Бөген батыр (3-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (І үлгі) · 4 мин оқу
Сонда тазша сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Атаңа нәлет, жас бала,
Енеңе нәсет, жаса бала,
Ақылсыз туған бейшара
Өлтірейін өзіңді,
Қазайын, бала, көріңді,
Естимісің сөзімді?!
Жаныңды сенің аламын,
Қаныңды судай ішемін,
Кет дегенде, кет енді!
Кет дегенде кетпесең,
Істейтінім сол енді!..
Жүре берді ол тазша
Сонда да бала қоймады,
Бұл кедергі болмады.
Емен таяқ қолында
Қисайып барып ол тазша,
Баланың асау шұбарын
Қолында емен таяқпен
Қақ орайға салады.
Бұ да күшті ит екен,
Сол мезгілде шұбар тай
Омақасып құлады.
Бермейтінін білген соң,
Бұзылғанын көрген соң,
Алты жасар жас бала
Ашуланды, арланды,
Шамырқанды, шамданды,
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Беренге бала сыймады.
Бұл уақытта жас бала
Аттан түсе қалады,
Ағасына таман барады,
Жағасына қолды салады.
Көтеріп ұрып ағасын
Кеудесіне мінеді.
Қойнына қолды салады,
Сақа түгіл басқасын
Бәрін де тартып алады.
Сақасын бала алған соң,
Қоя беріп тазшаны,
Алты жасар жас бала
Жүгені жоқ, ноқта жоқ,
Тайшұбарға мінеді.
Тұла бойы шаң болып,
Аузы-басы қан болып,
Тазша тұра келеді,
Таяғын қолға алады.
Тұра келіп Жантекей,
Алты жасар баланың
Шылбырынан алады,
Ала сала сөйлейді:
—Айналайын, қарағым,
Қайырлы болсын талабың!
Кәтепті қара нарымсың,
Ноғайдағы барымсың?
Батыр туған қарағым,
Он екі айлық шөлі бар,
Он үш айлық жері бар
Ұлы жолға барғайсың.
Алты айшылық ақдария
Өткелі жоқ тағы бар.
Батыр туған құлыным,
Сексенге келген атаңды,
Қырыққа келген анаңды,
Қалқам, өзім бағайын.
Батыл еді жүрегің,
Балуан еді білегің,
Сол қиғаштың тауына,
Қызылбастың жұртына,
Жалғызым, соған барғайсың,
Ағаңның тілін алғайсың.
Баратұғын жұмысың
Қызылбастағы Қараман
Жалғыз ғана қызы үшін.
Алар жарың сол деймін,
Тиетін ері сен деймін,
Тілімді алсаң соған бар.
Ал сұлу жайын сұрасаң:
Оймақ ауыз, ақ маңдай,
Екі беті мақпалдай.
Жалғыз атты жолаушы
Аулынан шықпай жатқандай,
Жалғыз атын сатқандай.
Қар қандай, ақ қандай,
Аққа түскен дақ қандай.
Оң қолының басы алтын,
Қиғаш қара қасы алтын.
Кірпігі оқтай тізілген,
Аш күзендей бүгілген.
Исі жұпар аңқыған,
Талай кісі барулы
Ақборықтың даңқымен.
—Ай, қарағым-ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, көрген кісі талып қалады, оны айтамысың, талмақ түгіл өліп қалады. Бала бармақшы болып, ағасын тайға мінгізіп алып, Жанайдың ақ ордасына келеді.
Келіп алып ордаға,
Астындағы шұбарын
Белдеуіне байлайды.
Үйретусіз шұбарға
Ер жүгенді салады.
Он екі қабат ақ сауыт
Жағадан сілкіп киеді,
Шұбар тайға мінеді.
Балдағы алтын кіреуке
Аш беліне іледі.
«Аллалап» атқа мінгенде,
Төсекте жатқан бәйбіше
Жалғызға көзін салады.
Анықтап келіп қараса,
Қабағы жаман қатыңқы,
Түсі жаман қашыңқы.
Бір сұмдықтың болғанын
Енді кемпір біледі.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Жаулығын салып мойнына,
Жүгіріп енді келеді,
Шылбырынан алады.
