Ұлы жүздегі «Үш тамғалы» Сіргелі руларының шығу тарихы (ІІ нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу
«Ұлы жүзде бері келе Бақтияр деген атадан екі бала болады»—деп еді. Үлкені—Ойсыл, кішісі—Үйсін. Ойсылдан «Үш тамғалы» мен «Сіргелі» тарайды. Ойсылдың отыз ұлының бірі—Бораш батыр екен.
Бораш кезінде ру көтеріп, жау басқыншыларға қарсы бірнеше жорық-шабуылдарға шығыпты дейді. Тағдырдың жазуымен Кіші жүздің ханы Жәнібектің (қай Жәнібек екені әзірге белгісіз) әскерін басқарып қалады. Жәнібек жалғыз қыздан басқа перзент көрмеген дейді. Қызы бойжеткен күндердің бірінде Бораш пен қыз бірін-бірі сүйіп, тіл табысып, екеуі үйленбек болады. Табиғат заңы бойынша, жастықтың әсерімен екеуінің тәндері де жақындасып, қосылған екен.
Мұны қыз әкесі білмейді. Қызының қатардағы адаммен сондай уәделестігін естігенде хан ашу шақырып, ызадан жарылып (өртеніп) кете жаздайды. Себебі «ақ сүйек—хан тұқымы» қыздарын «қараларға» әйелдікке бермейді екен. Не істерін білмеген хан бас уәзірімен оңаша отырып ақылдасқан екен.
—О, хан ием, бұл істі көпке жария етпей, Ойсылдан тараған әулетті бір түнде құртып шығуға болады,—депті бас уәзір.— Егер ашық іске кіріскенде Ұлы жүз ауқымды, іргелі ел ғой, оған күшіміз келе ма, жоқ па? Мұны «шариғат жасына» туралайық. Біз қызымызды Борашқа береміз, Ойсылдан тараған еркек кіндіктілер құдалыққа келсін. Қызымызды отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап ұзатамыз,—деп хабарлайық дейді.
Қырғиқабақтың (бас уәзірдің ел қойған аты) бұл ақылын хан мақұлдап үлкен, кең алқапқа қырық үйді жалғастыра тігеді. Бәрінің шығар есігі біреу-ақ. Тосын хабарды қуана қарап алған Ойсыл әулетінің еркек кіндіктісі түгелдей атқа қонып, сол түні хан ордасына жетеді. Мейман күту, құда түсу рәсім, салтдәстүрлері басталады. Әрине, құда күтушілердің сырттары күліп тұрғанмен, іштері түнеріп тұр еді.
Ел дастархан басына отырып болған кезде далаға байланған Ойсыл әулетінің аттарының тартпа-бау, айылдарын, үзеңгі бауларын кесіп, тізгіндерінде шолақ етеді. Алдын ала даярланып қойылған бірнеше топ баскесер—жасауылдар үйден шыққандардың бастарын кесе береді. Солайша Ойсыл әулетін бір түнде қырып болған хан Жәнібек оған қосымша бұйрық жариялайды: «Ойсыл әйелдерінің жүктілеріне тыңшы қойылсын, егер ол әйел ұл туса, сол кезде-ақ өлтірілсін, қыз тапса, тимеңдер!».
Ханның бұл қаралы бұйрығынан соң жесір қалған Ойсыл әулетінің әйелдері төркіндеріне кете бастайды. Ордада тек «алтын қайшылы Ізбике» атанған Бораштың бәйбішесі ғана қалады. Пұшпағы қанап көрмеген Ізбике қолы ісмер, аса өнерлі пішуші, тігуші атанғандықтан, Орда адамдарының киімдерін әсемдеп тігіп, хан иесіне жағымды болып қалған көрінеді. Оны «қайшылы Ізбике» деп те, «қайшылы кемпір» деп те атайды екен. Ізбикенің күндесі Бораштың екінші әйелінен (жалайыр руының қызы) Тола, Нан деген екі ұл туады. Жасырын өсірген екі ұлдың бірі Толаға өзі ие болып, Нанды Ізбикеге әкеліп: «Мынаны ал да, өзіңе бала етіп, бауырыңа сал!»—деп тастап кетеді.
Хан күмәндәніп жүрер деп сескенген Ізбике Нанды: «Мына баланы жаугершілік болған жерден тауып алып едім, өлсе, обал болар, асырап бер, ақыңды төлеймін!»—деп бір әйелге береді.
Бұл шақта хан дүниеден өтіп бұйрығы күшін жойды ма, кім білсін, әлгі әйел Нанды асырап, адам етіп, ер жеткізіп Ізбикеге қайтарыпты. «Қайшылы кемпірдің» тәлім-тәрбиесінде өскен Наннан тараған ұрпақ өсе келе ұлғайып, «Қайшылы» деген ел атанады.