Орта жүздің алты қожадан тарауы туралы (ІІ нұсқа)
Шежірелік аңыздар · 1 мин оқу
Жанарыс [тың] екі қатыны болыпты, бірде-бірінің пұшпағы қанамай: «Бізге көру қайда, Жас иісті баланы-ай!»—деп, зарығып, қамығып жүрген күндерінде ойламаған жерден алты қожа кез болып, қона қалыпты.
Сонда қожалар мұның шын құлап, ықылас қылған пейіліне риза болып:
—Осы алтауымыз да атымызды бердік. Алты ұлға ата боласың!—деп, баталарын беріпті. Аттары: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Смағұлқожа, Қосымқожа.
Сонан соң қатындар буаз бола бастап, бәйбішеден—төртеу, тоқалдан екеу туыпты. Алтауына алты қожаның атын қойыпты. Бәйбішеден туған төрт бала: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа. Қарақожадан—Арғын, Аққожадан—Найман, Ақтамбердіқожадан—Қыпшақ, Дарақожадан —Қоңырат, Тоқалдан туған—Смағұлқожа, Қосымқожа. Біреуінен—Керей, біреуінен—Уақ.