Сіргелі тайпасының шығу тегі жайлы (ІІІ нұсқа) (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Дәстүр бойынша, Ойсыл әулеті төрелерді құдалыққа шақырып, жақсы ниеттердің барлығы айтылып жатты. «Қара халық хан әулетімен құда болды, төренің қызын Бораш алыпты»,—деген әңгіме үйден үйге, елден елге тарап кете берді. Ойсыл әулетінің жақсылары өздеріне құрылар тордың боларын, елдің егесіз қаларын, аналардың жар мен баладан айырыларын қайда білсін. Құдалыққа шақырған соң хан ауылына төрт көзі түгел болып барған. Орда маңында құдаларды күту үшін жасалған дайындықтар күні бұрын жүріп жатты. Киіз үйлер шеңбер бойымен бір-біріне тақастыра тігіліп, қырығының да есік жағы шеңбер ішіне қарай ашылатын болып орналастырылады. Сол үйлерге жайғасатын адамдар кіретін де, шығатын да сыртқы есік біреу ғана болды. Меймандарды күтіп алып, қызмет істеп жүрген адамдар ісінде де мін жоқ. Әр үйге енген адамдар уытты шараптарға бой алдырған сәтте Жәнібек жағы көп жылқыны тігілген үйлерге қарай қуа айдап, жау шаптылып айқай-сүреңге салды. Ойсыл балалары далаға шыға ұмтылған кезде, алдын ала даярланған жендеттер олардың бастарын шаба береді. Құтылып шығатындары бола қалған жағдайда қашып кетпесін деп аттарының мінер жағының таралғысын қиып, тартпасын босатып, тізгінін үзіп қояды. Осындай айламен жасалған келісімнен кейін меймандарды қырғынға ұшыратқан Қырғиқабақ жазалаушы топты бастап ешнәрседен хабары жоқ, тыныш ұйқыда жатқан Ойсыл ауылына қарай бағыт алады. Көпшілік жүрген жерде Жәнібектің жасап жатқан әрекеті хабарсыз қала ма, сатылап сол түннің ішінде жайсыз хабар Ойсыл ауылына жеткені сол екен, есітіп қалғандары жан-жаққа бас сауғалап көзге түспей кетуге әрекетін жасайды.
Уәзіріне қосымша бұйрық берген Жәнібек: «Ойсыл ұрпағының еркек кіндіктілері қалдырылмасын, екіқабат әйелдер арасына тыңшы қойылып, ұл туса—сол кезде-ақ өлтірілсін, қыз туса—тимеңдер»,—деп айтқан қатал үкімі орындалады. Бұл жағдайды баяндай келе, Ойсыл ауылында еркек кіндік қалмады деп күңіренеді шежіре.
Осы оқиғадан кейін Жәнібек Қаңлы мен Үйсін Ойсыл үшін кек алып жүрер деген оймен бар елін жиып, Арқаға қарай ауа көшеді. Ұзақ жол үстінде баяғы Бораштан екіқабат болып қалған Жанбикенің ай-күні жетіп, толғақ қысады. Жәнібектің мұны білсе, өзін де, баласын да өлтіретінін сезген Жанбике қасына Қайшылы бике дейтін сенімді күтуші әйелін ертіп, таң алакеуімде көштен жырақтап барып, бір сайдың ішінде босанады. Нәресте ұл бала болып шығады. Жанбике оны алғашқы аналық уызбен емізіп алады да, Қайшылы бикеге егіліп отырып былай дейді:
—Ойсыл сорлының шаңырағы күйреді, Құдайға шүкір, менің туғаным ұл боп шықты. Мен бұл баланың қасында қала алмаймын. Қалсам, әкем іздеп келіп, екеумізді де өлтіреді. Бірге тағы алып жүре алмаймын. Себебін өзің білесің. Осы бала өмірлі болсын десек, менің кетуім керек. Мұнымен сен қал, лаждап адам ғып өсір. Ойсылдан ұрпақ, Бораштан тұяқ қалсын!..»
Арада біраз уақыт өткенде жорықтан оралған Тұрымбет өз жұртының орнын сипап қалды. Бар оқиғаны естіген ол Жәнібек ханды шауып аламын деп, қолын ертіп, көштің соңына түсті. Екі-үш күн жүрген соң айдаладағы жалғыз құдықтың басында жас баламен отырған Қайшылыға жолығады. Мән-жайға қаныққан Қайшылы Тұрымбетке тоқтау айтты: «Азғантай ғана қолыңмен хан елін қалай шаппақсың? Сен оны емес, ол сені өлтіреді. Райыңнан қайт! Мына баланы алып, елге баралық. Екеуміз бірігіп, түтін түтетейік. Әкеңнің сөнген шоғын маздатып, елдің іргесін көтерейік...»