Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Соңғы ханның құпиясы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Абылайдың көп ұлдарының ішінде қалмақ қызынан туған Қасым басқа балаларына қарағанда қаһарлы, уытты, көкжал туса керек. Халық оны «қан шеңгелдеп туған Қасым» деп атаған. Абылай қайтыс болып орнына үлкен ұлы Уәли хан болды. Арқа-басы кең, қазақшылығы мол Уәлидің тұсында Орта жүз қазақтарының жеріне орыстар қоныс тебе бастады. Мұны ұнатпаған Қасым ағасы Уәлиге әкесі Абылайдың жолын берік ұстауды ескертеді. Қасым: «Әкеміз Абылай елін, мекендеген жерін орыс, қытай, қалмақтан қорғауда басын қатерге тігіп, бар өмірін сарп етіп еді. Ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ кең далада қос тепкен көшпелі қазақтардың басын қосып, ынтымақ бірлігі зор, жауына намысын жібермейтін іргелі ел етіп, сыртқы шетелге танытып еді. Пышақты бос ұстаған қолын кестірер болмасын»,—дейді.

Уәли інісінің сабақты сөзіне құлақ аспады. Жансыздары арқылы Қасымның қарсы ниетін білген Ресей патшалығы отрядтарын жіберіп, Қасым ауылын шауып, тыныштық бермейді. Сондықтан Қасым Көкшетаудан қоныс аударып, көшуге бел байлайды.

Иә, ол кезде Абылай қайтыс болса да, отыз ұлдың еншісі бөлінбеген еді. Қасым төрт түлік малдың тең жартысын жігіттеріне айдатады. Отыз ұлдың бірі қайтыс болып, әйелі Ажар сұлу жесір қалады. Оны Уәли әмеңгер ретінде баурына басады. Сол Ажар Қасымға ілесіп бірге көшеді. Қасым балаларымен бір түнде ағасы Уәлидің үйіне келеді. Ай жарық, киіз үй түрулі, керегенің көгенінен кеудесі жарқырап жатыр екен. Қасымның ойы: «мал-жанды рұқсатсыз алып барамын, бір ауыз ескертейін, жандығын салып үстемдік көрсетсе, көңілін қалдырып, өз көңілімді суытып кетейін» деп. Ол:

—Уәли аға, малдың жарымын айдап Қаратауға көшіп барамын, Ажар «көптің бірі болып шаңырақ түйеге мінгенімше, ортақтан оңаша бұзауым артық» деп, ол да бізбен ілесіп кетіп барады, бұған не дейсіз?—дейді. Қасымның бір беткей мінезін жақсы білетін Уәли:

—Әй, Қасымжан-ай! Алсаң өз малыңды алыпсың, алсаң өз жесіріңді алыпсың, соның несін маған айтып тұрсың?—депті. Ол ағасының аталы сөзіне әбден риза болып, ілгері жүріп кетеді.

Қасым болса Орта жүздің арғын, керей, уақтың бірнеше мың үйін соңына ертіп, Қаратаудың теріскей өңіріндегі Шу, Созақ бойына қоныс тебеді. Сол кезде бұл жердегі қазақтарды қоқандықтар сүліктей сорып, билеп тұр еді. Абылайдың қайтыс болып, қазақ үш жүзге бөлініп, «бөлінгенді бөрі жейді» болып тұрғанда олар Қасымның келуінен қатты қауіптенді. Өйткені Абылайдың көзі ханның өзі келді деп, енді қазақтардың ұжымдасып, бас көтеретіне көздері анық жетті.

Қасымды қоқандықтар Түркістанда құрметті қонақ ретінде жылы ниетпен шақырып, жылы ниетпен қабылдап, артынша опасыздықпен өлтірді. Батырдың екі баласы Есенкелді, Саржанды қоқан ханы Мәдем: «Орысқа қарсы бас көтереміз, ақыл-кеңеске келіңдер?»—деп, Тәшкентке алдап шақырады. «Түбі бөрінің тұқымы бөрілігін істемей қоймайды» деп, бір топ қолмен қолға түсіреді. Мұндай жауыздықты сезіп қалған Ағыбай Саржанның баласы Ержанды алып қашып құтылады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз