Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сіргелі тайпасының шығу тегі жайлы (ІІІ нұсқа) (1-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу

Жәнібектің бір ерке қызы бар екен. Сол қызға Ойсылдың ең кенже ұлы Бораштың көңілі ауады. Кенже ұлдың сотқарлау келетін әдеті бар емес пе?! Байлығы тасыған әкенің, кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай батыр ағаларының арқасында Бораш тіршілікке мойын бұрмай, ел қыдырып, үнемі серілік құрып жүреді екен. Сөзге көсем, тілге шешен Бораш әу дегенде-ақ ханның сұлу қызын өзіне қаратыпты. Сөйтіп, бір-біріне ынтық болған жастардың тілегі ақ неке дәстүрін аттаумен аяқталыпты. Ол заманда ата-ананың рұқсатынсыз жасалынған мұндай іс кімге болса да қылмыспен бірдей саналған. Сөйтіп, ел ішінде қалыптасқан қатал заңды аяққа таптап, іңкәр сезімнің жетегіне еріп қалған екі жастың тағдыры осылайша тығырыққа тіреліпті. Өйткені хан қараға қыз бермейтін кер заманның жұртты «ақсүйек», «қараша» деп бөлінетін таптық салты екеуінің қосылуына кедергі жасапты.

Хан қызының аты—Жанбике еді. Сол Жанбике бөтен көзден таса, келесі бір құпия кездесуде Борашқа бойына бала біткенін сездіріпті.

Албырт Бораш мұны естіген соң әкесі Ойсылдың алдына келіп құлады:

—Әке, сіздің алдыңызды орадым. Өйткені сіз алдымен біреумен төс қағыстырып, құйрық жесісіп, құда болуыңыз керек еді. Осыдан кейін ғана қалыңдық менікі болуға тиіс-тін. Бірақ болар іс болды. Ақ шымылдықсыз, қызмет көрсетер жеңгесіз мен екінші біреуге ие болдым. Ер жігітке екі әйел көптік қылған емес қой. Бірақ сізге келін—маған екінші әйел болатын адам өзіміз секілді қарашаның қызы емес, ханның қызы. Қыздың аяғы ауыр. Халы мүшкіл! Ханға кісі жіберіп, құда түсіңіз. Төре болса, төбеден түскен жоқ қой. Өзіміз секілді ол да екі аяқты пенде. Жағдайды түсінер,—деді.

Қарт Ойсыл ойлады:

«Отыз ұлым атқа қонса, жер қайысқан қол емеспіз бе? Артымнан шұбырған немерелерім анау, бәрі де отау иесі болып қалды. Сай-тасқа сыймай, шашырап жатқан малдарым мынау, жеті жұт қатарынан келсе де қырып тауыса алмас. Шүкір, өз атақ-даңқым да өрге домалап тұр. Інім Үйсіннен тарағандар да бір табын ел. Ендеше менің ханнан қай жерім кем. Жәнібек те жан-жағын терең ойлайтын кісі емес пе? Біріміз хан, біріміз қара болғанымызбен, даңқ-дәрежеміздің бірдейлігін еске алар. Осыны ойласа, құдалығымызға қарсы болмас...»

Сонымен Ойсыл хан Жәнібекке бар жағдайды айтып, кісі салды.

Қызының төре тұқымына қызмет ететін қарамен көңіл қосқан уәделестігін есіткен Жәнібек ашуға бой ұрып, бас уәзірі Қырғиқабаққа Ойсыл әулетін құртуды тапсырады.

Оған Қырғиқабақ:

—О, хан ием, бұл істі көпке жария етпей, Ойсылдан тараған әулетті бір түнде құртуға болады. Ұлы жүз ауқымды, іргелі ел ғой, оған күшіміз жете ме? Оның үстіне, Әбілқайыр ханның қысымына шыдамай Алтын Орда қарамағынан ауа көшіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш өңір деп осы Шу бойына, Ұлы жүз ішіне келгенімізге де көп уақыт болған жоқ. Біздің сүйенеріміз Моғолстанның билеушісі Есенбұға десек, арқа сүйер тірегіміз етекті ел Ұлы жүз болып тұр. Сондықтан бұл істі шариат жолымен туралайық,—депті.—Болар іс болып кетті, ашуды ақылға жеңдірейік те, қызымызды Борашқа береміз деп құда түсейік, бізді шақырсын, құда кәдесін жасасын. Сөйтіп, Ойсыл әулетінің сенімінен шыққан боламыз. Әрі құда болғанымыз жайлы ел құлақтанады. Ойымыздың астарын ешбір жан байқамайды. Құда түсу кезегі бізге де келеді. Сонда іске асырар кегімізді алу үшін құдалар түскен кезде жау шауып кетті, қырғынға ұшыратты деп, олардың көзін құртамыз!»—дейді.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз