Бөген батыр (8-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (І үлгі) · 4 мин оқу
—Бұған Құдайдың әлі жетпесе, басқаның әлі жететін емес, бір қыз үшін бәріміз қырыламыз ба?—деп, асхабтар қаша берді. «Хан не істер дейсің?» деп, жүз кісімен өзі қалады.
Бұл кезде бала тауға шығып қараса, ай тұтылып, күн күркірегендей шаңды көрді. Ол шаң қашқан асхабтар еді. Шаңды көрген соң «мені көріп келе жатыр екен» деп, қаружарағы, атымен серттесті:
—Астымда мінген Шұбар ат,
Қолтығыңда қос қанат!
Мен мына жауға тигенде,
Кәпірге аттан салғанда,
Аяғыңнан әл кетіп,
Мойныңнан жал кетіп,
Борбайыңнан қан кетіп,
Үстіңдегі жалғызды
Жау ішінде шөлдетіп,
Тиіссіз мені меңдетіп,
Тастап кетпе, Шұбар ат!
Олай етсең, Шұбар ат,
Риза емен мен саған!
Осыдан жауға барғанда,
Жалғызбын деп қорқып,
Қалшиып қалып бір жерде,
Ұрыса алмасам, маған серт!
Екі жүз кез ақ найза,
Жау ішінде қысылып,
Ақыл таппай торығып,
Шанша алмай қалсам, маған серт!
Мен шанышқанда, жарықтық,
Жас шыбықтай қайысып,
Бір шалуға жарамай,
Ұңғыдан кетсең, саған серт!
Балдағы алтын кіреуке
Осыдан жауға барғанда
«Жалғызсың» деп қорқып,
Ақыл таппай торығып,
Шаба алмай қалсам, маған серт!
Мен шапқанда, жарықтық,
Тасқа тиген пышақтай,
Жапырылып қалсаң, саған серт!
Сөйтіп тұрғанда, шаң басылды. Бұл уақытта бала жау қашқанын білді. Жүз кісі қасында, Қарайман хан өзі отыз жасында балаға қарсы жүрді.
Көп айтатын несі бар,
Желе-желе келеді,
Қасына қарсы келеді.
Хан алдына келгенде,
«Жасы үлкен адам деп,
Ақ сақалды бабам» деп,
Бала сәлем береді,
Сәлемін қабыл алады.
Қарсы алдынан қараса,
Астында бар көк ала ат,
Үстінде бар сұр сауыт.
Бес елі қырпу басында,
Тап өзі отыз жасында.
Дауысы күндей күркіреп,
Екі мұрты жер тіреп,
Танаудан алған демдері
Үріккен қойдай дүркіреп,
Маңдайында жалғыз көз,
Былдыр-былдыр сөйлеген,
Адам түсінбес сөзіне.
Сақалы бар қырық құлаш,
Кірпігі бар бес құлаш,
Көлденеңі қос сажын,
Ұзындығы он сажын,
Кісіден қорқар пенде емес.
Іздегенін сұрасаң,
Қып-қызыл шұнақ төбелес!
Маңдайдағы жалғыз көз
Табақтай болып жалтырап,
Алты жасар жас Бөген
Жапырақтай қалтырап,
Қарсы келді жас бала.
Қарсыма-қарсы келгенде,
Қарайман сөйлей береді:
—Желе-желе желесің,
Қай сапардан келесің?
Бала, хабар бересің
Қайсы байдың ұлысың?
Өтірік айтпай, шыныңды айт,
Өтірік айтсаң, өлесің!
Астыңдағы Шұбарды
Олжалыққа бересің.
Өлтірмейін өзіңді,
Мұнымды қалай көресің?
Құртақандай баласың,
Оттай қаулап жанасың.
Өтірік айтпай, шыныңды айт,
Қайбір жақтан келесің?
Ат жүрсе, тұяқ күйген жер,
Қандай тұлпар болса да,
Ат тұяғы тимеген жер.
Сонда Бөген сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Менің немді сұрайсың,
Мен Жанайдың жалғызы
Бөген бала—мен,—деді.
Іздегенім сұрасаң,
Қалталы Қарайманның
Жалғыз қызы Ақборық
Кездесе алмай жүргенім.
Мен, мен едім, мен едім,
Мен де өзіңдей ер едім.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Астымдағы Шұбар ат
Олжалыққа бергендей,
Өзің қандай, мен қандай?!
Мен де өзіңдей қас маңдай,
Қағысам десең, кел бері-ай!
Сонда қалмақ сөйлейді:
—Үлкенбісің сен менен
Кішімін бе мен сенен,
Кезегімді бересің,
Мұнымды қабыл көресің!
Сонда Бөген сөйлейді:
—Асығып тұрсаң, қалмағым,
Кезегіңді қалмақ алсаң,—деп,
Қасқайып қарап тұрады.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды,
Қозы жауырын оқ алды.
«Шұбар аттың басы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлетін жерің осы» деп,
Қолындағы жақпенен
Аямай тартып қалады.
Бөгенге оғы жетеді,
Тоғыз қабат сауыттың
Сегізінен өтеді.
Оғын қағып жіберді.
Зымырап барып ор жаққа
Бір төбені көтеріп келіп тастайды.
Ей, сол күндерде байқасам,
Тартқан екен аямай.
Астындағы Шұбар ат
Жеті қабат қара жер
Тізесінен кіреді.
Таралғысы үзіліп,
Табаны жерге тиеді.
Алты жасар жас бала
Оқ ағыны жаман ғой,
Он екі құлаш Шұбардың
Сауырысына мінеді.
Алты жасар жас бала
Түзеліп қайта мінгенше,
Қалтаға қолды салғанша,
Қалмаққа уәде болмады,
Кезегіне тұрмады.
Көп уақыт болмай-ақ
Екі берен алысты,
Жағаға қолды салысты,
Ат үстінен алысты.
Бірі-бірін ала алмай,
Қас масқара болысты.
Тап бір айдан асқанда,
Тағы ай жарым болғанда,
Ерлердің талды өздері,
Аттың талды белдері.
Астындағы тұлпарлар
Жерге жата қалысты.
Жаяу түсіп алысты,
Беліне тұсау салысты.
Ойлы жерлер сай болды,
Қырлы жерлер ой болды,
Ұлы қиғаш тау болады.
Тұла бойы жаралы,
Аузы-басы қан болды.
Алты жасар жас бала
Қабырғасы қайысты,
Омыртқасы майысты.
Маңдайынан күн қақты,
Таңдайынан шөл қақты.
Шаршады, білем, жас бала,
Тілі аузына симады.
Сол сияқты жас Бөген
Шыбындай жанын қинады.
Бабалап айғай салады:
—Құдай жалғыз, мен жалғыз,
Бір жәрдемді бер,—дейді.
Атаңа нәлет қалмақты
Қолтықтап алып барады.
Ұзын шұбақ тіректей
Апарып жерге сұлатты.
Ту сыртынан жарады,
Жүрегін кесіп алады.
Ер жүрегі қайтар ма,
Қанын сіміріп салады,
Сусыны енді қанады.