Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Отыз ұлды Ойсыл немесе Сіргелі ұрпақтары (ІV нұсқа) (2-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу

Әйел затынан хан мен оның жасауылдарының киімін тігетін, он саусағынан өнері тамған «алтын қайшылы» шебер әйел Әзбике деген қатын ғана аман қалады. Ойсылдан ұрпақ қалдырмауға бекінген ханның оған мән бермеуінің себебі— Әзбикенің бедеу атанып, бала көтермегенінен екен.

Хан қызының толғағы келіп, ұл туады. Жібек жөргекке орап, далада малдың жатқан жерінен көң ашып, баланы соған жасырып, Әзбикеге хабар етеді. Әзбике анамыз баланы бауырына басып, емізіп еміренгенде, бедеу атанған анамыздың емшегінен өз-өзінен сүт шығады. Оң жақта отырған қызының екіқабат боп қалған жағымсыз ісінен кейін Жәнібек хан намыстанып көшіп, Ертіс басы Қарадеңгейге барып, сол жақта хандық құрады.

Тұрымбет батыр алыс сапардан оралып келсе, бауырларына хан Жәнібек қырғын келтіріпті. Тек Жәнібек батырдың қызынан туған Бораштың баласы ғана Әзбикенің қолында қалыпты. Ол баланы ел-жұрттан жасырып, көңге көміп, ылғи іңірде емізіп баға береді екен. Содан «көң, көң, көң, іңір, іңір, көңір» деп жүріп, бала «Көңірдек» атанып кетеді. Бұрын бедеу атанып, енді ғана қос анарынан сүт шыққан «алтын қайшылы» Әзбике Тұрымбетке қосылып, Нан және Нау деген екі ұл перзент көреді. Кейбір шежірелерде Науды «Манат» деп атаған жері де бар.

Әрі-бері өткен жолаушы Тұрымбеттің үйінде ойнап жүрген үш баланы көріп: «Мынау бейшаралардан да үш таңба қалыпты ғой»,—деп айтады екен. Сонда Көңірдек, Нан, Нау—үшеуі «Үштаңбалы» аталады. Тұрымбет Жәнібек ханның туын ұстаушы болғандықтан, ел-жұрт Тұрымбеттен туған Наудың үрім-бұтағын «Тутаңбалы» деп атап кетіпті. Шешесі Әзбике «алтын қайшылы» шебер атанғандықтан оның Нан деген баласының ұрпағынан Қайшылы руы тарапты. Кей деректерде қайшылы Әзбикені «Қайшылыбике» деп атайды.

Бораш батырдың төркініне кеткен қатынынан ұл бала туып, оның атын Құбасай қояды. Ол кей әңгімелерде Құтабай деп те аталады. Құбасай дегені алпамсадай палуан боп өседі. Он екі жасқа толып, балиғатқа жетіп, додаға түскенде, одан серкені алатын жан шықпайды. Ақыры Алшын—Жағалбайлылар намыстанады да, Қыдырбайға:

—Сен елмен бол, иә болмаса жиеніңмен бол!»—депті. Содан Құбасайдың алдына құлынды қырық биені салып, еліне қайтарады. Сонда бала:

—Мұнша көп малды алдыма салмаңыз. Жол торыған ұры мен қарақшы кездессе, малымды аламын десе, қайтемін?—деп сұрайды.

—Байұлымын десең ешкім тиіспейді,—депті атасы.

Сонда Құбасайдың лақап аты «Байұлы» боп тарап кетеді. Ол уақытта биенің қымызын жолда азық етеді екен. Сондықтан да нағашы жұрты құлындар биені еміп қоймасын деп, құлындарының мұрынына сірге өткізіп, мұрындық салып береді. Құбасай еліне келіп, Тұрымбеттің үш баласына аман-есен қосылады. Бұрынғы үштаңбалы енді «Төрттаңбалы» боп атанады.

Көңірдектен Уылдырық, Буылдырық деген екі бала болады. Дәулет бітіп, ақ отау тігіп отырған Уылдырық ұрпағы «Ақкөңірдек» атанса, кедейлеу болған Буылдырық ұрпағы «Қаракөңірдек» атанып кетеді.

Құбасайға нағашылары тарту еткен құлындарының біреуі жүйрік болып шығады. Оның «жүйрік сіргелі тай» деген атағы тарап, «сіргелі, сіргелі» деп жүріп, Ойсылдың өсіп келе жатқан жалпы әулеті «Сіргелі» аталып қалады.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз