Едіге жыр (11-бөлім)
Едіге · Ш. Уәлиханов нұсқасы · 2 мин оқу
Атасы Нұралынға айтқан: «Қарсы сөз айтса, өлтірме ерді,»— деп.
Тоқтамыс ханның баласы Қадырберді сұлтан жүз кісімен қашып кеткен ерді. Нұралын кеткеш Кеңжанбай жасырынып, атасы менен Нұралынды шағыстырайын деп, Едігеге жетіп барды. Айтты:—Бір қызын қуантып, бір қызды қуартып қойғаның не?—деді.—Бұ дәуір сүргенде екеуін де өзің алсаңшы, баланың ырысы өзінде,—деді. Жанбайдың шағыстырғанын білмейінше екі қызды өзі алды. Үлде менен бүлдеге малды. Екі қолын екі қыздың үстіне салды. Заманда Нұралын кіріп келді. Ерні кезеріп, көзі бозарып, екі қыздың үстіне қолын салып олтырған атасын көрді. Сол заман ашуы келіп атасына «А!» деген еді, атасының көзі шықты. «Мә!» дегенде қолы сынды. Едіге енді зарланып жылады:
—Әй, тумағыр, тумағыр,
Сені қайдан тудырдым?
Сен туғанда, Нұралын,
Төбел бие сойдырдым,
Төрт қырлап ошақ қазырдым.
Сәтемірдің сансыз қол
Бары-жоғын жидырдым.
Жалғызыма алғыс тисін деп,
Қаріп пенен қас ерді
Арап пенен сарапқа
Сонда жаман тойдырдым.
Сен туғанда, Нұралын,
Қара кіске бөлеттім.
Ал қара кіс батад деп,
Бала кіске бөлеттім.
Алтыннан шүмек ойдырттым,
Күмістен түбек қойдырттым.
Хан қасында туды деп,
Атыңды хан Нұралын қойдырттым.
Беліңе садақ будырттым,
Көкірек жаулы өссін деп,
Қашқан жауды қудырттым.
Қарға қонбас қара ағаш
Қаз қондырдың, Нұралын,
Құзғын қонбас қу ағаш
Қу қондырдың, Нұралын,
Қу қанатын сал етіп,
Еділден көктей өттің, Нұралын!
Сен қара суға қан құйдың,
Суды қайдан ұрттарсың?
Қара арғымақ қатырдың,
Атты қайдан мінерсің?
Қара лашын қашырдың,
Құсты қайдан шүйерсің?
Жан дегенде жалғыз атаң мен едім,
Менің алғаштан көзім шығардың.
Бергештен қолым сындырдың,
Қайда бір қайда барсаң тынарсың?
Нұралын айтты:
—Мен қарға қонбас қара ағаш
Қаз қондырдым жұрт үшін.
Құзғын қонбас қу ағаш
Қу қондырдым жұрт үшін.
Қу қанатын сал етіп,
Еділден көктей өттім жұрт үшін.
Қара суға қан құйсам,
Суды сербет ұрттармын.
Қара арғымақ қатырсам,
Атта тұлпар мінермін.
Қара лашын қашырсам,
Құста сұңқар шүйермін.
Қаудан жерге өрт қойсам,
Шүйгін шөпте оттармын.
Жан дегенде жалғыз әкем сен болсаң,
Сенің алғаштан көзің шығарсам,
Бергеште қолың сындырсам,
Тәңірім үйі Меккені
Үш айналсам тынармын.
—деп, жұртты екі бөліп алып кетті. Судың екі жағында екеуі жатты. Едіге жалғыз баласын сағынып сарнап айтқаны:
—Терлігім алтын болмады,
Теңім мінер болмады.
Хан жиені, би ұлы
Нұралын хан болмады.
Хан болғанның несі артық?
Өзімізден соңғыға
Үлгіден үлгі бола қалмады.
Алыстан қара көрінсе,
Айланысқан, мырза ұлым.
Жуықтан қара көрінсе,
Толғанысқан мырза ұлым.
Жеті кісі біріксе,
Жер жаңғылмас, мырза ұлым.
Жеті дария қосылып, тасқанда,
Жел қайықтай омырауын
Желге беріп өткен, мырза ұлым.
Борай да борай қар жауса,
Боз кіріскен, мырза ұлым.
Борасындап оқ келсе,
Болаттан қалқа болған, мырза ұлым.
Нұралынның қатыны баласының құйрығына болат бізді сұғып алып жылатты. Нұралынның ашуы келді баласының жылағанына. Сол уақытта қатынның айтқаны:—Қара кіске оратқан, алтыннан шүмек қойдырған, әлпестеп өстірген атаңа не көрсеттің? Бұ да бізге не көрсетер,—деп шешесі айтты. Нұралын өзін бір кісіге қамшылатып, hәм жетелетіп, атасы Едігенің алдына барып, татуластылар.