Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бөген батыр (5-бөлім)

Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (І үлгі) · 3 мин оқу

Екі көзге қарасаң,
Парлап жанған шырақтай.
Танауына қарасаң,
Түбі түскен шелектей.
Бауыр етіне қарасаң,
Мал жайлауы даладай.
Омыраудың екі арасы
Салып қойған көпірдей.

Бұл сияқты Шұбарға
Ер-жүгенді салады.
Ер-жүгенді салған соң,
Бала мініп алады.
Сол уақытта жас бала:
—Шүу, жануар, шүу—деді,
«Шүу» деген дыбыс шыққанда,
Шұбар ат гулеп жөнеді.
«Алты айшылық дарияны
Алты күнде өтем» деп,
Уәде етті Шұбар ат.
Асыл туған Шұбар ат,
Қолтығында қос қанат.
Алты жасар баланың
Шыбындай жаны аманат.
Қиын-қыстау жер болса,
Сақта, Құдай, сәлемет!
Алты айшылық дарияны
Бес жарым күн жүргенде,
Түс қайтысы қалғанда,
Асыл туған Шұбардың
Аяғынан әл кетіп,
Мойнынан жал кетіп,
Борбайынан қан кетті.
Ағысы қатты дария
Тұлпарды жаман меңдетті.
Су ішіне көлбетті,
Ағысыменен сырылып,
Ағынды бөліп жылысын,
Отаудай болған ақ көбік
Сауыры, басын шаяды.
Ал енді бала қысылды,
Аққа мойнын ұсынды.
Атынан қайыр кеткен соң,
Басынан дәурен өткен соң,
Бала енді сөйледі:
—Жасаған, ей, Құдайым,
Ұрысатын жау емес,
Суға не амал қылайын?!
Тапсырып еді жан шешем
Көзіңнің қырын сал-ау,—деп.
БабаТүкті шашты Әзіз
Шаршағанда ат бер,—деп,
Шөлдегенде су бер,—деп.
Өмірде көрген жалғызға
Көз қырыңды сал-ау,—деп.
Қиын болды, жан шеше,
Артымнан ерген қара жоқ.
Сүйегім алтын қор болып,
Итке-құсқа жем болып,
Суға кетіп барамын,
Аллаға бар ма шараңыз?!
Су ішінде қалғаным,
Басымды жалғыз жалмадым,
Әттең, Тәңір, қайтейін?!
Көкіректе қалып тұр
Арылмастай арманым.
Көп жылатпай батырды,
Пірлері жәрдем береді.
Пірі жәрдем берген соң,
Айы туып оңынан,
Тілегі қабыл болады.
Ат маңдайын түзетіп,
«Шүу, жануар, шүу» дейді,
«Шүу» десе, жануар гулейді.
Ашып көзін жұмғанша,
Айтып сөзін тынғанша,
Судың шықты шетіне.
Қалмақ деген қатты жау,
Қысылып шыққан жас бала
Қайраңның түсті үстіне.
Қаңтарып тастап Шұбарды,
Көпшікті алып басына,
Ештеңе жоқ қасында,
Ұйықтап жатып қалады.
Жеті күн, жеті түн,
Күні-түні он төрт күн
Ұйқысы батырдың бар екен.
Қалталы Қарайманның
Жалғыз қызы Ақборық
Қырық қызы қасында,
Өзі он төрт жасында,
Сол сияқты сұлудың
Суға түсер жері екен.
Қос қара атты пар жеккен,
Ортасына тай жеккен.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген.
Күймеден басқа мінбеген
Сұлу түсе келіпті
Көк пәуеске күймемен.

Ақборық қыз жақындап келіп, төбедей болып жатқан батыр мен атты көреді, қасындағыларға айтты:—Мына жатқан Жанайдың жалғызы Бөген батыр деген. Мені іздеп келген екен. Біздің ел бұл батырды «ел шетіне келгізбейміз» деп, он екі патша қол асты боп, алдынан шығып кетіп еді. Содан кейін қыздарға айтты «оят» деп. Қыздар қорқып ешнәрсе демей тұрып қалады, батырды барып оята алмайды. Ақборық қыздардың қорыққанын біліп, өз жеріне қайтты. Батыр ұйықтап қала берді. Қыз шәһарға барып, бір тәуір көретін жеңгесіне түс ретінде айтты:

—Айналайын, жеңеше,
Артықша көрем өзгеше.
Мен бір бүгін түс көрдім,
Түсімде ғажап іс көрдім.
Қанжығадан қан көрдім,
Ат сауырынан тер көрдім,
Бұл не болар, жеңеше?
Жирен деген көлдердің,
Күдірейген белдердің
Ақ иығы көрінді,
Бұл не болар, жеңеше?
Көк алалы көп жылқы,
Есепсіз бойдақ көп жылқы
Шашылыңқы көрінді,
Бұл не болар, жеңеше?
Алты қанат ақ орда
Жығылыңқы көрінді,
Бұл не болар, жеңеше?
Кешегі кеткен атекем
Қолындағы садағы
Жапырыңқы көрінді,
Бұл не болар, жеңеше?
Тостағандай толы көз,
Жабылыңқы көрінді,
Бұл не болар, жеңеше?
Елге келді бір көрім,
Қиратып жүр қаланы,
Шулатып жүр баланы.
Бір түбектей қылып жүр
Жалпы жатқан қаланы.
Қақпаның аузын қандатып,
Шарбақтың аузын шаңдатып,
Есік ойран, төр талқан,
Бәрін бірдей қырып жүр,
Бұл не болар, жеңеше-ау?

Тағы оқыңыз