Едіге жыр (8-бөлім)
Едіге · Ш. Уәлиханов нұсқасы · 3 мин оқу
—Жалғызға жасақ болған,
Жаяуға таяқ болған
Едігені қайдан алып келерсің?
Қарны ашқанға тамақ болған,
Аты жоққа ат болған, ол қайдан келер?!
Сол қырық ердің батасы тиіп, Едіге ер болды. Қырық ер Сәтемір ханға барып айттылар:—Едіге ер деген бір ер шығып, алыпты өлтіріп, қызыңды алып келе жатыр,—деп. Сәтемір хан үш сан қол жіберді, «күнге, желге тигізбей Едігені алып келіңдер» деп. Үш сан қол күндік, түстік жерге келгенде:— Жалғыз атты кедейді қайдан тауып аламыз, іздеткен хан тентек пе, іздеген біз тентек пе?—деп қайттылар.
Едіге қайтқандарын біліп, ашу қылды:—Қашан болса да сіздерді қырмасам ба!—деп. Енді ел шетіне барып кірді. Хан алдынан кісілер жіберіп, өз ордасының қасына түсірді. Төбел бие сойды. Төрт қырлап ошақ қазды. Сәтемірдің сансыз қол бар-жоғын жиды. Үлкен бір той қылды. Арап пенен сарапқа жұрты жаман тойды. Ақ некесін қиды, қызды қойнына салды. Қыз айтты:—Мені алдың ба?—деді.—Алдым сені!—деді.—Сол байталға айғыр шапқан күн алыппенен ойнап едім, биенікі су болса, менікі де су,—деді. Биені сойып қарадылар. Сурет болмай, су болып тұр екен.— Өзімдікі жеңер,—деді. Қойды. Қыз буаз болып, айына жетіп, күніне біткен соң, бір оғыл туды.
Қара кіске бөлетті,
Қара кіс батар деп,
Бала кіске бөлетті.
Алтыннан шүмек ойдыртты,
Күмістен түбек қойдыртты.
Хан қасында туды деп,
Атын хан Нұралын қойдыртты.
Беліне садақ будыртты,
Көкірегі жаулы өссін деп,
Қашқан бір жауды қудыртты.
Хан Нұралын туғанда,
Сәтемірдің сансыз қол
Бары-жоғын жидыртты,
Төбел бие сойдыртты.
—Жалғызыма алғыс тисін,—деп,
Арап пенен сарапқа
Сонда бір жұртты тойдыртты.
Үлкен бір той қылдыртты,
Көңілін сондай тындыртты.
Нұралын он екі жасқа келгенде, асық атып ойнады. Торғай атып күн көрген, жаман шалдың жіліншігін атқан асығы үздіртті. Шал айтты:—Жүгірмек, менің жіліншігіме әлің жеткенше, жұрттан қуып шығарған Тоқтамыс ханнан барып, кегіңді алсаңшы,—деді. Нұралын ашуланып үйіне келді:—Иә, ата,—деді,—сіздің бойыңызда бұрыннан қалған ескі кек бар екен! Атасы Едіге ұмытқан, жадына түсті. Сәтемір ханға білдірді. Үш сан қол берді. Аттанды қолменен. Бұрынғы ішкен анты бар.
Қырқада қырқа қырық адыр
Қырық басып жортыпты.
Қырық күншілік шөлге
Айдынды бұлақ салыпты.
Бұт сауырлы күреңше ат
Бұтқа тартып мініпті.
Екі түгей торыша ат
Ылауға жайдақ алыпты.
Алдына жай төгіп, жалтыр-жалтыр судан ішіп барады. Жарандар сұрайды:—Бұл қандай қуы жоқ, құтаны жоқ, жекені жоқ, борығы жоқ, неткен көлдер?—деп.—Бұ—қоғалы көл, қорлы көл, жекені жоқ, борығы жоқ, сорлы көлдер деген—осы көл. Едігенің атқа жүруіне шыдамай, бір саны қайтып кетті, көрген судан су ішермін деп. Су құрып қалыпты, бір сан қырылды. Қалған екі сан қол осындай болып қырылды. Аталы-балалы екеуі кетті. Алдында бір қара тау көрінді. Тауға келді. Едіге Нұралынға айтты:—Бұл тау—Тоқтамыс ханның қарауыл қарайтұғын тауы. Күндік, түстік жерде,—деді,—Тоқтамыстың қарға бұтты қара кемпірі осы қара таудың басына торғай қонса да көретұрған. Берік болып шық,—деді. Нұралын шыға келді. Қарға бұтты қара кемпір қарап отыр екен. Көрді. Кісі екенін, қара құс екенін айыра алмады. Кемпір жұртына кісі шаптырды: «Тауға бір қара шықты, құс екенін, адам екенін айыра алмай тұрмын, жұрт берік болсын»,—деп. Нұралын атасына айтты:— Бір қара жәмші алып кел, бір амал қылайын,—деп,—ол кемпір не екенін айырмады. Қара жәмшіні алып келіп, екі шетінен ұстап, құстың қанатынан қылып жайды, бір уыс топырақты шашып, таудан асып түсті. Кемпір жұртына кісі жіберді: «Бейбіт болсын, қара құс екен, ұшып кетті»,—деп. Жұрт бейбіт болып жатқанда, аталы-балалы екеуі ел шетіне кірділер. Ел қорқып бүлді. Тоқтамыс ханға хабар етті: «Едіге екеулеп келді»,—деп. Хан айтты:—Әй, жұртым! Қойыңызды сойыңыздар, қол қусырып алдына барыңыздар. Сізге тимес, менің үшін бүлмеңдер,—деді. Қойын сойып, қол қусырып бардылар. Қабыл алды. Тоқтамыс хан жұртынан айырылғанда жырлағаны: