Аңшыбай (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 2 мин оқу
Сонда Ағырабаттың қарауылға қойған көп әскері Аңшыбайдың келе жатқанын көріп, ханға хабар етеді. Хан сонда тұрып:
—Бізге адам тең емес,
Тең дегені жөн емес.
Қасыма жақын келсін,—деп,
Құдай бізге берді,—деп,
Ойранымды көрсін,—деп,
Шекесінен қарады.
Мекен еткен жері ындыста
Ағырабат патша ханы еді.
Ол көп ындысты жинаған
Қатарда жүрген жан еді.
Аңшыбайға айтқан сөзі:
—Асыл туған баласың,
Жарқыным, қайда барасың?
Білмей ме екен адамзат
Өзінің қайрат-шамасын?
Мен байтақ жатқан ел едім,
Жерім айдын шалқар көл еді.
Шұман көлдің басында,
Отырған халық мен едім,
Неше жылдан бері қарай
Осы өзеннің қасында.
Өлтіремін өзіңді,
Қысқартармын жасыңды.
Астыңдағы Қара атты,
Беліңе буған болатты
Шешіп маған бер,—деді,
Өлмейін десең сен,—деді.
Аты-жөнің сен айтшы,
Сұрайын деп мен тұрмын.
Маған жауап бермесең,
Өлтіремін өзіңді,
Оярмын көзіңді.
Аңшыбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Атаңа нәлет, ындысты-ай!
Көргенім жоқ бұл түсті-ай,
Сен секілді жаманды-ай,
Қаңғырып жүрген адамды-ай.
Әркімде білер, ойласа,
Өзінің қатар шамасын.
Еркек болсаң, жалғыз жүр,
Сен секілді ақылсыз
Білмей ме қайрат-шамасын?
Мен ноғай деген ел едім,
Елден бір шыққан ер едім,
Мынау тұрған ындысты
Талқандайын деп едім.
Менің атым—Аңшыбай,
Аң аулаған аңшымын.
Талай астым биіктен,
Сен секілді көрмедім
Қаңғырып жүрген ындысты.
Сонда Ағырабаттың айтқаны:
—Артық туған ер,—деді,
Кезегімді бер,—деді,
Ер болған болсаң сен,—деді.
Өзім артық хан едім,
Асыл бір туған жан едім.
Мекен еткен ел едім,
Мен ындыстың ері едім.
Ағырабат деген хан едім,
Аптығып жүрген жас бала,
Сен не қылған бала едің?
Аңшыбай сонда сөз айтты,
Сөз айтқанда мол айтты:
—Ай, Ағырабат, Ағырабат,
Енді өлесің сен,—деді,
Кезекті маған бер,—деді,
Емеспін саған тең,—деді,
Асылың сенің кім?—деді.
Ағырабат сонда сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Аттың басын тарт!—деді,
Кейін қарай қайт!—деді.
Жолдасыңа бар дағы,
Көргеніңді айт,—деді.
Қайта айналып кел,—деді,
Өлтіремін мен,—деді.
Сонда тұрып, Аңшыбай
Он екі тұтам оқ алды,
Өтірік емес, шын алды.
Анау тұрған Ағырабат
Қайырылмады қасына-ай,
Бұрмады атының басын-ай,
«Ат,—деп,—ноғай, осылай».
Аңшыбай сонда көздеді,
Ойлап тұрар кез бе еді.
Он екі тұтам оқ алып,
Қорамсағын қалдырып,
Аңшыбай атып қалады.
Атқан оғы өтеді,
Бір төбеге жетеді.
Жан тәтті екен дүниеде,
Ағырабат хан құлады,
Ұзынынан сұлады.
Атып жерге түсірді,
Үнін жаудың өшірді.
Өлтіргесін, қашырды,
Жүз кісіге қарсы кеп,
Аңшыбай батыр айқасты,
Қашқан жаумен шайқасты.
Артынан қуып Аңшыбай,
Тағы да жетіп қалады.
Талқандайды қаласын,
Көріп елінің шамасын.
«Ажал жетіп, өлдік,—деп,
Не айтқаныңа көндік,—деп,
Енді дінге кірдік,—деп,
Мал мен бала бердік»,—деп,
Салдырып мына мешітті,
Хабар берді қалаға:
«Мұсылман дінді ханыңа»,—деп,
Хабар берді балаға,
Аңшыбай батыр барарға,
Мекен етіп аларға.
Басын иді жаулары:
«Батырлықты көрдік»,—деп.
Аңшыбайдың ерлігін көргесін,
Патшадай қылып табынған.
Астында жүрген жануар
Дариядай тасады,
Биік таудан асады.
Шамасы жерде жоқ еді
Бұл жануар тоқтаған.