Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нұрадын (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Қандары жаман сорғалап,
Алды-алдына қашады.
Сорлы маңдай қорғалап
Нұрадын шапты оларды.
Біреуі жоқ жоқ ындыстың,
Онан өлмей қаларға.
Қорыққанның зарпынан,
Әрбіреуі әр жаққа барады.
Нұрадындай балаңыз
Әрқайсысын қуады,
Ындысқа күндер туады.
Әрқайсысын бір түйіп
Желкесінен өтеді.
Жалғыздап қашқан заңғарға
Қуғаннан соң жетеді.
Оған жете алмаса,
Ат болып шұбар не етеді?!
Ұрыстың түрін көргесін,
Бірі қалмай қашады.
Біреуі кеткен қалаға,
Барамын деп хабарға.
Қалаға хабар келгесін,
Тарқастайын ханыңыз
Ындысты қоймай жинайды.
Жан-жағына салады,
«Ноғай келді»,—деп, хабарды.
Жиналған әскердің саны
Екі мыңға толады,
Ол да біраз болады.
«Қаптаңыз, ындыс, сен,—деді,
Алыңыз басын тез,—деді.
Мен ілгері барайын
Ол ноғайдың қасына-ай.
Бір қамыстай көрмеймін,
Барсам, қылыш сермеймін,
Қаңғырып жүрген ноғайды
Еш нәрседей көрмеймін.
Шыр айнала құрсаңыз,
Ортаға қамап алыңыз,
Басын кесіп салыңыз.
Екі мың кісі кәпір-ай,
Келе жатыр, апырай.
Астында мінген кер еді,
Алдынан шығып Тарқасың
Жапа-жалғыз келеді.
Қарсы келді Тарқасқа.
Тайсалсын ба Нұрадын?
Сонда қалмақ сөйледі:
—Астында мінген шұбарың,
Алайын деген бар ма еді,
Жазған сіздің құмарың?
Біз бір әскер ел едік,
Етек-жеңі кең еді.
Жапа-жалғыз бейшара,
Барасың қайда сен енді?!
Ындыстың ханы мен,—деді,
Әлек болма сен,—деді.
Қысқартпа, бала, жасыңды,
Тастатпа жерге басыңды,
Еш тимеймін мен саған,
Бере ғой түсіп атыңды.
Өзің болсаң ақылды,
Осы айтқаным мақұл-ды.
Көремісің әскерді,
Байтақ жатқан қол,—деді.
Екі мың кісі—бұл әскер
Бола ма саған ол?—деді.
Түсіп, атты бермесең,
Маңдайда бар-ды сор,—деді.
Сонда Нұрадын сөйледі:
—Әркімнің ісі, ойласаң,
Бір Аллаға аян-ды.
Сен қалмақтан қорықсам,
Бұл жерлерге келем бе?
Шығамын ба далаға,
Барамын ба қалаға?
Қолыңнан келсе, қыбырла.
Елден шыққан ер жігіт
Өлімнен қорқып, тая ма?!
Жәрдем берсін Аршылан,
Шаһимардан жар болып,
Жәрдем берген ер,—деді.
Жалғыз келдім ішіне
Көп ындыстың мен,—деді.
Баба түкті шашты Әзіз,
Қашаннан-ақ бабамсың.
Жер үстінде ит ындыс
Бар адамын жинады,
Бермеске қатын-баланы.
Тарқастайын қалмағым,
Қапы қалма сен,—деді,
Қозғаламын мен,—деді.
Жел каптады сонардай,
Қамшы салды шұбарға-ай,
Бола ма жылқы шұбардай?!
Қамап тұрған Ындыстың
Үстінен қарғып асады,
Ындысқа найза салады.
Жарағы қанға боялды.
Күні-түні................
Нобайлап қырды заңғарды.
Сермеген алмасы кесіп жүр
Домалатып басын-ай,
Сермей берді осылай.
Жер үстіне қараса,
Қызыл жоса қан болды,
Қырылып жатқан жан болды.
Тарқас қашып жөнелді,
«Шүу» дегенде керімен,
Өзінің келген жерімен.
Кеткен екен неше жан
Еліне хабар етем деп,
Қатын менен балаға-ай
Шұбырды қойдай, қарашы.
Бір мыңындай қырылды-ай,
Қырылған жаман бұрында-ай.
Тарқастайын ханыңыз
Өлгенді көріп сасады,
Жан тәтті екен, қарашы,
Еліне қарай қашады.
Тарқасты көзі көргесін,
Нұрадын оны қуады.
Қуып оны жетерге,
Жолықты Тарқас бетерге.
Ойлап еді ол жазған
Құтылып мұнан кетерге.

Айнала тұрып ханыңыз:
—Ноғайдың ері—сен,—деді,
Ындыстың ері—мен,—деді.
Қайтып едім еліме
Тағы да әскер аларға.
Кетейін енді мен,—деді.
Жалпақтама, ер болсаң,
Жекпе-жек кел,—деді.
Сонда Нұрадын сөйлей бастады:
—Жасқанбаймын мен,—деді,
Дәмең болса, кел,—деді,
Шұбарға салды қамшыны.
Екеуі сонда алысты,
Жағаласып қалысты.
Нұрадынмен екеуі
Ат үстінде алысты.
Нұрадын сонда алмасқа
Іркілмей қолды салады,
Суырып алмасты алады.
«Иә, Алла!»,—деп, ындыстың
Мойнына алмаспен салады.
Басы жерде домалап,
Ол ындыстың қалады.
Сала берді іркілмей
Ындысқа жақсы ойынды,
Көрсетті жақсы тойыңды.
Шамалы жері қан болды,
Көз көрмейтін шаң болды.
Тарқастайын ындыстың
Жетті қуып қалғанын.
Көріне қашқан ындыстың
Ешбіреуін қоймады,
Қарамады ындыстың,
Қаладан шығып, даласын.
Жақын жерде жинады
Қатыны мен баласын,
Неше күндей қамады.
Ашық жерді таба алмай,
Қамалып ындыс қалады.
Ындысты сонда қамады,
Қашқанын іздеп табады,
Жібермеді далаға,
Уақтарын жинап алады.
Тарқастың қызы Жәмілхан
Сонда жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
—Артық туған төре едің,
Асыл туған ер едің.
Атам Тарқас хан еді,
Ол ындыстың ішінде
Артық туған жан еді.
Толып жатқан ел еді,
Ежелден мекен қылған жер еді.
Ындыстың көрдің шамасын,
Жылаттың қатын-баласын.
Қатар жүрген тең едім,
Хан баласы мен едім.
Хабар бердім сіздерге,
Сүйегім қатар болғасын.
Хабар бердім өзіміз,
Көргесін батыр көзіміз,
Не қылса да, көруге,
Астана халық еліміз.
Талқандалды ындыстар,
Мекен қылған жеріміз.
Нұрадын сонда сөйледі:
—Еліңді жинап алайын,
Кеткені болса, қырайын.
Ындыс пенен ноғайлы
Емес, сірә, ағайын.
Ежелден-ақ кәпірмен
Мұсылманның жаулығы
Емес пе еді тағайын.
Қосылған болса егер де
Жұмыла халқың не қилы-ай,
Халқына хабар салайын,
Әуелі бір жеңіп алайын.
Ындыстар шығып, тарады,
«Қалған-құтқан бар ма?»—деп,
Нұрадын шығып тұрады.
Сегіз күндей шабуыл
Күні-түні салады.
Он күн нағыз болғанда,
Күн он күнге толғанда,
Айдады ындыс қаласын,
Ындыстың біліп шамасын.
«Біз мұсылман болдық»,—деп,
Астана халқы бағынды,
Нұрадындай хандардың
Шарасыз тілін алады.
Қасына алып құл-құтан,
Бірер мыңдай мал мен бас
Шетінен бөліп айдады.
Шарасы бар ма ындыстың
Шұбырып, соры қайнады.
Артық туған ер еді,
Еліне қайтып Нұрадын,
Жеңіп елін Тарқастың
Болғасын, еліне қайтады.
Күні-түні жол жүрді,
Дамыл алмай мол жүрді,
Алмады дамыл, «не етем» деп,
Асығып, елге жетем деп,
Түні-күні тең жүрді.
Алпыс күнде бұл жетті
Ол үш айлық жер еді.
Артында қалған секілді
Ата менен анасы.
Нұрадыннан басқа жоқ
Олардың туған баласы.
«Нұрадын келді»,—дегесін,
Естіген соң хабарға,
Кемпір мен шал ойланды
Алдынан шығып барарға.
Едіге сұлтан ер еді,
Оларды елден шығармай
Нұрадын өзі келеді.
Келгесін сөз сөйледі:
—Берейін сәлем, бабамыз,
Сау-саламат бармысыз,
Ата менен анамыз,
Астана халқым, бәріңіз!
Ындыстайын қалмақтың
Көрінер енді қарасы.
Келе жатыр шұбырып,
Бір қатар қатын-баласы,
Жинаған түлік қарасы.
Ісләм дінге бағынды,
Бұрынғы діннен жаңылды.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз