Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Едіге жыр (4-бөлім)

Едіге · Ш. Уәлиханов нұсқасы · 4 мин оқу

—Табаны жалпақ тарлан боз
Түн қатуға көнсе игі.
Үстіңдегі қамқа тон
Төрде олтырған билерге
Қоллық шақпаққа болса игі.
Менің атым—Аңғысын,
Мені көп сөйлетіп не қылсын,
Барлағайсың түнеугі сөздің соңғысын.

Едігенің жадына түсіп, өзін атты, бір аяғы босағаға тигенде, бір аяғы тарланның үзеңгісіне тиді. Қарауылға қойған Тоқтамыстың тоғыз ері бір-бірін пышақтады. Тарланға атып мініп, садағын ерден алып жөнеле бергенде, тарланның жамбасы жерге бір тиді. Жөнелді. Тоқтамыстың алпыс алып бастары түсіп, бата алмай қалды.

Сол кеткеннен Едіге кетті, Еділ менен Жайық арасындан өтті. «Бір тіл алып кетейін» деп жатты дейді. Ноғайлының ауыр жұрты абдырады, айланды. Айланып кеңес таппады. Сонда Тоқтамыс тоғыз ерін алып келіп, есігінің алдына қойды. Бір-бірлә шақырып, ақыл сұрады. Біреуін үйге енгізіп, Тоқтамыс айтты:

—Есенімде ескімді берсем елемес,
Еңсеге жыға тисем кектемес.
Есентай ұлы Құдайберді батырым,
Сен бір толғашы,—деп еді.
Еңкейіп үйге кіргештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Тұрды дағы сөйледі.
Айтып еді бір сөзді,
Өкіліне түспеді,
Байыбына бармады.
Оның бұ сөзін жаратпай,
Аны «үйден шық!»—деді.
—Қос-қос пышақ асынған,
Қосалықтап отау тіктірген,
Көшкенде байтал тарттырған,
Салтанатын хан ұлындан арттырған,
Мүйтендерден шыққан екі бірдей, Қосдәулет,
Егізіңменен кіріп толғашы!—деп еді.

Еңкейіп үйге келгештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
«Толғай, толғап сал!»—деді.
Ол екеуінің сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді,
—Екеуің де үйден шық!—деді.
Көшкенде көшін айлаған,
Жанына өткір семсер байланған,
Жау қарасын көргенде,
Жауар күндей торланған,
Кетер құстай сайланған,
Алладан тілек тілеп зарланған
Арғындардың басы едің,
Қарақожа батырым,
Сен бір кіріп толғашы!—деп еді.

Еңкейіп үйге кіргештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Ол да толғап салып еді,
Өкіліне түспеді,
Байыбына бармады,
Аны да «Үйден шық!»—деді.
—Қараңғыда жол тапқан,
Қапия жерде сөз тапқан,
Жауырының үлкен қақпақтай,
Айдарың үлкен тоқпақтай,
Адам тілін алмаған,
Өз райысы болмаса,
Асу жерге бармаған,
Қара қыпшақ Қобландым,
Сен бір кіріп толғашы!—деп еді.
Еңкейіп үйге кіргештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Ол да толғап салып еді,
Аның да сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді,
«Енді үйден шық!»—деді.
—Қарт қояндай қасқарған,
Қараңғыда сансыз қолды басқарған,
Күнде сүңгі сындырған,
Ер көңілін тындырған,
Сүңгісіне кісі міндірген,
Алмаған жау қоймаған,
Ішсе, қанға тоймаған,
Елге бір аз да, жауға көп,
Ақбалтыр ұлы Уағым,
Мәнжүр ұлы Шуағым,
Егізіңменен кіріп толғашы!—деп еді.
Егізіменен үйге кіріп келгештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Екісі де толғап салып еді,
Аның сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді,
«Екің де үйден шық!»—деді.
—Садағын қырық нарға тарттырған,
Салтанатқа үлде менен бүлде арттырған.
Тойға келсе ерке еді,
Басыма керек алтайы қызыл бөрік еді.
Кеңесімнің бұрышы-ды,
Кең қарнымның құрышы-ды.
Кеңестің Кеңжанбай-ай дүлдүлім,
Сен бір кіріп толғашы!—деп еді.
Еңкейіп үйге кіріп келгештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Ол да толғап салып еді,
Аның сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді,
«Сен дағы үйден шық!—деді.
Ноғайлының ауыр жұрт
Абдырады, айланды,
Айланып кеңес таппады.
—Аузында отыз тісі босаған,
Сұм аяқты, сұпа бөрікті,
Сыпыра сынды сұм жырау
Жағын жібекпен тарттырып,
Салтанатқа үлде менен бүлдені арттырып,
Алып келші бері!—деп еді.
Сұм аяқты, сұпа бөрікті,
Сыпыра сынды сұм жырау
Алып бір жетіп келгештен,
Еңкейіп үйге кіргештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Тұрады дағы толғайды.
Тұрады да сарнайды,
Сарнайды да жырлайды.
Жырласа, сансыз ноғай қорлайды,
Өкіліне түскен жақсылар
«Бұл не оқиясы болды?» деп,
Шыдай алмай жылайды.
Өкіліне түспес жамандар
«Қартайғанда қазымыз,
Нені айтып былшылдайды?» деп,
Жүре бара жатып тыңдайды.
—Мен қартыңмын, қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын!
Бастық та Бастық, Бастық хан,
Оны көрген қарыңмын.
Андан соңғы Кедей хан
Оны көрген қарыңмын.
Андан соңғы Ала хан,
Оны көрген қарыңмын.
Андан соңғы Қара хан,
Оны көрген қарыңмын.
Андан соңғы құлағы шұнақ Назар хан,
Оны көрген қарыңмын.
Он екі тұтам оқ тартқан
Онан соңғы ер Шыңғыс,
Оны да көрген қарыңмын.
Мұнарасы қырық құлаш,
Өзден сұлтан Жәнібек,
Оны көрген қарыңмын.
Ұлы бабаң Домбауыл,
Соны көрген қарыңмын.
Жас та болса Тоғым хан,
Мен сені көрген қарыңмын!
Мен жүз сексен беске келгенде,
Шықпаған жан жүргенде,
Менен дәурен кеткенде,
Саған дәурен жеткенде,
Сонша хандар өткенде,
Кешегі кеткен
Еңсесі биік, ерні салпы құбаша ұл,
Мен сонша жасқа келгелі,
Сондай ерді көрмеген қарыңмын!
Артындан келіп сынасам,
Қаһардан пайда болғандай.
Алдынан келіп сынасам,
Лапыдан пайда болғандай.
Сонау бір жалғыз кетер сол,
Сәтемір ханға жетер сол.

Тағы оқыңыз