Соңғы ханның құпиясы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Қасымның естияр қызы Бопай мен інісі Кенесары билікті қолға алады. Қоқандықтар салықтың түрін көбейтіп, бас көтерері жоқ қазақтарды қысымға ала берді. Қоқанның қазақ арасындағы сенімді әрі сыйлы адамы қоңыраттан шыққан Құрымбай датқа деген болатын. Сол кезде олар алым-салық жинауды осы датқа арқылы жүргізетін-ді.
Бірде Бопай інісі Кенесары екеуі Құрымбай датқамен кеңесіп, ақылдасады. Өйткені кейінгі кездері қоқан бектері салық жинауды бірі-бір, екісі-екі келіп жиілетіп жіберді. Сондықтан қазақ рубасыларын жинап, қоқан бектерімен жүзбе-жүз кездесіп кеңессек. Әрқайсысы бір келіп қоқаңдай бермей, алым-салықты тек ру басылары алатындай етейік. Сіз қоқан бектерін шақырып келуге барасыз. Қазақ ру басыларының кеңесі болмақ. Мені сіздерді арнайы шақыруға жіберді деңіз.
Бұлар Құрымбай датқаны қарашаның хан жолына қарай тарту-таралғысын беріп, жолға шығарып салады. Сөйтіп, Бопай інісі Кенесары екеуі Шудың бойында өзіне қарасты ауылын қондырады. Бектер түсетін бес-алты үйді әкеліп, бір-біріне құрастырып жалғап, төрінен есік шығарып, оған матамен перде іледі. Түпкі үйді әдейі жарға асылта тігеді. Қоқан бектерінің қорғаушы, күзетшілері түсетін үйлерге ішіне жасырын қару асынған жігіттерін күтуші етіп дайындайды. Бұл құпия сырды апасы Бопай мен інісі Кенесары екеуінен басқа оның ең сенімді жігіттері ғана біледі.
Құрымбай датқаға сенімі мол қоқан жағы шақыруды құп алады. Сөйтіп, бектер іле-шала күзетші нөкерлерімен бері қарай сапар шегеді. Астыртын хабарлап отырған Кенесары бектер түсетін түпкі үйге қарулы адамдарды даяшылыққа қояды. Бопай, ру басылары қоқан қонақтарының алдынан шығып қарсы алады. Ауыл күзетшілері құпия тірліктен еш хабары жоқ, абыр-сабыр қазан көтеріп, ас дайындатып жатады. Қоқандықтар қазақтардың ығы-жығы дайындық ықыластарын көріп, көңілдері көтеріліп, аттарынан түсіп, үйге кіре бастайды. Бектерді бір-біріне қоспай әңгімеге салып, үйді-үйге кіргізіп, түпкі үйге жеткенінің үнін шығармай қойдай бауыздап, жасыра береді. Олар жайбарақат отырған күзетшілерді де жайғап салады. Сол кезде Құрымбай датқа:
—Бопай ханыша, бұларды мұнда алдап алып келген мен кінәлі болдым, мені де өлтір,—деп отыра кетеді. Сонда Бопай ханым:
—Датқам, бұларды сізге айтсам, сіз бармас едіңіз,—дейді оған.—Сіз бармасаңыз, қоқан бектері өздері мұнда келмес еді. Сондықтан сіздің жағдайыңызды да ойладым, амал жоқ, әкем мен әкемнің жанындағылардың кегін алу сіздің бір басыңыздың борышы болды. Датқам, бізбен бірге Арқаға көшіп жүріңіз.
Ал Құрымбай болса, жан сауғалап, ел жұртын, ата қонысын тастап көшуді намыс санады. Қазақ «мал жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» демей ме! Құрымбай күйіктен үйінде жатып, көп ұзамай дүние салды.