Атыла қарғып, алқымдап.
Тұяғы тиген қара жер
Қалатұғын борпылдап.
Ақ сүңгісін қолға алып,
Келеді батыр толғанып.
Алыс жердің арасын,
Қаланың көрді қарасын.
Мекен еткен жері еді
Онда байтақ, қараса.
Ол да байтақ ел еді,
Қасында бар қырық келді,
Алдынан шықты Ақорал.
Қарсы келіп екеуі,
Сонда жауап береді.
Ақорал сонда сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Жапанда жалғыз дарасың.
Жарқыным, қайда барасың?
Астың мінген Қара атың,
Енді өліп қаласың.
Білмеймісің өзіңнің
Қайратыңның шамасын?!
Қай халықтың ұлысын?!
Енді жауап бер,—деді,
Ақ сүңгісін қолға алып,—
Өлтірермін өзіңді,
Келтіремін кезіңді.
Жұламын талдап шашыңды,
Қысқартармын жасыңды.
Өлтірермін өзіңді,
Оярмын екі көзіңді.
Қаңғырып жүрген сен ноғай,
Тыңда менің сөзімді.
Сонда Аңшыбай тұрып сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Ай, атаңа нәлет, ындысым,
Келдің жетіп сен,—деді.
Іздегенім сұрасаң,
Сендей ындыс жау еді.
Мен—Ноғайлы елінің
Елден шыққан ерімін,
Артық туған шерімін,
Асыл туған бөрісі едім,
Талай алдым қалмақты.
Астымдағы ала тай,
Жануарда қанат бар.
Енді қуып жетейін,
Қорамсаны қолға алайын.
Алмай қойман өзіңді—
Енді қанға малармын,
Басыңды кесіп алармын,
Қалаңа ойын салармын.
Қызыңды қатын етермін,
Шаһарыңды күл етермін,
«Жалғызбын» деп ойламан,
Сенімен ойнаман,
Жарағым қанға тоймаған.
Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Атаңа нәлет, құл ноғай,
Ақылың жоқ, көп ноғай,
Әскерің жоқ, қу ноғай!
Ақылыңның жоқтығы:
Бұл мезгілде келгенің.
Алармын басыңды мен,—деді,
Қиратармын сені!—деді.
Атып қалды үш оқты,
Атқан оғы өтпеді,
Көздеген жерге жетпеді.
Сонда тұрып долданды,
Басына киген телпегін,
Ашу қысып, қолға алды.
Анау тұрған, қарасаң,
Көкірекке жел кірді.
Аңшыбайдай батырың
Артық туған ер еді,
Жақын жетіп келеді.
Аңшыбай келді тебініп,
Қашатұғын ол емес,
Ындыстан қорқып, шегініп.
Қорамса деген оқ алды,
Қайраты ердің көп еді.
—Атамын сені мен,—деді,
Шыдамасаң, кел!—деді.
Сонда бір тұрып қарады,
Ол ындыстың ері еді,
Кеп бір қолды салады,
Жағадан ұстап алады.
Жағаласып, екеуі
Ат үстінде қалады.
Келіп тұрған көп қалмақ
Қайтадан кейін қашады.
Аңшыбайда жоқ серік,
«Тәңірі жәрдем берсін!»—деп,
Жан-жағына қарады.
Шамырқанып, шамданды.
Буырқанып, долданды.
Ол ындысқа қол салды,
Қисабы жоқ мол салды,
Жағасынан сонда алды.
Екі көзі қызарып,
Тұра алмады кідіріп,
Шамданғансын, бозарып.
Хан еді, ол қарысты,
Жағаласып қалысты,
Екі-үш күндей олар алысты.
«Жеңем!» деп бір-бірін,
Аямай найза салысты.
Аңшыбай қия барып тұра қап
«Байқайын» деп.
Болып отыз-қырық күн жүргендеріне,
Аңшыбай тұтқиылдан ойран салды.
Ындыстар жетіп келді айқай салып,
Жағадан ұстап алды, сонда Аңшыбай.
Жіберді қаһарланып қолын қағып,
Ындыстың айтқан сөзі сонда былай:
—Аңшыбай, ер екенсің сен-ай,—деді,
Жапанда тұрдым жалғыз мен-ай,—деді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз