Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Едіге жыр (6-бөлім)

Едіге · Ш. Уәлиханов нұсқасы · 2 мин оқу

Бұт сауырлы күреңше ат
Бұтқа тартып мінбесем.
Екі түгей торыша ат
Ылауға жайдақ ілмесем.
Алақаншық күндей боп,
Алды-артыңнан шықпасам.
Аш күзендей бүгіліп,
Аш бөрідей шумаңдап,
Ноғайлының ауыр жұрт,
Баяу жатқан қайран жұрт,
Шетіңнен қиқулап, ащы сүрен салмасам.
Есілдің екі жағы қызыл жар,
Аспадан суыт салмасам.
Ертістің басы қара дөң,
Екі айрысына қумасам.
Алтындап соққан ақ ордаң,
Күмістен соққан ақ есік,
Түсі суық шым болат
Есігіңді ұшыменен ашпасам.
Төрге төсек салмасам,
Төс арсынды сұлуыңды
Аямай төс астыма алмасам.
Керегеңді кертпесем,
Кертіп отын қылмасам.
Қос туырлығың тілмесем,
Тіліп тоқым қылмасам.
Тоқсан басты ақ ордаң
Тонамай ие болмасам.
Торылы жылқы тобышақ
Топтап жиып алмасам.
Қаныкейдей көріктіні,
Тінікейдей тектіңді
Ат көтіне міндірмесем.
Тегіннен-тегін олжа қылмасам,
Осы өшімді алмасам.
Дегеніме жетпесем,
Айтқанымды қылмасам.
Кешегі мен есіл ерді еңкейтіп,
Екі тізін жауыртып,
Кәмар белін ауыртып,
Күнінде Едіге атым құрысын!
Мен, мен—дүрмін, мен—дүрмін!
Мен, мен деген, тоба қылған ер дүрмін!
Дұспаным отын жандырман,
Өзім демес нәмартқа
Тоғыздан шаңқан боз ат міндірмен.
Тоқсансыз жебе салдырман,
Асылын сұрамай, ас бермен.
Атасын сұрамай, әсте, нөкер ертпен.
Мен өзім демес нәмарттың
Еңсесіне бір мініп,
Иманнан шоқпар төндірмен.
Мұнан әрі мақтанбан,
Мен мақтансам,
Он екі тұтам оқ тартқан
Мұрнағы өткен ер Шыңғыстың өзіменен теңдермін!
Мен тауға ұялар сұңқармын,
Тау бөктерлей жортармын.
Торлаусыз өскен құланмын,
Мезгілсіз жусап, өрермін.
Божығаннан ащымын,
Шербет құйсаң тұщымын.
Буыршыннан қатты жарыспын,
Бұйдаласаң да еш шөкпен.
Буырылшыдан асау болыспын,
Бұғалық салсаң тоқтаман!
Өзім деген жақсыны
Өлгенімше боқтаман.
Шалғынды көл төгерек,
Сенің маған шалулы сөзің не керек!
Қоғалы көл төгерек,
Маған қорлықты сөзің не керек!
Жекенді көл төгерек,
Мені алдап, желген сөзің не керек!
Мен қарағайдан биік біткен терекпін,
Басымнан дауыл ұрса, теңселмен.
Мен қарағайға қайнап біткен қара бұтақпын,
Балталасаң, айырылман.
Еменге айыру біткен бұтақпын,
Еңкейтсем, оңдырман.
Мен қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
Қасаслассам, оңдырман.
Мен қылтыңдаған күреңше ат,
Қыдырауды жыққанмын.
Жағасы алтын кіреуке
Жағаласып жыртқанмын.
Тоқсан баулы ақ көбе
Тоғысқан жерде кигенмін.
Садақ толған сай жебе
Қыдырада төккенмін.
Мен атанға тартсаң ауырмын,
Батпанға тартсаң бастырман.
Таразыға тартса теңдірмен,
Мен мұнан әрі мақтанбан,
Мен тисем жілік ұсатқан тыңдарым,
Қарт Көкшенің өзіменен тең-дүрмін.
Сен тұра тұршы, тоғыз ер,
Мен саған туған жерім айтайын,
Айтайын да қайтайын.
Мен Әзірейіл періштеге
Алты күн арыз еткенмін.
Жәбірейіл періштеге
Жеті күн арыз еткенмін.
Мен Омар менен Оспанға,
Әбубәкір Сыздыққа,
Әзірет Әлі бабама
Арқа беріп жүргенмін.
Мен Мұхаммед атты піріме
Мекке деген шәріңде
Барып арыз еткенмін.
Тәңірәуи Меккені
Үш айналып күнәйімнен пәк болып,
Сонда аралап қайтқанмын.

Тағы оқыңыз