Келе сөйлей береді:
—Айналайын, қарағым,
Қайырлы болсын талабың.
Қабағың жаман қатыңқы,
Түсің жаман қашыңқы,
Қай сапарға барасың?
Кететін жолың айтып кет.
Жалғыз туған баласың,
Омыртқаң әлі өскен жоқ,
Қабырғаң әлі қатқан жоқ,
Бесік табы арқаңнан
Әлі күнге кеткен жоқ,
Аузыңдағы емшектің
Мерзімді күні біткен жоқ.
Айналайын, жүрегім,
Кететұғын жөніңді айт!
Үндемеді баласы,
Тағы да кемпір сөйледі:
—Айналайын, жалғызым,
Алдыңда тұрған ағаң жоқ,
Артыңда туған інің жоқ,
Құдайдан басқа панаң жоқ,
Артыңда туған інің жоқ,
Өлігіңе шара жоқ,
Жалғыздықтан басқа мінің жоқ.
Сен кеткен соң, қарағым,
Сексенге келген бабаң бар,
Қырыққа келген анаң бар,
Кете қойсаң, қарағым,
Біз байғұсқа дәурен жоқ.
Әттең, Тәңірі, қайтейін,
Өткенің бе дүние боқ?
Атаңа нәлет қу тазша
Асық ойнап жүргенде,
Бүлдірерін білгемін.
Айтпасаң да, білемін,
Ашпасаң да, көремін.
Қиғаштың қызыл тауына,
Қызылбастың жұртына
Сапар шегіп барасың.
Он екі патша қол асты
Ғұмырыңда есеп бар,
Ол қалмақта есеп жоқ.
Қызылбастың патшасы
Қалталы Қарайманның
Қолындағы жалғыз қыз
Ақборықтай сұлуды
Жалғыз да тартып аларсың.
Тентек болдың, қарағым,
Тентек болған сен деймін.
Тілімді алсаң, қарағым,
Бұл сапарды қоясың!
Жақынның жауы жаман-ды,
Жақыннан дұшпан аңдыса,
Аударып кетер табанды.
Сонда бала сөйлейді:
—Қайырмаңыз, анажан,
Тіліңді тіпті алмайын,
Сөзіңе құлақ салмаймын.
Күлкі болып дұшпанға,
Аттан қайта түскенше,
Алғаны жақсы Құдайдың!
Шеше, қылма уайым,
Алты жылда келемін.
Алты жылда келмесем,
Он екі жылда келемін.
Он екі жылда келмесем,
«Тие берсін» қыла бер.
Осыны айтып жас бала,
«Шүу, жануар, шүу» деді.
Шылбырын салып мойнына.
Шешесі тағы сөйледі:
Маңдайдағы құндызым.
Тілімді алмай барасың
Қарағайдай бұтақсыз,
Сексеуілдей тамырсыз,
Жалғызым, болдың сабырсыз.
Айналайын, Құдай-ай,
Өлгенде көрген жалғызым!
Қиын болды біздерге,
Тайып кетсе табаның.
Туысқан-туған жоқ еді
Соңынан мұны іздеуге.
Тілімді алмай барасың,
Ұлдан жалғыз баласың.
Қалмақ деген жаман жау,
Жаныңды салма араға-ай.
Қарағайдай бұтақсыз,
Сексеуілдей тамырсыз,
Неге болдың сабырсыз?
Көріскенше күн жақсы,
Адасса, жолға салып жүр,
Сүрінсе, қолдап алып жүр!
Мәдинеде Мұхаммет,
Түркістанда Ахмет,
Шаршағанда ат болып,
Шөлдегенде су болып,
Өлгенде көрген құлыным.
Осыған көзді сала жүр!
Қалқам мінген шұбар ат,
Қолтығында қос қанат,
Өлгенде көрген құлыным
Сіздерге енді аманат!
Қалқамның мінген керігі,
Айуан да болса серігі.
Қиғаштың қызыл тауына,
Қызылбастай жауына
Құлыным менің барғанда,
Кәпірге ойран салғанда,
Аяғыңнан әл кетіп,
Мойныңнан жал кетіп,
Борбайыңнан қан кетіп,
Үстіңдегі жалғызды
Жау ішіне қалдырма?!