Едіге жыр (9-бөлім)
Едіге · Ш. Уәлиханов нұсқасы · 3 мин оқу
—Едігем менің ер еді,
Едігемнің мінгені
Ауызы ақтан кер еді.
Едігемнің асу ісі сол еді,
Өзінен бір жас үлкенді
«Әзіз ағам, сіз біліңіз» дер еді.
Өзінен бір жас кіші тұрса,
«Үкем, сен тұра тұр,
Мен сөйлейін» дер еді.
Едігемнің ескіден кегі бар еді,
Кете алмай-ақ жүр еді.
Көре алмасы көп болды,
Көтермесі жоқ болды,
Мен сөйтіп айырылғанмын Едігемнен,—деді.
«Сыпыра жыраудың айтқаны келді»,—деп жұртынан жылағаны. Сыпыра жыраудың бастап айтқан жырды айтып, тоқпақ жалды торышаны алдырды. Тоғыз көзді кіреукені киді. Жеті кетпеннен ағыса атады екен, тоғыз көзді кіреукесінен өтпейді екен. Қарағай найзасын таянып, тоқпақ жалды торы ат мініп, жұртын жиып айтқан сөзі:
—Жігіттер, шоралар!
Орманбет би өлгенде,
Он сан ноғай өнгенде,
Саназар батыр жаудан
Жаралы барып келгенде,
Алаш та алаш болғанда,
Алашадан хан болғанда,
Аязды күндер аршынданып,
Арасат оты жанғанда,
Бура мұздан тайғанда,
Буыршын бас көтеріп тұрғанда,
Ханнан қайрат кеткенде,
Биге медет енгенде,
Хан қашып, би қуғанда,
Хан Тоқтамыс қарланып,
Байтағым деп зарланып,
Айтып жылай жөнелді:
—Әй, байтағым, байтағым,
Бастатып сені алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Байтағымның ішінде
Он сан менің ноғайым,
Сені тағы алдырттым.
Он сан ноғай ішінде
Үш жүз алпыс отау қазағым,
Сені тағы алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Оң жақта он бес шорам арта алмас,
Он екі саhар атан тарта алмас.
Бір Көкшеннен өзге нар тарта алмас,
Байдалы туым, басты ордам,
Бастата сені алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Өзенде өзен, өзен су,
Өзектеп ордам қонған жұрт.
Өзектеп соққан сом темір,
Есігіме шынжыр болған жұрт.
Жағасынан балапан торғай ұша алмас,
Бастұрдан басып қонса, жарып келмес.
Балығы жылқы жусатпас,
Бақасы кісі ұйықтатпас.
Маралы бар киіктей,
Балдырғаны балықтай.
Алмасы бар жүректей,
Еділ менен Жайығым,
Сені тағы алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Орманбет би өлген жұрт,
Он сан ноғай өнген жұрт.
Саназар батыр жаудан жаралы келген жұрт,
Бие сауған сүтті жұрт.
Қымыз ішкен құтты жұрт,
Атам күйеу болған жұрт.
Еңкейіп тәжім еткен жұрт,
Анам келін болған жұрт.
Иіліп сәлем еткен жұрт,
Көрікті туғай сұлуым.
Алғаным келін болған жұрт,
Ақ бүріншік салған жұрт.
Ақ иіндігін жаққан жұрт,
Қызыл маржан таққан жұрт.
Ақбоз атқа мінген жұрт,
Жаңғыз да қарғам Қадірберді,
Қадірберді сұлтан туған жұрт.
Қапылы қамқа жыртқан жұрт,
Он сан ноғай жиған жұрт.
Үлкен бір той болған жұрт,
Жалғызыма алғыс тисін деп,
Қаріп пенен қасерім,
Арап пенен сарапқа
Сонда жаман тойған жұрт.
Жабағылы нар тайлақ
Жардай атан болған жұрт.
Адасып қалған бір тоқты
Жайылып, мың қой болған жұрт
Ал, аман бол, менен соң!
Жапырағын жайқалтқан,
Жардай атан семірткен,
Жарымды байға теңгелткен.
Суы менен жары тең,
Құлыны менен тайы тең,
Өзені менен сайы тең.
Үш алпаты үлкен су,
Сені тағы алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Мен алыстағыны көре алман,
Жуықтағыға жете алман.
Жаяулық басқа түскен соң,
Алдымда қаба қатер жерден соң!
Сап-сап жүре, сап жүре,
Сай азамат қосылып,
Жау жайқай да ала алман.
Қарақыпшақ Қобландым,
Сен секілді ерден соң,
Олтырушы едік жайласып.
Көкорайға бие байласып,
Құлын-тайдай ойнасып.
Аяласып, олтырып,
Асылдан саба толтырып.
Тең құрдасқа қосылып,
Өтіліп қымыз іше алман,
Ноғайлының ауыр жұрт,
Сен секілді елден соң!
Менің маңдайым күнге күймедім,
Табаным жерге тимедім.
Басқа зорлық түскен соң,
Жалғыз да қарғам Қадірберді,
Маңдайынан иіскеп сүймедім!
Мен бұл барғандан барармын,
Телі-көлге барармын.
Телі-көлде қорықсам мен,
Көкүлдінің көлінде
Баса барып жатармын.
Тілеуімді тілеп тұрғайсың,
Алдам иер ес болса,
Он үш жыл айланғанда,
Қайтып келермін,—