Аңшыбай (7-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 1 мин оқу
Сұрасаң, алыс емес, елім жақын
Жау емеспін, дос болып кел-ай,—деді.
Бар еді ақ сүт берген менің анам,
Бар еді інім менен сендей ағам.
Қажырлы қайратыңа көзім жетті:
Келмейді Ноғайлыға менің шамам.
«Жалынса, жақсы кешер» деген еді,
Шын батыр әділдігін шешер деген еді.
Егер де тірі тастап, жанымды қисаң,
Сұраймын ата-анамның атынан үйімдегі.
Аңшыбай:—Баста еліңе,—сонда деді,
Не түрлі өнерің бар? Айтшы,—деді.
Осы жерде сөйлесең егер жалған,
Оярмын екі көзіңді, ойла!—деді.
—Біздің саған айтар сырымыз бар,
Қазулы терең жатқан орымыз бар.
Көлденең биік қорған жарымыз бар,
Бекіткен мықты қылып шегеміз де бар.
Сұрасаң, сексен қақпа қаламыз бар,
Қарулы қалың әскер панамыз бар,
Сұрасаң, елде жатқан төреміз бар.
Көретін енді сізді көзіміз бар,
Айтатын сізге, тақсыр, сөзіміз бар.
Мен дағы өзіңіздей азаматпын.
Шын достыға айтқанымды есіңізге ал.
Аңшыбай бұл кеңеске құлақ салды,
«Достық» деген тілегін қабыл алды.
Аңшыбай атқа мініп шыққасын,
Үш айда зорға жетіп өз еліне,
Келгесін, Аңшыбай халқын жиып қала салды,
Жиналып ноғай елі, хабар алды.
—Қалмақтың көрдім барып, қалаларын,
Жапанда жүріп жалғыз араладым.
Саны көп, сапасы жоқ ел екен ол,
Қайратын, қаруын да шамаладым.
Жауыңды жеңіп келдім алдарыңа,
Аман ба мал мен басың, балаларың?
Бармысыз сау-саламат елде, халқым,
Көтерді, әруақ қолдап, ноғай атын,
Аман ба мал мен басың, балаларың?
—Келдің бе аман-есен, ей жарқыным?
Дүниеде артық екен бұл ақылың!
Аңшыбайың осылай деп ел алдында,
Халқының орындалды аманаты.
Жиналып осылай деп алғыс айтып,
Риза Аңшыбайға болған халқы.