Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бөген батыр (10-бөлім)

Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (І үлгі) · 2 мин оқу

—Ханның қызы Ақборық,
Аманбысың, саумысың?
Аман-есен бар болсаң,
Басыңды көтер, Ақборық,
Бөген келді қасыңа.
Жаның болса кеудеңде,
Тұр деп айғай салады,
Екінші айғай салғанда,
Ақборық орнынан тұрады.

—Батыр-ау! Әйелдігімен жатқа қатын болып, ішіме бала салып, соның үшін бетіңді көре алмай тұрмын,—дейді. Ішіне киімін тығып, Бөген батыр не дер екен деп, буаз әйел болып далаға шықты. Бөген:—Бір бала емес, он бала тапсаң да, жүр соңымнан,—дейді. Қыз тіпті он бала тапсаң да жүр дегенге риза болып, күліп, ішіндегі тыққан киімін алып тастап, батырға сәлем берді. Біраз уақыт сәлемдесіп болғаннан кейін, елге қайтпақшы болды. Елге қайтқанда Ақборықты іздегендегі соғысқан жерімен жүрмекші болады. Сол соғысқан тауына қарай жүріп, жолшыбай олжалап алған жүгін артып, қырық құл, қырық күң алып, еліне қайтып келе жатады.

Малды топтап айдайды,
Дүниені теңдеп артады.
Қаңғырып жүрген сорлыны
Лек-лек қылып қосақтап
Айдаса жөнге жүрмеген,
Жүген, құрық тимеген,
Құландай болып ойнаған
Мал соңына салады.

Осындай айдаған сансыз мал, есепсіз байлық, қосақтап мал соңына салған құлмен, күңмен ай жарым өткенде, әкешешесінің Жиренкөліне жетеді. Жиренкөлге жақындағаннан кейін батырдың өзі бастап, көл жағасына келіп, қонып тынығады. Айдап келген малдың жайылып жүргенін Жанайдың жылқышылары көріп, «не деген көп мал» деп, мал ішін аралап, қонған қосқа келсе, өздерінің қолынан өсірген Бөген батыр екенін көріп, амандасып танысады. Амандасып болған соң, жылқышылар қайғымен қан жұтып отырған кемпір-шалға хабар салып, сүйінші сұрауға бет-бетімен елге шабады.

Ауылға келіп, кемпір-шалдан сүйінші сұрайды. Бірақ, бұрын да «Бөген келді» деп алдаушы еді, сондықтан кемпір-шал нанбайды, әйтсе де рас айтылған шығар деген оймен екі басы толы бір қоржын ділдә береді. Шыдай алмай, Жиренкөлдің жағасына қарай шал жүре берді. Жылқышылар ділдәні үлесіп, мәз-мәйрам болып қалды.

Көздерінің алды іріңдеп,
Көкірегі сырылдап,
Басқан сайын сүрініп,
Келе жатқан секілді.

Әрі-бірі жүрген соң, қырдың басына шықты. Қыр басынан төмен қарағанда, Жиренкөлді, ондағы жайылып жатқан малды көрді де, бүкеңдеп төмен қарай жүре береді. Бұл уақытта Бөген мен Ақборық «кемпір-шалдың жүрегі жарылып кетер» деп алдынан шығып, қол қусырып бабасына қолын берді. Кемпір-шал баласының аман-есен келгеніне қуанып, он сегіз жасар қыз бен жігіттей болды.

Қасқа болған шешесі
Тілеп алған жалғыздың
Жүрегіне жүрегін таяды,
Өкпеге өкпе тигізді.
Ойбайын салып жылады,
Шыбындай жанын бұлады.
Шағалалы көлдей шалқыды,
Қатып қалған көңдері
Қорғасындай балқыды.
Таудағы жаман тарландай
Дарылдап даусы шығады.
Ителгі құстай ыңқылдап,
Күшігіндей шыңқылдап,
Таң азанда сайраған
Бұлбұл құстың дауысындай
Кемпірдің даусы аңқыды.

Бөген кемпір-шалдың жылауын қоймайтынын білген соң:

—Ай, ата, ана неге жылайсың, қойыңыз! Балаңыз аман келді ғой,—деді. Кемпір-шал жыласқанын қойып, Бөгеннің тіккен отауына келіп, мауқын басып, үйіне кері қайтты. Үйіне келіп, бүкіл ноғайлы елін Жиренкөлге жағалай қондырды. Елдің көбі бір жерге жиналған соң мал сойып, ат шаптырып, алтын қабақ аттырып, балуан күрестіріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, халықты қызыққа батырды.

Тағы оқыңыз