Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аңшыбай (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 3 мин оқу

Сонда ноғайлар: «Мұны қайдан тапты екен?»—деп, таң қалады. Сол уақытта екі аққу да келіп қонады. Екеуі де әдемі қыз болды. Қыз болғанда, қызық болды. Әдемі жүзінің қыздары болған соң, ноғайлар, жиналып кеңес құрады: «Осы Аңшыбайды жоялық, осы екі қызды өзіміз алайық»,—деп сыбырласқанын екі қыз естіп отырып, сонда перінің бір қызы тұрып айтады ноғайларға:

—Ақылдарың қалай? Аңшыбайды өлтіріп, бізді алмақсыз, олжаға батып қалмақсыз. Тауды алып, үстіңізге тастасақ, өлтіреміз біз сізді,—деді.

Сонда ноғайлар жаман қорықты, сөзінен қыздың торықты. Зор мықтыға жолықты.

—Енді сізді айтпаймыз, отыра беріңіз. Аңшыбай төре, хан болады. үндемейміз сіздерге,—деді:

Асылдар келіп тұрады,
Аңшыбайдың қасына
Би мен бектер кеңес құрады.
Әртүрлі еткен талабын
Аңшыбайдың сұрады.

Сонда Аңшыбайдың екі қызды алған жері, тоқсан баулы Ноғайлы елінің шетіне көшіп барған жері.

Аңшыбай: «Қайта аттанам»,—деп кеңес қылған.

«Жалғыз қаңғырған қара басы»,—деп, қасына ешкім ермеген.

Аңшыбай мінді Қара атқа,
«Алыс жерге кетем,—деп,
Құба таудан өтем,—деп,
Орақшыға жетем,—деп,
Бармай жауға, не етем?»—деп.
Жапанға жалғыз кеткесін,
Батыр неғып шыдайды?
Астында мінген Қара ат бар,
Жануарда қанат бар.
Бес қаруы белінде,
Асынған бойда жарақ бар.
Жануар басып тұрмаған,
Ұшқан құстай зырлаған.
Төрт айлық жолдарда
Болдырып демін алмапты—
Кетеді алыс жерге аттанып.
Кезіккен жері
Аңшыбайдың сол еді,
Орақшының тұрған жері құм еді.
Қырық кісі әскермен
Қарауыл жүрген бұл еді.
Аңшыбайға кез келді
Орақшыдай қалмағың.
Орақшы келіп сөйледі:
—Жолдассыз жүрген данасың,
Жапанда жүрген дарасың.
Жолдасың жоқ қасыңда,
Жалғыздық, қайда барасың?
Атаң мен айтшы анаңыз,
Білейік сіздің шамаңыз?
Сонда Аңшыбай сөйледі:
—Руымды сұрасаң,
Дін мұсылман елі еді.
Тұқымымды сұрасаң,
Тоқсан баулы ноғайдың
Қырық таңбалы Қырымы,
Қырымның байтақ елі еді.
Менің атым—Аңшыбай,
Іздегенім сұрасаң,
Орақшы қалмақ қаласы.
Орақшының алуға
Іздеп шықтым қаласын,
Жылатуға баласын.
Көрейін деп мен шықтым
Сол қалмақтың шамасын.
Естимісің, қалмақ, сен?—деді,
Ат-жарағың бер,—деді,
Алмай кетпен мен,—деді.
Сонда қалмақ қолды салады,
Атайын деп баланы
Аңшыбайға оңдалды.
«Жеңемін сені!» деген соң,
Залым қалмақ долданды.
Орақшы мінген кер еді,
Тебініп қалмақ келеді.
Аңшыбай мінген Қара еді,
Қайраты атының бар еді.
Жасқанбайтын ер еді,
Қарсы келген қалмаққа
Аңшыбай да келеді.
—Бердім кезек мен,—деді,
Ата бер, қалмақ, сен»,—деді.
Атайын деп Орақшы
Сонда оғын жөндеді.
Қорамсаққа қол салды,
Есепсіз оққа мол салды.
Аңшыбайдың ішінде бар еді
Киген шарайна,
Сыртында бар-ды ақ сауыт,
Сыртында бар-ды шекпені,
Шекпеннің өтіп ар жағына
Оғы кетеді.
Бір атқанда, үш атты,
Үш атқанда, бос атты.
Ақ сауыттан өтпеді,
Онан арман кетпеді.
Сонда Аңшыбай тұрып сөйледі:
—Ай, қалмағым, сен,—деді,
Берсең кезек сен,—деді,
Енді атайын мен,—деді.
Сен—бір тұрған Орақшы,
Өлмеймін деп ойлама,
Меніменен ойнама.
Атыңның басын тарт,—деді,
Жолдасыңа қайт,—деді,
Арызың болса, айт,—деді,
Атамын енді мен,—деді,
Өлесің, қалмақ, сен,—деді.
Сонда Аңшыбай оқ алды,
Есебі жоқ мол алды.
Қалмақ тұрды қақшиып,
Жалмауыздай емініп,
Аңшыбай шықты тебініп,
Кекті ашу жанын кеміріп.
Орақшыдай Қалмаққа
Атқан оғы өтеді,
Іркілмей, дәл кетеді.
Ар жағында оқ барды
Үйілген топырақ құмдарға,
Атаңа нәлет қалмақты
Құмдай қылып ұндарға.
Қалмақтың қашты қарасы,
Бытырады қалмақтар
Кейіндегі шамасы.
Алды-алдына тарады,
Әлі қашып барады.
Артынан қуып Аңшыбай,
Жауына ойран салады.
Астына мінген Қара ат
Жер басқаннан қалмаған.
Жанында оның шар болат,
Сермесе, кеспей қалмаған.
Қалмақ сорлы кетем деп,
«Қалаға қалай жетем?»—деп,
Қашып еді жалбақтап.
Қалмақтың көрді қаласын,
Шулатты қатын-баласын.
Талқандады қаласын,
Шулатты оның даласын.
Сегіз күнге толғанда,
Күні біраз болғанда,
Жеңді қалмақ елдерін.
Сындырып, жықты белдерін,
Қалмақтың ойды көздерін.
Он алты күн болғанда,
Алады шауып өздерін.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз