Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Едіге жыр (7-бөлім)

Едіге · Ш. Уәлиханов нұсқасы · 2 мин оқу

Менің түсімде аян берді
Ақ шалмалы бір кісі,
Оқымысты дүр кісі.
Енді Едігені шәуілжіге қағып,
Тоқтатамын деген қайсың?
Тоқтамыстың тоғыз ерсін тоғызда,
Мен жалғыз да,
Мәнің болса, кел доңыз.
Сенің қамшы тиер мойныңа,
Қан сорғалар қойныңа.
Шыдамассың менің бір азап
Тарқы қылған ойныма.
Кеңестің Кеңжанбай,
Кеңесің кеткен боқ Жанбай,
Ашпа, көзің тесермін,
Сөйлеме, тілің кесермін.
Сенің атаң қара кісі еді,
Мал бергеннің құлы еді.
Енең қара кісі еді,
Ас бергеннің күңі еді.
Мен салпаң-салпаң жортармын,
Сары азбанға қосым артармын.
Алда бір жалғыз жаратты,
Бір шыбынды қаріп жан
Кім алар деп қорқармын.

Ал, жөнелді де кетті. Тоғыз ер бата алмай қалды. Едіге андан-мұндан құралып, он сегіз кісі болды. Едігенің атқа жүруіне он жеті кісі шыдамады. Ас ішуіне қарыны ашып, шыдамады. Едіге ойлап білді, бұлардың шыдамағанын.

—Әй, он жеті дост,
Біздер бәріміз жиылсақ—он сегіз!
Мен шаршадым деп талықпа,
Сусадым деп қамықпа!
Қарным ашты деп налықпа!
Тамағың сенің таусылса,
Тамақ тауып берейін.
Киімің сенің жыртылса,
Киім де тауып берейін.
Атың өлсе, төлейін,
Өзің өлсең не дейін.
Арық атың көк жасық
Сірне қылып жесейік.
Жаңбырменен тұнған қызыл қақ,
Аны сербет қылып ішейік.
Он жеті дост, сен өлсең,
Жаназаңды шығарып,
Баялыштан от жағып,
Таза арулап көмейін.
Бәрін айтпа, бірін айт,
Мен тіріде өлмессің,
Он жеті дост, кедейім!

Емді Едіге бір күнде түс көріп, шошып оянады.

Ал, жүріп кетті. Бір күнде алдынан бір ақ, бір көк шатыр көрінді. Атын он жеті достына беріп, өзі сорға аунап, бір таз көбеген болып, шатырға барды. Көрді. Өзінің іздеп бара жатқан Сәтемір ханның қызын дәудің оғлы Қабантиын алып келе жатыр екен. Айдаған қырық биесі бар, зорлықпенен алып келе жатқан қырық қосшысы бар екен. Бұларды көргеннен соң, Едіге жолдастарына қайтып барды.—Әй, он жеті достым, менің бара жатқан Сәтемір ханның қызын осы алып зорлықпенен алып бара жатыр екен. Емді мен барып алыпқа қосшы болайын. Сіздер осының қонған жеріне қонып, түстенген жеріне түстеніңдер. Мен сіздердің тамақ-азықтарыңды әрбір жұқа бұтаның түбіне жасырып қойып кетермін. Іздеп алып тамақтанып, еріп келіңдер,—деп айтты. Өзі қайтып келіп, алыпқа қосшы болып тұрды, қырық қосшылардан артық көрді. Едіге қырық қосшыға су тасытып алып, айламен далаға қондырды. Жасырын күн сайын бір биені сойып, кейінгі жолдастары үшін жұқа бұтаның түбіне қойып келеді. Аны жолдастары алып, жеп келеді, қонған жеріне қонып, түстенген жеріне түстеніп.

Бір күндерде Едіге қыздан сұрады:—Сен кімнің қызы едің?—деп.—Мен Сәтемір ханның қызы едім, мені осы алып зорлықпенен алып келе жатыр.—Осы алыпты өлтірсем, есен-аман жұртыңа алып барсам, атаң мені жақсы көрер ме еді, а?— деді. Қыз:—Егер мені есен-сау жұртыма алып барсаң, өзінден соңғы патша қылар еді сені,—деді.

Суға жіберген қырық қосшыға жетіп барып айтты:—Не қып жатырсыңдар?—Алыбың бәрімізді қырамын деп жатыр!—деп. Баршалары жыладылар:

Тағы оқыңыз