Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нұрадын (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 5 мин оқу

Едігенің баласы
Нұрадын деген ер еді.
Онға жасы толғанда,
Едәуір жігіт болғанда,
Едігеге келеді,
Келіп, кеңес етеді:
—Артық туған бабамыз,
Ақылға қамал данамыз,
Рұқсат болса, бабамыз,
Сөз сұрауға келеміз.
Рұқсат болса, айтайын,
Рұқсатсыз болса, қайтайын.
Сонда Едіге сөйлейді,
Сөйлегенде, бүй дейді:
—Перзентім, саған бермей, не етейін,
Алпысқа жасым толғасын,
Өзім егде болғасын—
Сақалым енді ақ болды,
Алпыс деген бұл заңғар
Келіп, бізге тап болды.
Сұрашы, балам, сен,—деді,
Айтайын жауап мен,—деді.
Сонда тұрып, Нұрадын
Атасына сөйледі:
—Жалғыз туған баламын,
Ағайын-туған шамалы.
Рұқсат етсең, жан ата,
Атқа мініп мен шығып,
Шамалы жерді қыдырып,
Ындыс пенен қалмаққа
Шығып, көзім салайын,
Мал бақпайын мен,—деді.
Мал соңында жалпылдап
Атқа мініп жүрмейін,
Жақсы-жаманды білмеймін.
Рұқсат болса, қарт баба,
Ындысты іздеп барайын,
Асылы кәпір ел еді,
Соған бір қайрат етейін.
Сонда әкесі сөйледі:
—Барарсың, балам, сен,—деді,
Жолдассыз жүрген дарасың.
Жақын емес бұл ындыстың қаласы,
Жүдә қашық арасы,
Тоқсан күндік жол еді.
Бұл ындысты сұрасаң,
Өзі мықты зор еді,
Қиындығы сол еді,
Бекітіп салған қаласы.
Келмей жүр еді оған
Талай барған ноғай, шамасы.
Ындыстың ханы—Тарқасты,
Тарқастың берік қаласы.
Келмейтұғын шамалы
Жанның оған шамасы.
Бір жағында бар оның
Жан жүрмейтін қалың құмдары,
Биік тау мен шыңдары,
Тоғайы қалың қамыс-ты,
Жете алмассың, балам, алысты.
«Пәленшенің баласы
Қаңғырып келді»,—деп айтар,
Тілімді алсаң, жан балам,
Қаңғырма жалғыз сен,—деді.
Сонда тұрып баласы,
Әкесіне сөйледі:
—Артық туған данасың,
Талайдың көрдің шамасын.
Тәуекелге болмайды
Ешкімнің, ата, шарасы.
Жақын болса, барармыз,
Алыс болса, жетерміз,
Тәуекел етіп Аллаға,
Не қылса да, қарармыз,
Рұқсат етсең сіз,—деді.
Талпынып тұр жүрегім
Баруға соған бір,—деді.
Сонда Едіге сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Баяғы мінген Шұбардың
Баласы еді Телшұбар,
Атасымен тең шығар.
Шауып малдан қалған жоқ,
Алдына жылқы салған жоқ,
Тек қанатты құс емес,
Ерге жылқы тұс емес.
Кетемін десең, сол атты
Бес-он күн байлаңыз,
Кең құрсағы тарылсын,
Ішіндегі жаманы
Ішінен түсіп, арылсын.
Жақсы етіп жемге байлаңыз,
Жақсы етіп атты сайлаңыз.
Жақсы үлкен ақсауыт,
Шарайна киіп сыртынан,
Дулыға киіп басыңа,
Балдағы алтын көк берен
Беліңе бекем буыңыз.
Жан көтермеген сұр жебе
Ер қасына іліңіз.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Ақ болаттан жасалған
Айыл тартпа бекітіп,
Омырауша мен құйысқан,
Атқа оңдысын салыңыз.
Жүреріңде, перзентім,
Бір айналып келіңіз.
Кімдер бар да, кімдер жоқ,
Сіз айналып келгенше,
Ат алып, біз мінгенше,
Жыға алып, басқа кигенше.
Ноғайлының ішінде
Шынжырлы тұқым аз еді.
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас.
Тарығатын күн болса,
Баба түкті шашты Әзіз,
Арғы атаңыз сол еді,
Кереметті пір еді,
Содан жәрдем тілеңіз.
Сонда тұрып баласы
Мінетін атын ерледі.
Баратын күнге тап болды,
Сонда келіп шешесі,
Тағы бір сөз сөйледі:
—Баласы ақ сүйектің сен-ау едің,
Сағынып сені туған мен-ау едім,
Жолдассыз жүресің жауға сен-ау,—деді.

