Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Наурызбайдың Ағыбайға риза болуы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Николай патшаның байтақ далада жай жатқан, мал баққан момын елге істеген зорлық қысымы күн сайын күшейе берді. Ел ішіндегі бектер, аға сұлтандар Николайдың айтқанын екі қылмай орындады. Дуанбасы қыпшақ Ыбырай, советник Тұрлыбек, Шорманның Мұсасы, Ертістен бәсентин Мөшке, Қарқаралыда Бөкей, Шалғынбай, Қоңырқұлжа, найман Ерден—Түзен, тобықтыда Құнанбай, қырғыз Жантай, Жанғанаш сияқты жуан бектерге сыйлық, наград беріп: «Еліңді тез маған қаратып бер!»—деді. Николай мен аға сұлтандар елге күн шығармады, таң атырмады. Малы талауда, ер-азаматы қырғынға ұшыраған қалың ел Кенесарыға келіп мұңын шақты, соңына ерді.

Ел қамын жеген Кене хан патшаға қарсы тұрып, қалың қазақ халқын соңынан ертті. Сол замандағы қазақтың ардагер батырлары Кенекеңнің қолына келіп қосылды.

Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Төлебай, Бұғыбай, Көбек, Бөрші, Базар батыр, тама Танаш батыр, Сармантай, Нұрабай, Қарабай батыр және Қарабас сияқты қамалды бұзған кілең батырлар Кененің қол астына жиналды. Кене ханның қоластына қазақтың атақты батырлары бастаған он төрт мың қол жиналды, ат жақсысын мінді, сауыт жақсысын киді. Бұлар өздерінің ордасын Алтай-Қарпықтың ортасы Құланөтпеске тікті. Кененің соңынан ерген нөкерлердің бәрі де қуандық, алтай-қарпық, бөрші, темештіктер болды. Кіші жүз, Ұлы жүзден де қайраты бойына сыймай келген атақты батырлар да Кененің қолына қосылып жатты.

Кенесары Ырғыз бойындағы назар-сүрен руынан Әліге елші жіберіп, кісі салды: «Қазаққа Николай патша қорлық көрсетті. Оған қарсы шығу үшін біз елдің басын қосып, батырларын жинап соғысқа даярланып жатырмыз, сен де бізге қосыл, қаруланып, жарақтанып кел! Қазақ ұранды елдің намысын жақтаған ұраннан сырт қалма!»—деді Кене. Әлі Кененің бұл тілегіне көнбеді, көмек бермеді. Қайта барған ел жігіттерінің бірнешеуін ұстап алды. Бұған ашуланған Кене он төрт мың қол, он төрт тумен Әліге барып, оның еліндегі патшаның сойылын соққандарды жапырып, жаншып, шауып алды. Кене хан: «Әлінің елінен алған барша мал-мүлікті нөкерлерінің өздері алсын, хан қазынасына салынбасын»,—деді.

Әлінің елінің қуғыншылары елін шауып қайтып бара жатқан Кененің қалың нөкерін қуды. Кене барша мал мен дүние мүкәммалды қалың әскермен ілгері жіберіп, өзі бір топ әскермен артта Әлінің әскерін тосқауылдап қалады. Аттарын қоя беріп, ас пісіріп жайбарақат жатқан Кененің үстінен Әлінің әскері сау етіп түсе қалады. Қалың әскер аз ғана кісімен жатқан Кенені қамап алады. Бірақ Әлінің әскері Кенені қамап тұрса да, бетпе-бет ұрысуға бата алмады.

Қостан бөлек жатқан Ағыбай мен Жанайдар келеді, екеуі қалың әскерді айдап шығады. Сонда Ағыбай батыр:

—Тақсыр, сыпайыгершілік қылыш үстінде жүрмейді, жүріңіз!—деп атының шылбырын тақымына салып, жетектеп топтан алып шығады. Түн екен, ай қараңғы, астында қара аты бар, еңгезердей қара артынан жетіп келіп, Жанайдарға найза салады. Оның найзасы жанайдардың кеңірдегінен сұғылады. Жанайдар кеңірдекке салған найзаны иығымен қағып қалып омырып жібереді. Найзаның ұңғысы кеңірдекте қалады. Бір жігіт:

—Тақсыр, дұшпанның найзасы Жанайдардың кеңірдегінде қалды, батыр қырылдап келеді?—деді.

—Сүйемелдеп былай шығыңдар!—деді хан.

Ағыбай батыр Жанайдар батырға найза салған қара қасқа аттыны найзаның ұшына шанышты. Найзагер батыр Ағыбай батырдан қаза тапты. Кененің қолы жаудың бетін қайырып оңаша шықты. Сонда Кене: «Тұра тұрыңдар!»—деді. Бұлар тұра қалды. «Шақпақ шағып, киіз күйдіріп білте қылыңдар, аттың терлігін білте қып күйдіріңдер»,—деді. Шақпақ шақты, терлікті отқа салып күйдіріп білте қылды.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз