Аңшыбай (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 2 мин оқу
Сонда кәпір патшаның қызы келіп қонып, ана қызға айтқаны:
—Сен бір болсаң жолдасы,
Артықпын ба мен сенен,
Мен де қатар болайын.
Мынау тұрған Аңшыбай
Майданда жатқан ер екен,
Жақыны жоқ бір жалғыз,
Өзі бір пақыр жан екен.
Елсізде көріп жетімдік,
Тарыққан пақыр бала екен.
Артықпын ба сіздерден?
Атамның алтын қазынасына
Мен де қолды салармын,
Көп етіп алтын алармын.
Әкеліп берсем, мал болар,
Осының өзі—Аңшыбай
Ноғайлыға хан болар.
Астана халықты билеп,
Аңшыбай қалай кем болар,
Жақсылармен тең болар!
Екеуіміз бақыт алып,
Жолдас қылып алармыз—
Неше жыл болды жатқалы
Қара көрмей жүр екен.
Тигеніміз осыған
Екеуіміздің жөн екен.
Жақсылармен тең болса,
Майданда жатқан ер еді,
Кімнен кем болар?
Аңшыбай сонда мұңайды,
Жарлылық пен жалғыздық
Есіне түсіп, жылайды.
Екі ару бірдей дегесін,
Қайғы етпей, неғып шыдайды?
—Екі бірдей аруды
Бола ма бірден алуға?
Хан баласы біз едік,
Таза халық біз едік,
Жақсы жаман көрмеген.
Пақырдың біздей …
Енді қайтіп өлмеген?
Осылай деп қайғысын
Аңшыбай сонда сөйлеген.
Екі әйел тап келіп,
Батыр енді ойлайды:
—Қайдан іздеп табайын
Жас күнде жүрген елімді?
Екі бірдей данасың,
Патшадан туған баласың.
Біз секілді ғаріпті
Апарып, қорлап, не қыласың?
Екеуі сонда сөйледі,
Мұсылман, кәпір қыздары
Сөйлегенде не деді?
—Ай, Аңшыбай, Аңшыбай,
Дүние үшін тарықпа,
Мал үшін сен қамықпа
—Сені ел шетіне апарып қоярмыз, ертең барғасын. Еліңе барғасын ағайын-туғандарыңа: «Маған қатын алып беріңіз, тұрарға үй беріңіз, айдарға мал, ішерге тамақ, мінерге ат беріңіз»,—деп, халқың мен ағайындарыңнан сұрарсың. Олар айтқаныңа ере алмас, мал түгіл, нәрсе де бере алмас. Сосын сен бір төбенің басына екі ағаш қағып, басына жалау іліп, өзің ағаштың арасына отыр. Сол уақытта аспаннан біз ұшармыз. Ұшып жүріп, бір қарайған нәрсе тастармыз. Сонда сен, сол қарайған нәрсе табақтай алтын болар, соларды жинап аларсың. Сол алтынға киіз бен үй сатып алып, сол жерге алты қанат екі үй тігіп отырарсың. Біз сонда келіп, үстіңде ұшып жүріп байқармыз,—деді.
Сосын екі аққу Аңшыбайды елінің шетіне әкеліп түсіріп кетеді.
Аңшыбай ноғайларға келіп: «Мен он жасқа келдім. Маған қатын алып беріңдер»,—деп айтқаны:
—Қатын алып беріңіз,
Ағайыным, сіз,—деді,—
Ортаға келдім мен,—деді.
Сонда ноғай кірмеді,
Біреуі де бір лақ
Аңшыбайға бермеді.
Тыңдамады бір ноғай,
«Қаңғырмай, жоғал сен!»—деді.
Төбенің шығып басына,
Отырды барып Аңшыбай
Қағулы ағаш қасына.
Сонда қағулы екі ағаштың ортасында отырғанда, екі аққу ұшып келіп, бір қарайған нәрсе тастады да, екеуі де қайырылған жоқ, қайтадан ұшып кетеді. Аңшыбай аспаннан түскен қарайған нәрсені алып, киізге сатып, керегін алады. Екі жерге он-оннан қатындарды бөліп, алты қанат екі үй тіктіреді. Екі ағашты қағып ортасына Аңшыбай отырады, жалауын байлап қояды.