Наурызбайдың Ағыбайға риза болуы (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Батыр кетісімен Ағыбай мен Наурызбай ашуланып, қайраттанды. Ағыбай айтты:
—Ақауыз атты мінейін де, сол батырдың артынан жүрейін, —деді. Наурызбай оған Ақауыз атты беріп тұрып, былай деді:
—Аға, қайлаң көп еді ғой, сенің күшіңе болмас, қайлаңа сүйен, атамыздың айтқаны бар еді ғой, «айласыздың батыры шошқаға шабады» деп еді ғой, жазым болып қалма,—деді. Ақауызды мініп алып артынан ұшты. Ол салып кетіп барады. Ағыбай артынан келіп жетті. Анау қарамайды, Ағыбай оған бата алмайды. Екеуі сөйлеспейді, жүре берді. Енді бір кезеңге келген кезде, Ағыбай әлгі батырға найзаны салып қап еді, найзасы мойнына опырылып ұшып кетті. Омырылған найзаның мойнын кеңірдегінен жұлып алып лақтырып жіберді. Ағыбайды атынан жұлып алып, тақымына қысып алып жүре берді. Тақымына қысылған Ағыбай сасып, жансауға сұрады.
—Ә, батыр, солай ма!—деп басты жіберіп, мін атыңа, кімсің?—деді.
—Ағыбай батыр деген мен едім.
—Ә, сені естуші едім, ер емес ершіге екенсің,—деді. Өзіңді жолды деуші еді, енді маған ер, өзімде сені іздеп таба алмай жүр едім, былай қатар жүр,—деді. Ағыбай ол батырдың қатарымен жүрді. Сонда бесіннен төменірек уақыт бірталай жерге келіп қалды.
—Алдыңнан не көрінді, қарашы? Күнбатыс жағынан Ағыбай қарап:
—Бір тау көрінеді,—деді.
—Ол таудың алдында не көрінеді?
—Таудың алдында екі үлкен ақ үй көрінеді,—деді.
—Екі ақ үйдің алдында не көрінеді?
—Бір бұлт сықылды қылаң жылқы көрінеді.
—Батыр, енді саған сыр айтайын, анау бұлт сықылды көрінген қылаң жылқы менің «Бұлткөк» деген атым еді. Анау екі үй, біреуі менің қатынымның үйі де, біреуі менің шешемнің үйі. Менің қыздан туған бір жиенім бар, ол жиенімнің күші менен он есе артық. Ол жиенім қатынымды тартып алып, қатын қылды, атымды тартып алып, астына мінді, шешемді тартып алып, күң қылды. Енді сен сонда бар, шешем тыста болса, сөйлес. Шешем: «балам, кімсің?» деп сұраса, «мен бір хабаршымын» дерсің. Қашып жүрген, сасып жүрген балаң бар ма?—деп айт. «Е, шырағым бар дер», «Ә, жиенің қайда?»—дегейсің, сонда үйде ұйықтап жатыр десе, маған қолыңды бұлғап белгі бер,—деді.
Ағыбай шу деп жүріп келді. Ағыбай келіп батырдың шешесіне жолығып, әлгі батырдың айтқанын істеді.
—Жиен қайда?
—Үйде ұйықтап жатыр,—деді.
—Ендеше ана балаң келіп тұр, мен шақырамын,—деді.
—Ей, қарағым-ай, шақыр,—деді. Қол бұлғап шақырды. Жолдыаяқ батыр жетіп келді, атын байлай салып, шешесіне амандасты.
—Ағыбай батыр, кел жүр, менің соңымнан ер!—деді. Үйге кіріп барып ұйықтап жатқан батырдың қарынан қылышпен салып жіберді. Қары сойылып түсті. Шолақ жалғыз қол жиені Жолдыаяқты көтеріп алып, шыр көбелек айналдырды. Жолдыаяқ: «Жолдым!»—деп шақырды Ағыбайды. Ағыбай жетіп келіп, жиен батырдың кеудесінен найза салып, құлатып тастады. Жиен батыр өлді.
—Жолдым, жарайды екенсің, жолды екенсің!—деді. Сонда бір күн жатты. Ертеңінде:
—Әнеугі қасыңдағы кім?—деді.
—Ол Наурызбай батыр,—деді.
—Ә, Кенесары, Наурызбай ма?—деді.—Солай ма иә, сендермен күндердің күнінде жолдас болармын,—деді. Таң атты. Ел тұрып ас ішіп болған соң:
—Жарайсың Ағыбайым, «жолды» деп естуші едім жолды екенсің, мынау тұрған Бұлткөк, мынау тұрған Керат, мынау қарындасым, осы жылқыдан таңдағаныңды және қарындасымды ал, екеуміз дос болайық, күндердің күнінде сендерге барамын, екіталай қысылшаң заман болса, бізге ат саурысын берсеңіз болады,—деді. Ағыбай:
—Біздің дұшпанымыз қауіпті, ел шетіне қорған болар шағымыз жетіп тұр,—деді. Екі батыр дос болып шаттанды.
—Кенекеңе сәлем айт, кешікпей барармын,—деді. Ағыбай сыйлығын алып жүріп кетті. Ағыбай Наурызбайға келді.
—Қалай кешіктің?—деді. Ол:
—Ой, не қыласыз? Ердің ерін таптым, ер керек болған заманда бізге үлкен Алатаудай бел болатын ер екен, сонымен дос болып қайттым,—деді. Наурызбай Ағыбайдың ісіне риза болып шаттанды.