Едіге жыр (2-бөлім)
Едіге · Ш. Уәлиханов нұсқасы · 3 мин оқу
Сол бала Едіге сегіз жасқа келген соң оқудан шықты. Мал табамын деп, біреудің қойын бақты. Төрт кісі келеді, орталарында бір аяғысы ақсақ малды жетелеп. Төртеу айтты:— Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік,—деп. Келді төртеуі. Бір ағайынды екен:—Орталарымыздағы бір қара еді. Осы ақсақ мал біздердің еншімізге тиген еді. Басы—үлкен ағамызға тиіп, төрт аяғы—төртеуімізге тиіп еді. Осы ақсақ мал барып, кәуірдің егінін басыпты. Төрт аяғының тиген жеріне төрт жүз ділдә сұрайды.—Біздер соған даулы болып келдік. Төресін бересіз бе? Едіге айтты:—Алда аузыма салса берермін,—деді.—Бұ ақсақ аяғы қайсыңызға тиіп еді?. Ең кішісі айтты:—Маған тиіп еді,— деп.—Сен бейдамақ бол!—деді. Екі жүзін басын алған ағаң тартсын. Аның үшін көзі көріп, басы сүйреп барды. Екі жүзін екі ағаң тартсын, аның үшін ауру аяғын сау аяғы сүйреп барып бастырған. Үш ағасы:—Бұ төре қылған төреңе көнбеймін,—деп, Тоқтамыс ханға барды. Үшеуі айтты:—Жүгінуге келдік,—деп. Сол уақытта кішісі айтты:—Біз жүгініп едік,—деп.—Жүгінген уақытта қандай төре беріп еді?—деп хан сұрады. Баланың берген төресін айтты. Емді хан айтты:—Соның төресі—төре, мен ондай төре бере алмаймын,—деп.
Тағы бір күнде бір атан түйені жетелеп, екі кісі келе жатып айтты: Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік,—деп. Келді.—Иә, қойшы, осы түйеге даулы болып келдік, төре бересің бе?—деп.—Беремін,— деді. Біреуі айтты:—Осы бота күнінде жоғалған, атан екенінде танып тұрмын. Ұрлаған ұрым—осы. Емді біреуіне айтты:—Сен сөйлеші,—деп.—Өз түйемнің ботасы, өз бурамның баласы. Осынаудың маған қылған жаласы!—Сендегі енесі бар ма?—деді бірісіне. Анауға тағы айтты:—Анасы сенде бар ма?—деп.—Бұ жерде бір арқан керек. Екі інгенді алып кел, төресін берейін,—деп. Сол уақытта атанның тақымына салып бұрады. «Жоғалтып едім» дегеннің інгені үстіне түсе қалды. Бала айтты:—Мұның ұрлатқаны шын, сіздің ұрлағаның шын. Мұның түйесін бер,—деп. Төре тимегені айтты:—Ол төреңе болмаймын,—деп. Тоқтамыс ханға барды. Дауды айтты. Қайсы дүрге төре тигенін айтты:—Сондай бір төре тиіп еді,—деп.—Соның төресі—төре, мен ондай төре бере алмаймын, түйесін бер,—деді.
Тағы да қой бағып жүргенде, екі қатын, екі еркек орталарында бір баласы бар, таласып келді балаға. Айттылар:— Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік,—деп.—Жүгінсек, жүгінейік,—деп. Төртеуі бірдей салып келді:—Иә, қойшы, біздер даулы болып келеміз, төре бересің бе?—деп.—Төресін берейін,—деді. Бір еркек пен бір қатын айтты:—Бесікте жоғалтып едім. Жүгіріп жүргенде таныдым. Емді:—Мен он ай көтеріп, омыртқамды бүгілтіп тапқан баламға жала қылады,—деп соңғы екеуі айтты. Мәзкүр төртеуіне айтты:—Төре беремін, көнесіз бе?—деп.—Көнейік,—деді. Екі қолынан екі қатынға ұстатты. «Жоғалтып едім» деген қатын үндемей тұр, анау қатын:—Не қылсаңыз да мейлің білсін,—деді. Сол уақытта:— Семсерменен екеуіңізге бөліп беремін,—деп, семсерді көтерген соң «жоғалтып едім» деген қатын білегінен ұстай алды. Анау қатын үндемеді.—Өлтірмеңіз,—деді,—менен туған бала болса, өскенде мені табар,—деп айтты. Үндемеген қатынға айтты:— Сен ұрлаған шын екен. Өлтірсе-өлтірсін деп үндемедің, мұның өз баласын қимастан, өлтіруге аяп, білегімнен ұстай алды. Мұның баласын бер,—деп бұйрық қылды. Өзім таптым деген еркек пен қатын:—Бұл төреңе көнбейміз,—деп, Тоқтамыс ханға барды. Төре тимеген қатын бірлән еркек айтты:—Біздер даулы болып, сізге жүгінейік деп келдік. Нақ баланың шешесі айтты:—Бір төре болып еді,—деп. Хан сұрады:—Қандай төре болып еді?— деп. Қойшы баланың берген төресін айтты, сондай төре беріп еді деп. Хан айтты:—Соның төресі—төре, ондай төрені мен бере алман,—деп айтты.