Аңшыбай (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 2 мин оқу
Жеңді қалмақ қаласын,
Мұсылман қылды баласын,
Кәпірдің көрді шамасын.
Қалмақтан жаулап алған жер,
Қалмаққа ойын салған жер.
Әуелі бастап аттанып,
Орақшы еді барған жер.
Орақшы қалмақ өлген соң,
Ел мұсылман болған соң,
Көнгендігін көрген соң,
Қайтты еліне Аңшыбай,
Қасына алып баласын.
Алғандығын білдіріп,
«Көрсін,—деді,—қалмақ алған жер».
Келді жетіп жеріне,
Мекен қылған еліне,
Ноғайлыға келгені.
Би мен төре, бектері,
Хан мен тұрған қарасы:
«Аңшыбайдан жауап алам»,—деп,
Жиналып келді өңкей төресі.
Орақшыны алғасын, Аңшыбай елге келеді. Көнгенін мұсылманға көндіріп, көнбегенін елге алып келеді. Сонда бектер мен мықты билері жиналып келгенде, Аңшыбайдың айтқаны:
—Көрдім бір жердің даласын,
Орақшыдай қалмақтың
Барып, көрдім қаласын.
Шулаттым жас баласын,
Қираттым, талқандап, қаласын.
Қалмақтан, бір шауып, ел алдым,
Орақшыдан кек алдым.
Шұбырттым қатын-баласын,
Қираттым қалмақ қаласын.
Білген соң, жеңіп, шамасын,
Елге деп мен де жөнелдім.
Аман ба туған еліміз,
Мекен еткен жеріміз!
Саламат па бәріңіз,
Ұлы-кіші жамағат,
Сәлем бердім сіздерге,
Сіздер де келіпсіз біздерге.
Төрт ай мезгіл толғанша,
Қалмаққа жүрдім жорықта.
Астымда мінген Қара ат,
Жануарда бар қанат,
Ұшқан құстан кем емес.
Мініп бір алсаң бұл атқа,
Тасыған судай ағады,
Ұшқан құстай самғайды,
Аяғы жерге тимейді.
Бұл секілді жануар
Ойға келсе, ызғыған,
Қырға келсе, қарғыған,
Жерді басып тұрмаған.
Төрт аяқтан шыққан шаң
Топырақты суырған.
Белге буған қорамса
Атса, бір өтпей қалмаған.
Қынаптағы көк алмас
Сермесе, шаппай қалмаған.
Атаңа нәлет қалмақтың
Төбесі шоқты талайын
Жорықта жеңіп мен алғам.
Жиналып әскер келгесін,
Айқасқан жауды жеңген соң,
Жесір-жебір келгесін,
Жиғызбай есін батырдың,
Хабар келді ноғайға.
«Ағырабат деген ындыстың ханы бар.
Оның мұнда аттанамыз деген ойы бар».
Бұл хабарды естіп Аңшыбай,
Ағырабат шаһарын аларға
Тағы ойлады барарға.
Астында мінген Қара ат,
«Қалмаққа енді жетем»—деп,
Аңшыбай сонда жол жүрді,
Жапанда жалғыз ол жүрді,
Есепсіз жолды мол жүрді.
Бес-он күн жол жүргесін,
Жан-жағына қарамай,
Жалғыз жүріп далада,
Сонда батыр мұңайды,
Алладан тілек сұрайды,
Сұрағанда не дейді?
Айтқан бір сөзі осындай:
«Айналайын, ата-анам,
Жапанда жалғыз барамын.
Қасымда жоқ ағайын—
Қаңғырған жалғыз дарамын.
Жар болсаң сен өзің,
Қырық та менің жолдасым,
Бұрынғы ата-бабамыз.
Алла жәрдем бермесе,
Қандай амал қыламыз?
Ағайын-туған, көп халық
Қасыма бірі ермеді.
Жететұғын күн болса
Қайта айналып жеріме,
Шалқып жатқан елдерім,
Толқып жатқан көлдерім,
Биік-биік дөңдерім,
Қызығыңды көрермін,
Аман келсем сендерге.
Астыма мінген Қара ат,
Жануарда бар қанат.
Өзіңдей ұшқан құстарды
Жүгірген аңдай көрмейсің.
Биік жатқан таулардан,
Ағып жатқан сулардан
Бөгелемін демепсің,
Бұдан да өтіп кетесің.
Жететін күн болар ма
Ағырабаттың еліне?
Талқандармын қаласын,
Жылатармын баласын».
Қара атқа қамшы салады,
Құлаштап аяқ басады,
Тасыған судай тасады,
Биіктерден асады.
Тереңірек сай болса,
Жануар ырғып асады.
Ол үш айлық жерлерге
Тоғыз күнде жетеді.
Ағырабаттың қаласын
Көзіменен көргесін,
Ойлады ақыл шамасын.
Қасында екі тауы бар,
Сонда ындыс көп екен
Өзінің байтақ жауы бар,
Бір жүзікті қолы бар.
«Мұсылман халқы келер»,—деп,
Ағырабат хан ойлайды.