Бөген батыр (1-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (І үлгі) · 3 мин оқу
Жасы алпысқа келген Жанай дейтін шал болған. Руы— ноғайлы. Отыратын жері Жиренкөл дейтін көл екен.
Жасы алпысқа келгенше,
Құдай бала бермеген,
Көзінің жасын көрмеген,
Соңынан перзент ермеген.
Алпысқа келген жасы бар,
Аппақ болған шашы бар.
Бір перзентті көре алмай,
Ажалы жетіп өле алмай,
Әуре болған басы бар.
Сол күндерде Жанай шал
Аса таяқ таянып,
Таң сәріден оянып,
Қолына құрық алады,
Беліне жүген шалады.
Жирен деген көлдерге,
Күдірейген белдерге,
Көп жылқы жатқан жерлерге
Соған таман барады.
«Ұстайын,—деп—бір атты»,
Құрығын алып ұсынды.
Тапа-тал түс болғанда,
Бір жылқы ұстап міне алмай,
Шалы құрғыр қысылды.
Маңдайынан күн қақты,
Бір тайды ұстап міне алмай,
Шыбын жанды қинапты.
Қиналғанын мұнан біл,
Тілі аузына симапты.
Бір тай ұстап міне алмай,
Отыра қалып жылады,
Шыбын жанын бұлады.
Көзінің жасы көл болды,
Аппақ дария сел болды.
Көзінің жасы төгіліп,
Омырау бауы сөгіліп,
Қызарып күн батқанда,
Түн ортасы өткенде,
Таңға таман жеткенде
Қызарып келіп күн шықты.
Күн астына қараса,
Будақтаған шаң шықты.
Шаң астына қараса,
Көк есегі астында,
Аса таяғы қолында,
Өзі ақтың жолында,
Басында бар сәлдесі,
Үстінде бар мөлдесі
Жетіп келді бір адам.
Сол [кісіге] Жанай шал
«Жасы үлкен ағам деп,
Ақсақалды бабам» деп,
Иіліп сәлем береді.
«Қош» деп сәлемін алады
Әлгі келген бабаңыз,
Жанай шалға сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Балам, неге жылайсың,
Айтшы маған сөзіңді,
Білдірші маған жөніңді?
Сонда Жанай сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айналайын, жан ата,
Менің немді сұрайсың?
Жас алпысқа келгенше
Құдай бала бермеген,
Соңымнан перзент ермеген,
Көзімнің жасын көрмеген.
Тал құрығын таянған,
Таң сәріден оянған
Мен бір жүрген бейшара.
Күннен күнге меңдеген
Менің жөнімді сұрасаң,
Алпысқа келген жасым бар,
Аппақ болған шашым бар.
Бір перзентті көре алмай,
Ажалдан бұрын өле алмай,
Әуре болған басым бар.
Сонда қарт бабаң сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Олай болса, ей, балам!
Үйге таман барыңыз.
Төрт түлікті малыңыз,
Төбе басын алыңыз.
Қойдан қошқар шалыңыз,
Түйеден бура шалыңыз.
Төрт ошақты қаздырып,
Арқыратып айғыр шалыңыз.
Ел-жұртыңды жиыңыз,
«Көп батасы—көл» деген,
Көптен бата алыңыз!
Сол кездерде Жанай шал
Ордаға қайтты жүгіріп,
Етек-жеңіп түрініп.
Алпысқа келген бейшара
Итсигекке сүрініп,
Үйге таман келеді.
Төрт түліктей малымен
Төбе басын алады.
Аталған малдың бәрін де
Қорқыратып шалады,
Елі-жұртын жияды.
«Көп батасы—көл» деген,
Көптен бата алады.
Бағанағы бабасы:
—Жанай шал,—деп ақырды,
Мұнда кел,—деп шақырды,
Қолыңды жайшы, сен,—деді.
Қолын жайды шал Жанай,
Сол секілді бейшара-ай.
Бабасы бата береді:
«Атса, мылтық өтпейтін,
Шапса, қылыш кеспейтін,
Суға салса, батпайтын,
Отқа салса, күймейтін,
Құдай күші болмаса,
Адам күші жетпейтін,
Бір перзентті бергенін,
Көзіңнің жасын көргенін».
Батасын беріп бабасы,
Ғайып болып жөнелді.
Үйге келіп жатыпты,
Жеті күн және жеті түн
Ол қызыққа батыпты.
Күндерден-күндер өткенде,
Күн мөріне жеткенде,
Ай тұтас толғанда,
Күн нәрі болғанда,
Қарын жетті бұлтиып,
Құрсақ кетті томпиып.
Сол күндерде кемпірің
Бір баланы табады,
Атын Бөген қояды.
Омырауы есіктей,
Балтырлары бесіктей,
Кеудесінен басы зор,
Кірпігінен қасы зор,
Кісіден қорқар жан емес.
Іздегенін сұрасаң,
Қып-қызыл шұнақ төбелес.
Сол секілді балаңыз
Бір жасына келеді.
Екі жасқа келгенде
Елеулі болды еліне.
Үш жасына келгенде
Белдеуге атты байлады.
Төрт жасына келгенде
Төредей болды еліне.
Бес жасына келгенде
Белдемше буды беліне.
Алты жасқа келгенде
Жирен деген көлдерде,
Күдірейген белдерде
Жанайдың жалғыз баласы
Қарауыл қарап жүргенде,
Жайшылық күні Құдайдан
«Жау келсеші» деп тіледі.
Жау қарасын көре алмай,
Ажалдан бұрын өле алмай,
Сол секілді балаңыз
Үшқуыс деген салаға,
Айтатыр деген далаға
Асық ойнап барады.
Ноғайлының қырық баласы—
Олар да асық ойнап жүреді.
Жанайдың жалғыз баласы
Қолындағы асығын
Ақ тақырға салады.
Сол секілді жалғыз ұл
Ұтқанын ұтып алады.
Ұтылып қалса ноғайдан,
Өзі мықты болған соң,
Тәңірі берген жұдырық
Әрқайсысын бір ұрып,
Асығын тартып алады.