Бөген батыр (7-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (І үлгі) · 3 мин оқу
Бұл қыздың айтқаны үш күншілік емес, төрт күншілік жер екен, бала төрт күнде келеді. Батырдың бұрын уәде еткен жеріне Ақборық үш күнде келді, батырды тосып тұрды.
Ақборықты тосып жүрген қызылбастың Қарасүймен атты батыры бар екен, ол екі мәстегімен дарияға қармақ салып, екі дырау балық алып Ақборықтың келетінін біліп Қарасүймен қараңғыда келіп жетеді. Ақборық бала келген екен деп алдынан шығып, қараңғыда танымай, екі атының біреуіне мініп, жүріп кетеді.
Екеуі болып қосылып,
Басқан ізі жосылып,
Желіп жортып келеді.
Таң атып, тал түс болғанда, еріп келе жатқаны Қарасүймен екенін біліп, қыз көлденең тартып тұрып алады. Тануына себеп: батырдың алдынан жүрсем асылық болады, адымнан жүрсін деп, батырды алдына салғанда ғана көреді. Көріп болғансын,— «Мені Құдай ұрған екен, арқамнан дауыл соққан екен, атым әйел, не істеймін» деп еріп жүре береді.
Бірнеше күн жүрген соң,
Бір жерлерге әкеліп,
Түндіктен түнді көрсетіп,
Түтіктен суды бергізіп,
Алып барып салады,
Қырық құлаш зынданға.
Бұл Ақборық пен Қарасүймен жата берсін.—Ал атасы әйел Борық бір күнді кем айтқан екен.
Төрт күнде қос қара атты алып Бөген батыр келеді. Келсе қыз да, болмаса хабар да жоқ. Батыр ашуланып: «Кәпірдің қызы алдаған екен» деп, қос қара атты иығынан кесіп тастап, Шұбар атты тепкілеп, шәһарға қарай жүре береді.
Ашуланып, арланып,
Ыза болып долданып,
Өз-өзінен қорланып,
Шәһарға келді арындап.
Қалаға келіп шетінен,
Қирата берді қаланы,
Шулата берді баланы.
Бір түбектей қылып жүр
Жалпы жатқан қаланы.
Қар жаудырып қабақтан,
Ілдіріп жүр тамақтан!
Сол күнде байқап қарасаң,
Бауыздап жүр тамақтан.
Қақпаның аузын қан қылды,
Шарбақтың аузын шаң қылды.
Есік ойран, тор талқан,
Бөлек-бөлек қылып жүр.
Астына мінген Шұбарын
Тепкілеп алып айдап жүр.
Елдегі қалған кемпір-шал
Екі қолын байлап жүр.
Тас көшенің үстінде
Шал-кемпірдің өкшесін
Атқа бастырып айдап жүр.
Артық туған Борықты
Қайткененен де таппады.
Бала ойды ойлады,
Ойласа ойға тоймады.
Келтіруге өз ойын,
Көп қалмаққа жол тартты.
Қалаға келсе кемпір-шалдан басқа жан жоқ екен. Бөген ойлайды. «Қой бұл қаладан ешнәрсе шықпас, үйіріліп жатқан қалмақтың көк шебіне барып, он екі патша қол астына ойран салып, Ақборықты тауып бер» деп, жанжалды салайын деп, бала жүріп кете берді.
«Барып ойран салам» деп,
—Ал, жануар, шүу,—деді,
Шу деген сайын гуледі.
Тұлпардан туған Шұбар ат
Табаны тасқа тақылдап,
Азу тісі сақылдап,
Қаздарменен жарысып,
Алты жасар жас бала
Ауыздықпен алысып,
Құйындай шаңы бұрқылдап,
Ұршықтай саны бұлтылдап,
Әр төбенің басынан
Ат төбелі қылтылдап,
Келе жатқан секілді.
Атаңа нәлет Қарайман!
Асхабқа айғай салады:
—Жиылып бері келің,—деп.
Асқар-асқар таулардан
Дүрбіменен қарады.
Үш күншілік жерлерден
Баланы көзі шалады.
—Алты жасар жас бала,
Асхабтар бермен келіңіз,
Қызықты мына көріңіз.
Ашуланып, арланып,
Ыза болып долданып,
Келе жатыр, мінеки,
Өздерің көзбен көріңіз.
Қорқайын дедім мен,—деді,
Аумайтын қара жер,—деді.
Қайнаған қара бұлттай,
Қайнап біткен болаттай.
Тұлғасына қарасаң,
Сайдан шыққан қола аттай.
Жеңсіз берен киінген
Асхаб деген әскерді.
Лашын құстай түйілген
Келе жатыр бір көрім,
Қорқайын дедім мен,—дейді.
Кел, алдынан барайық,
Етегіне басты салайық!
Қырық мыңдай аусаршы
Алдауменен баланы
Аусарға бүріп алыңыз!
Аусарменен алмасаң,
Құдайдың өзі болмаса,
Келмейді бұған әліміз.
Келе жатыр жас бала
Шұбар атты борбайлап,
Бір амалын табыңыз!
Қорқайын дедім мен,—дейді.
Әскерді бала көреді,
Әскерді бала көргесін,
Манағы айғай, айғай ма
«Ақборықты табың!» деп,
Құлшынып ілгері ұмтылды.
Ұмтылғанда Шұбар ат
Екі күншілік жерлерге
Жарты күнде келеді.