Отыз ұлды Ойсыл немесе Сіргелі ұрпақтары (ІV нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу
Ойсыл отыз ұлды болыпты. Хан Жәнібектің уақытында әрі дәулетті бай, әрі өте зорлықшыл болған екен. Олардың ішінде Бораш мырзаның домбырашылық өнері басым болыпты. Бораш әрі балуан, батыр болыпты. Ол хан Жәнібектің қызына ғашық болып, сөз байласып, кездесіп жүреді. Бір күні қыздың екіқабат екені де білінеді. Бұл ұнамсыз жағдай Жәнібек ханның құлағына шалынып, ол ашуланып, қыздың шешесін алдына шақыртып алады да:
—Сенің басыңды кесемін, қызыңа неге ие болмайсың?— дейді.
Оған ханның бәйбішесі:
—Хан ием, сіздің қолыңыздағы қаншама уәзір мен жасауылдар батыр да палуан денелі Бораштың бетін қайтара алмағанда, менің қолымнан не келеді?—деген сұрақпен жауап беріпті.
Бас уәзірді шақырыңдар!—деп айқайлайды хан.
Жәнібектің бас уәзірі Жағалбайлы руынан шыққан кісі екен. Бас уәзірі Қырғиқабақ та ханның қызына іштей ғашық болып жүреді екен. Хан осы уәзіріне:
—Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Бұдан Борашқа қызымды беріп құтылайын ба, қайтеміз?—дегенде, ол:
Үш күнге мәулет бер, мен ойланып, жауабын берейін,— дейді.
Үш күннің ішінде өз ойынша бас уәзір бір іс жоспарын жасайды да, хан алдына кіріп:
—Тақсыр, хан ием, Борашқа қыз беруге болмайды. Біріншіден, сіз хан тұқымысыз, ол—қара. Екіншіден, зорлықшыл отыз ұлды Ойсылмен құдаласып, қандай жетістікке кенелемін дейсіз. Одан гөрі оларды үрім-бұтақтарымен қоса көздерін құрту керек. Ол үшін «қызымды беремін» деп дәмелендіріп, өтірік той жасаңыз. Отауларды қатар-қатар, бір-біріне тіркеп, қырық отау тіккізіп, олардың ішінен ор қаздырып, босағаларына екі жендеттен қойыңыз. Күтуші жігіттер құда балаларды отауларға біртіндеп кіргізсін. Сол кезде екі жендет олардың басын кесіп тастай берсін!—дейді.
Жәнібек хан сөзді мақұл көреді де, Ойсылдың бір баласы ту ұстаушы Тұрымбетті өлімге қимай, көп уақыт жүретін ұзақтау сапарға жұмсайды.
Сөйтіп, «Борашқа қызымды беремін» деп, Ойсылды бар балаларымен қоса тойға шақырады. Оның алдында ғана Бораш Алшын руынан Қыдырбай деген дәулетті кісінің қызына үйленген көрінеді. Сол жас қатыны, өзінің үстіне тоқал түсіртетін бұл құдалық жолына ырзалық бермей, өкпелеп жүреді. Бораш ханның қызына қалайда некелесіп қосылуды көздейді де, наразы қатынын төркініне апарып тастайды.
Ойсылдың бауыры Үйсілдің жеті ұлы бар екен. Олар:
—Хан сендермен құда болуға қалай келісім беріп отыр? Сонда, амалсыздан қызының сырын ашық жария еткені ме? Бұл ақылға қонбайды. Тойға бармаңдар, хан қиянат жасайды,— дейді.
—Сендердің бос үгіттеріңе сеніп, басымызға кеп тұрған бақытты тебеміз бе?—деп, Ойсыл балаларының біреуі де оларды тыңдамай, тегіс тойға барады. Болашақ құда балаларды сақадай сай қаруланған жігіттер күтіп алып, қолтықтап, тігілген ақ отауларға біртіндеп кіргізеді. Екінші бір күшті жігіттер аттарды байлап, үзеңгілерді сылдыр еткен дауысын шығармай, кесіп тастай береді. Соңында жеті-сегізі суық тірлікті байқап, қашып аттарына мініп үлгереді. Сол уақытта алдын ала дайындап қойған найзаларды найзагерлер алады да соңынан қуады. Үзеңгісі жоқ тұлпарларға мініп, Ойсыл балалары ойдағыдай шайқаса алмай, көпшілігі опат болады. Олардың ауылына хан жасағы келіп, жас балалар мен екіқабат қатындарына дейін жаусатып салады. Сол кездегі отыз ұлды Ойсыл ұрпақтарының қырылған жері «Өлікті» деп аталады.