Бөген батыр (4-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (І үлгі) · 2 мин оқу
Олай қылсаң, Тайшұбар,
Риза емен саған-ай,
Мен де сенің анаң-ай.
Нәсілің айуан болғанмен,
Сен де менің балам-ай.
Тоғыз қабат темір үй
Ішіне салып баққанмын.
«Мойныңа қыл арқан батад» деп,
Жібектен арқан таққанмын.
«Үстің күнге күйер» деп,
Мақпалдан жабу жапқанмын.
Сусыныңа сүт беріп,
Жеміс төгіп алдыңа,
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Дәретсіз қолды тигізбей,
Осылайша баққанмын,
Бабыңды сөйтіп тапқанмын.
Қарағым, саған аманат,
Ойлай көрме жаманат,
Еш қылмағай қиянат!
Жыл он екі ай болғанда,
Тапсыра көр аманат!
Осыны айтып шешесі,
Қала берді баладан.
Қош айтысып баласы,
—Шүу, жануар, шүу,—деді,
Шүу десе, Шұбар гуледі.
Табаны тасқа тақылдап,
Ауызда тісі сақылдап,
Қаздарменен жарысты.
Сол уақыттар болғанда,
Үстіндегі жас бала
Басыменен алысты,
Ауыздығы қарысты.
Өлмей қолдан жас бала,
Беретін емес намысты.
Көк ойыл болып көпірді,
Өз-өзінен есірді,
Ор киіктей секірді.
Шаңды шаңға қостырып,
Келе жатқан секілді.
Қырқадан қырқа асады,
Асқан сайын Шұбарға
Көкей қамшы басады.
Жері келмей жануар,
Арандай аузын ашады.
Арандап шапқан уақытта,
Шұбар аттың бауыры
Қырық кездей созылды.
Шапқан жерін қарасаң,
Жерошақ болып қалыпты.
Әр төбеден қылтылдап,
Найзаның ұшы жылтылдап,
Келе жатқан секілді.
Түлкі жортпас дүлейден
Түнде жортып өтіпті.
Қарсақ жортпас қара ойдан
Бұдан да аман өтіпті.
Енді алдыңда не қалды,
Аспанменен тұтасқан,
Адам жөннен адасқан
Сеңгір-сеңгір тау қалды.
Бұған таман барады,
Тауға көзді салады.
Ауыр әскер қолы бар,
Алмалы да салмалы
Жалғыз аяқ жолы бар,
Бұдан да аман өтеді.
Ар жағында не қалды,
Алты айшылық дария
Өткелі жоқ сол қалды.
Алты жасар баланың
Астындағы Шұбар ат,
Қолтығында қос қанат
Алты айшылық дарияға
Түсейін деп ойлайды.
«Шүу» десе, Шұбар жүрмеді,
Қалшиып қарап тұрады
Жалмауыздай емініп,
Екі аяғын тебініп,
Шұбарды бала ұрады.
Сонда Шұбар сөйледі,
Астыңғы ерні жыбырлап,
Үстіңгі ерні қыбырлап,
Сөз айтады Шұбар ат:
—Мәстектен айғыр салды ма,
Есектен бие тапты ма?
Туысым тұлпар болса да,
Ерімді алшы, аунайын,
Жүгенді алшы, оттайын.
Аунап-қунап алайын,
Боздың басын шалайын.
Мұны естіп жас бала,
Атынан түсе қалады.
Ер-тұрманды сыпырып,
Байшұбардан алады.
Сол кездерде Шұбар ат
Аунап-қунап қалады,
Боздың басын шалады.
Ақсары бас қу болып,
Аспанға ұшып барады.
Құдайдан басқа пана жоқ,
Өзінен басқа қара жоқ,
Туысқан-туған және жоқ,
Бала жаяу қалады.
Аттан айрылып қалған соң,
Көзінің жасы көл болды,
Аппақ дария сел болды,
Жылағанмен болмады.
Сол уақытта ер Бөген
Ер-жүгенді жастанып,
Бөген батыр жатады.
Ұйықтап жатқан жерінде
«Басыңды көтер, балам,» деп,
Түсінде аян береді.
Көтеріп басын алады,
Жана болды тамаша.
Төрт аяғы тең жорға
Әр аяғы келідей.
Келісіммен жаралған,
Шекесімен қараған.
Он екі құлаш Шұбар ат
Қарсы алдында баланың
Жер тепкілеп тұр екен.
Шұбар атқа көз салсаң,
Сауырына қарасаң,
Төңкерген қара қазандай.
Ту сыртына қарасаң,
Суда жүзген сазандай.
Құлағына қарасаң,
Қиып қойған оюдай.