Бөген батыр (6-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (І үлгі) · 2 мин оқу
Ал жеңгесі сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Айналайын, бикешжан,
Мен жориын түсіңді,
Кешегі көрген ісіңді.
Жирен деген көлдердің,
Күдірейген белдердің
Ақ иығы көрінсе,
Көк алалы көп жылқы
Көлге толып жатқаны.
Бағатұғын адам жоқ,
Бұрынғыдай заман жоқ.
Алты қанат ақ орда
Жығылыңқы көрінсе,
Жылжып қонып жатқаны.
Кешегі кеткен атекең
Кешегі бауырды атқаны.
Тостағандай толы көз
Жұмылыңқы көрінсе,
Кешегі бауырды өлтіріп,
Мақсатына жеткені.
Мен жорыдым түсіңді,
Кеше көрген ісіңді.
«Жеңеше, теріс жорыдың» деп,
Көк кіреуке күймемен
Қырық қызы қасында,
Өзі он төрт жасында,
Кешегі көрген батырын
29-310
Іздеп алып кетеді.
Маңдайы күнге күймеген,
Табаны тасқа тимеген,
Күймеден басқа мінбеген,
Былқылдаған Ақборық
Батырға жетіп келеді.
Келе сала Ақборық,
Тұрыңыз,—деп ақырды.
Қасындағы қырық қыз
Обатаста тұр еді,
Келіңдер,—деп шақырды.
Ал сол мезгіл Ақборық
Екі рет айғай салғанда,
Оянбады ол батыр.
Үшінші айғай салғанда,
Көтеріп басын алады.
—Кәпірдің қызы ұйқымды бұздың,—деп,
Көк семсерін қолға алып,
Өлтіремін,—деп айғайлап,
Қызға қарай ұмтылды.
Сонда Борық сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Ақылсыз туған жас батыр,
Тентек болдың сен,—дейді,
Тентек болған нең?—дейді.
Құдайдан бөтен пана жоқ,
Өзіңнен басқа қара жоқ,
Ұйықтап жатқан жеріңде
Малды баққан малшы бар,
Есікте жүрген жалшы бар,
Өлтіріп кетер қайтесің?
Өлтіріп кеткен кезіңде
Арманда боп кетер,—деп,
Дүниеден босқа өтер,—деп,
Оятып едім мен,—дейді.
Ханның қызы Ақборық,
Іздегенің мен,—дейді.
Көзін ашып қараса,
Енді болды тамаша:
Ай десе аузы бар,
Күн десе көзі бар
Ақборықтың өзі екен.
Семсерін сап қынына,
Үлкен басын кіші етіп,
Асыл туған батырың
Қасына келді жақындап.
Аман-сауды сұрасып,
Бір-бірімен танысып,
Әбден болды қыз бен ер.
Бұдан кейін батыр мен қыз үш күн, үш түн сол жерде болады.—Бұл қалмақтың қатыны мен баласын құр соғысып өлтіріп, обалына қалма, себебі: сенің дабысың еліңнен шыққанда естіліп, он екі патша қол асты болып, алдыңнан шыға кетті «өлтіреміз» деп. Жұрттың обалына қалма, одан да жылдам барып Қарайман қалмақтың батырының қос қара аты бар, соны әпкел. Сол қара атты әкелсең, қашып кетелік, дариядан қарғып өткізеді,—дейді. Сол қара аттарды алып, үш күнде кел, сонда мен де келіп, осы дарияның жағасында жолығалық,—дейді. Мен түрлі ділда алып келейін, сен қос қара атты алып кел,—дейді. Қыздың сөзін естіген ер Бөген
Екі айылды бек тартып,
Құйысқанды бос тартып,
Қос қара атты іздеп жөнеді.
Желе-желе келеді,
Түн ұйқысын бөледі.
Желіп жортып түн қатып,
Кірпігіне мұз қатып,
Армай бала келеді.
Көп айтатын несі бар,
Қалмақтың батыры
Қарайманның сарайына
Айнымай келіп кіреді.
Жамандатқыр қос қара ат,
Тоғыз қабат темір үй
Ішінде тұрып сезеді,
Жау келгенін біледі.
Сарайда дүбір салады,
Дүбірінен тұлпардың
Бала да тауып келеді.
Бір тұрмады кідіріп,
Қоршалап тоғыз қабат
Темірден салған сарайды
Аударып келіп тастайды,
Қос қара атты алады.
Ат қолына тиген соң,
Артық туған батырың
Енді кейін салады.