Бұрын-соңды көрмеген
Алыс жолды баласың.
Алыс жолға шығасың,
Перзентім, қайда барасың?
Нұрадын сонда сөйлейді,
Шешесіне жауап береді:
—Сен едің туған анамыз,
Мен едім туған балаңыз.
Тәуекел етіп сапарға,
Оңғарса Құдай, барамыз.
Алыс емес, қашаннан
Ол шамалы жер еді.
Үш айлық жерді мекендеп
Тұрған ындыс елі еді.
Ындыстың көбі сол,—деді,
Есепсіз көп ел,—деді.
Тәңірі оңғарса, сапарды,
Алыс та болса, барармыз,
Тәуекел етіп қарармыз.
Атамыз Едіге еді
Сұр жебені сермеген,
Дұшпанға кегін бермеген.
Едігеден дыбыс шыққанда,
Маңайына ындыс келмеген.
Сол тұқымның баласын,
Тәңірі оңғарса, алармын.
Атқа мініп кетейін,
Көп кідіртпе, қарт ана,
Ірмеліп тұрып, не етейін!
Рұқсат алдым бабадан,
Шығайын деп мен тұрмын,
Мекен еткен қаладан.
Отыра берсем мен қорқып,
Ындыс пенен қалмақтан
Біреу келіп қалар,—деп,
Қатын менен балаға
Қиындық қатты салар,—деп,
Нұрадын сонда Шұбармен
Елден шығып барады.
«Алыс болса, алам,—деп,
Жақын болса, барам,—деп,
Шұбарға мініп жүреді,
Дөңгеленіп желеді.
Тоқсан күндік жер еді,
Арасы қалың құм еді,
Бер жағы биік дөң еді.
Сексеуілді бұл томар
Қалыңдығы сол болар,
Арасы байтақ шөл болар.
Құмға келсе, асады,
Құлаштап аяқ басады.
Терең суға келгенде,
Дариядан өктеп асады.
Жүрісін байқап қарасаң,
Шапшаңдығы көрінер
Таутеке мен бұландай.
Жаяуы жандай көрмеді
Киік пенен құландай.
Шаңын байқап қарасаң,
Шамалы жерде түтіндей.
Қайратты жылқы болар ма
Бұл секілді шұбардай?!
Екпіні күшті тасқасын,
Жан шыдай ма жүріске,
Аяғын сондай басқасын.
Шапшаңдығы осындай,
Ұшқан құстай атқасын.
Тоқсан күндік жер еді,
Сол шабыспен бұл жерге
Елу күнде келеді.
«Ноғайлы шіркін келер»,—деп,
Қарауылға ындысың
Елу кісі жіберді,—
Келген жауды бақсын,—деп.
Бірлі-екілі жау болса,
Кідірмей басын алың»,—деп.
Шыққан екен бұл жерге
Үш жүз елу кісі далаға,
Үш күндік жердің сыртында
Жатады екен қалмақтар
Елу-елуден бөлініп.
Нұрадын көрді бұлардың
Жүз қарадай шамасын.
Жалғыз қара көргесін,
Қалмақтар жақсы қуанды:
«Аламыз мұны енді,—деп—
Сорлы болған ерді,—деп,
Қаза айдап келді»,—деп,
Шабысты қалмақ бұл салды.
Жалғыз-жалғыз келмейді
Елуі бірден келеді,
Келіп қамап алады.
—Ындыс деген біз,—деді,
Барасың қайда сіз?—деді,
Өлтіреміз біз,—деді.
Сонда Нұрадын сөйледі:
—Атаңа нәлет, ындысым,
Асылымды сұрама,
Емеспін болат құрама.
Қолға алған жебедей.
Мен ындысты көрмедім
Етікке қакқан шегедей.
Әкем аты—Едіге,
Ежелден артық ер еді.
Сен секілді қалмақты,
Талай сойып жеп еді.
Менің атым—Нұрадын,
Асылымның несін сұрадың,
Тұрсың ба қамап, қалмағым,
Болмасын сорлы арманың?!
Сен қоралаған қой едің,
Мен ашыққан тарлан бөрі едім.
Нұрадын қолға сүңгі алып,
Қалмаққа қарай оңдалды.
Ашуланған зарпынан
Тер шықты ерден тамшылап.
Шұбарды салып жіберді
Ашуменен қамшылап.
Қаптай тұрған ындыстың
Үстінен қарғып асады.
Тұяғы тиіп басына,
Талай ындыс сасады.
Жығыла берді сор маңдай,
Ту сыртынан түйгенде,
Жығылмай сорлы не қылсын,
Өзіне найза тигенде.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз