Сіргелі тайпасының шығу тегі жайлы (ІІІ нұсқа) (3-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Тұрымбет Қайшылының айтқанына көнді. Баланы алып, Қайшылыны атына мінгестіріп, Жиенқұм жеріне келді. Шағын болса да мәзірін жасап, Қайшылы екеуі үйленді. Әлгі балаға көң арасына түсіп еді, сондықтан өсіп-өнсін деген ниетпен ырым ғып «Көңірдек» деп ат қойды. Жылдар өте Көңірдек өсіп, ержетті.
Сарысу бойындағы хан Жәнібек ауылында Ойсыл ұрпақтарына жасалған ойраннан бұрын Бораш мырзаның әйелі төрт жасар Құбасай деген баласымен Кіші жүздің Алшын руының атақты байы Қыдырбай әкесінің үйінде меймандықта жатқан еді. Қыдырбай Ойсыл әулетіне ханның жасаған қатыгездігін қызына айтып, еліне баруға болмайтынын, бара қалса Құбасайға төнетін қауіпті ескертіп, жібермей қойған. Уақыт өтіп жатады, осылайша жиен нағашысының ауылында өсіп, әкесі мен туған-туыстарын ұмытуға айналады. Ержетіп келе жатқан Құбасай ауыл балаларымен қосылып жарамазан айтып, тапқандарын бөліске салмақ болғанда Құбасайға табыстан аз беру үшін балалардың бірі: «Олжамызды алдымен әкесі барларға береміз»,—дейді. Құбасай:
—Менің де әкем бар, маған неге олжаны тең бөлмейсіңдер?—деп өзеурейді.
Сонда балалардың бірі:
—Қыдырбай сенің әкең емес, ол шешеңнің әкесі»,—деп айтады.
Осы сөзді есіткен Құбасай үйіне келіп, шешесінен:
—Менің әкем қайда? Мен кіммін? Руым кім?»—деп сұрайды.
Шешесі жауап бермеген соң:
—Үйде нан да жоқ екен, бидай қуырып бер»,—дейді. «Бұл бір нәрсе есітіп келген бе?»—деп ойлаған анасы сөзге келмей айтқанын орындайды.
—Қарның ашса, жей ғой,—деп ыстық бидайды уыстап берген кезде оны Құбасай уысының сыртынан қос-қолдап қысып:
—Әкемнің кім екенін айтпасаң, жібермеймін!—деп біраз тұрып қалады.
Ыстық бидайға қолы күйіп бара жатқан анасы:
—Айтайын, қолымды босат!»—деп жалынады.
Әлден соң:
—Әкең Ұлы жүздегі Майқы бидің ұрпағы—Ойсылдан туған Бораш,—деп, өз білгендерінің бәрін айтып береді.
—Мен еліме неге бармаймын, туыстарымды неге таппаймын, әкемнің ағайындары кімдер, қонысымыз қай жер, өз жұртымызға кетеміз»,—деген баласының қиғылығын есіткен ана оған елге оралуға болмайтынын ескертсе, Құбасай өкпелеп тамақ ішпей, үйден шықпай жатып алады. Мұны есіткен нағашысы Қыдырбай:
—Балалығы шығар, бірге ойнаған құрдастарынан бір нәрсе есітті ме екен, басылар»,—дейді.
Жиенінің өкпесі тарамай ұзақ жатып қалғанын өз көзімен көрген нағашысы:
—Түбінде бұл жерде қала қоймас, «жиен ел болмас, желке ет болмас» деген осы да,—деп еншісін беріп, ата-бабасының қонысына апарып, Үйсін әулетіне табыс етейін деген оймен бірнеше түйеге жүк артқызып, жанына қызметші қосып, ақсарыбас түйеге көш бастатады. Көштің белгісі болу үшін алты ақ түйені салт қосады, үйірлеп жылқы айдатып, қоралап қой береді. «Ақ түйең алтау ма еді?» деген мақал осы көшке байланысты шыққан деседі. Бұзау мен құлын ембесін деп тұмсықтарына сірге байлатқан. Сірге анасының шабы мен бүйіріне қадалған соң енесі шоршып түсіп төлін емізбейді. Сірге—төлді енесінен күдер үздіру (емшектен шығару) үшін қажет болса, ал оның анасының оңалуына пайдалы әдіс. Құбасай көшіндегі бұзау мен құлынға салынған сірге—көш ұзақ жол жүретін болғандықтан ондағы адамдардың айрансыз, қымызсыз қалмауы үшін жасалған тәсілі.
Көш Ұлы жүзге қарай бет алған соң нағашысы Қыдырбай көшті бастаушыға «Ханның адамдары Құбасайды Ойсыл әулеті екенін біліп қойып қастандық жасап жүрер» деген сақтықпен:
—Жолда сұрағандарға Кіші жүздегі Байұлымыз деңдер»,— деп үйретеді.
«Ойсыл мен Үйсін бабаларыңның негізгі қонысы Қазығұрт тауының маңы еді. Көш басын сонда тіреңдер, туысыңды сол жерден табасың!»—дейді ол тағы. Қыдырбайдың «Байұлы» деп отырғаны Алшын, Әлім—үшеуі де Кіші жүздегі үлкен ру аттары. Көш қазіргі Бөген ауданы Қ.Спатаев атындағы совхоз жеріндегі бір төбешік бауырына ат басын тірейді. Бұл жерде біраз күн демалып аялдапты. Бұзауы мен жабағысына сірге салған кім деген сөзден, Құбасай «Сіргелі бала» атанып, ол біраз күн қоныс еткен төбешік «Сіргелі төбе» атанады. «Байұлы», «Сіргелі» деген сөздер—Құбасайға осылайша берілген қосымша лақап аттар.