Едіге жыр (3-бөлім)
Едіге · Ш. Уәлиханов нұсқасы · 2 мин оқу
Емді Тоқтамыс хан айтты:—Төрт мәрте төре берген қандай кісі?! Мұнда шақырыңдар!,—деп. Дәр хал шақырып алып келді ханның алдына. Хан сұрады:—Төрт мәрте төре берген сен бе?— деп сұрады.—Бәлі, мен тақсыр.—Атың кім?—деді. Жауап берді:—Атым Едіге,—деп. Үстіндегі киімі сондай жаман екен. Хан бұйырды:—Бұ жаман киімдеріңді таста,—деп.
Жауырындары жақталы,
Түйме бауы тартпалы,
Ал, қара кіс тон берді.
—Аны үстіңе ки,—деді,
Көкала жорға ат мін,—деді.
Көн дабылпаз байлан,—деді,
Ұшан теңізді айлан,—деді.
Тұтам бауы сом алтын
Ақсұңқар құсты бұйыр да,
Көл айнала шүй,—деді.
Қырымнан дау келсе,
Ал, Едігем, соны сен бітір,—деді.
Қырымнан жау келсе,
Ал, Едігем, соны сен қыр,—деді.
Дауды бітірді, жауды қырды. Тоқтамыс хан тыныш болып, жайына тұрды. Жұртын билеп, жұрт билігін алды. Сөйтіп тұрды. Күндерде бір күн Тоқтамыс ханның ханымы айтты:—Осы алып жүрген жалшы балаңыздың аруағы сіздің аруағыңыздан басым екен. Хан айтты:—Әй, тентек, ханым, есігімдегі жалшының аруағы неғып менден артық болсын!,— деді.—А, сіз білмеген екенсіз, «Аллаң жар болсын!» деп кіріп келгенде, өзіңіз селк етесіз. Сескенгеніңізді өзіңіз білмейсіз. Әгәрки біздің сөзімізге иланбасаңыз, киіміңіздің етегінден тебен инеменен түйрейін, селк еткеннің белгісі мәлім болар. Сол уақытта Едіге: «Алла жар болсын!» деп, есіктен еніп келгенде, селк ете түсті. Түйрелген тебен ине ортасындан екі үзіліп, аспанға ұшты. Ханымы айтты:—Енді білдіңіз бе аруағының зорын Едігенің.
Аруағын төмен түсірейік деп, бір аяқ қатық ұйытып, ішіне сиіп, араластырып қойды. Едіге кіріп келіп отырған соң, қатықты ұстатты, қолына берді. Үңіліп қарап, жанынан пышағын суырып алып, қатықты төрт тіліп, ортасын бұлғатып, көтеріп ішіп салды. Ханым айтты:—Едігем, тәтті ме екен?»— Егер де ыдысы ескі болмаса, тәуір екен,—деп, шығып кетті үйден. Ханымға хан айтты:—Ыдысы ескі болмаса, тәуір екен дегені несі?—Қәрі қатынның сідігі болмаса, тәтті екен деп білгені. Хан ханымнан сұрады:—Пышақпен осып-осып ішкені несі?.—Жұртыңды төрт бөлек қылармын дегені, ортасын бұлғап ішкені, жұртыңды осындай қылып бұлғармын дегені. Хан айтты:—Мұны өлтірейік. Ханым айтты:—Мұны бүйтіп жүргенде өлтіре алмассыз,—деді. Арап-сарап жияйық, алпыс басты ақ орданы шетке тігейік. Ноғайлының ауыр жұрт бар-жоғын жиыңыз. Едігені аяқшыға қойыңыз. «Едігем, кел батырға» деп зорласын, арақ ішіп, мас болып жүргенде өлтірерсіз».
Бұ сырларды естіп жүре тұрған Едігенің алты жасар Аңғысын атты досты бар еді. Есіткенін Едігеге айтты:—Кел батырға зорлап аяқ бергенде ішпейінше осы меске құя бер,— деп, серке терісінен қылған бір мес берді.—Мен келген кісілердің аттанар жақ үзеңгі бауын қиып қоярмын. Сол мезгілде, даладан өзіңге бір ауыз сөз айтармын, берік бол.
Арап-сарапты жиды, ақ отауды тікті, ноғайлының ауыр жұрт бар-жоғын жиды, Тоқтамыс алпыс алыпты айдаладан аңдытты. Едігенің бала досты Аңғысын аттанар жақ үзеңгі бауын аяндырып қиып қойды. Едігені үйге кіргізді. Аяқшыға қойды. Серке терісі месті ішінден буындырды. Едігені зорлады, «кел, кел!» салып, әрқайсысы аяқ берді. Ішкенін ішіп, меске құйып жүр. Бойы қызып жүргенде Аңғысын досты үйінің тұсындан келіп қарады, андан соң айтты: