Наурызбайдың Ағыбайға риза болуы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Барыңдар, Жанайдарды қолтықтап бір-екеуің барып алып келіңдер,—деді. Жіберген кісілері Жанайдарды ханның алдына алып келді.
—Ұзыннан салыңдар!—деді хан. Сөйтсе, найзаның ұшы кеңірдегінде көлденең тұр екен. Хан көрді, оған жаны ашыды. «Әй, ерім-ай!»—деді. Кеңірдектегі найзаның ұшына шылбырдың ұшын байлап, бір жігітке хан айтты: «Жағыңа табаныңды тіреп тұрып, кеңірдектегі найзаның ұңғысын тартып ал!»—деді. Бір мықты жігіт келді дағы табанын қойып тартып алды. Кеңірдек пен өңештің арасынан кірген екен. Найзаны сурып алғанда, қан сауылдап, орны қорық ете түсті. Сол найзаның ұңғысы қалған тесігіне күйдірілген құрым білтені тықты. «Қолдың бәрі тоқтасын!» деп алдына шапқыншы жіберді.
Кешке таман хан батырларының бәрі келіп қосылды. Келген соң бәріне жар салды: «Ертең көшпеңдер, он төрт мың қолдан он төрт ту бие сойылсын, Жанайдар мен Ағыбайдың Құдайға айтқан боз қасқасы бар, екеуіне де бата беремін»,—деді. Халық: «Құп!»—деді. Таң атты, күн шықты, халық он төрт қолдан «құдайы» деп он төрт ту бие сойды. Күллі халық ет жеп болған соң: «Батырлар келіңдер, бір мың шақты»,—деді. Хан қол көтерді, халықта тегіс қол көтерді: «Ағыбай батыр қамал бұзған ер едің, екеуіңе екі дүниенің байлығын берсін!»—деді. Бұлар өзінің мекені Құланөтпеске келіп, тағы да қол жинады. Кененің қолына Тілеген батыр қолында туы бар мың қаралы жолдаспен келіп қосылды.
Ағыбай мен Наурызбай екеуі ер іздеп ел қыдырады. Бұлар жүріп келе жатса, айдалада тау аясында бір төрт аяғы төрт діңгектей, мойны сала құлаш, жаурыны кез, төрт тұяғы құйған болаттай, танауы шелектей, екі көзі шырақтай, жалы жібектей, құйрығы қынаптан шыққан қылыштай бір жылқы тұр екен. «Ойпырым-ай! Мынау бір тамаша жылқы екен!»—деп Ағыбай мен Наурызбай таң қалды. «Аты мынадай, иесі кім екен?»— деді. «Кім екен білейік?»—деп үйге кіріп келді. Үйге кірсе, бір адам дөңбектей болып шалқасынан түсіп жатыр. Басы бақыр қазандай. Есік алдында бір қатын тайдүзгенге ет асып жатыр екен. Бұлар үйге кірісімен, ол әйел де үйге келді. Үйге кіріп:
—Сіздер кімсіз?—деді.
—Біз жөнімізді айтамыз ғой, мына жатқан кім?—деді батырлар.
—Бұл Жолдыаяқ деген батыр—деді әйел.
—Сөйлесейік, оятыңызшы?—деді.
—Оянбайды, жаңа ғана жатты,—деді әйел.
—Несі бар оянбайтын,—деп Ағыбай барып ырғап-ырғап қозғап еді, тырп етпеді. Ағыбай батыр қатты айғайлап еді, тағы тырп етпеді. Ашуланып Наурызбай батыр шоқпармен маңдайының арасынан салып кеп қалды. Бит шаққан құрлы көрмей, екінші жағынан төңкеріліп жатты. Ол жаңғырды, тасқа тигендей болды, сосын екеуі де шошынды. Кетейін десе, қорыққан кісі құсап кім екенін білмей кетуді де намыс көрді. Бір уақытта қатын келді.
—Бұл сіздің жолдасыңыз ба?—деп сұрады қатыннан.
—Жоқ бұл менің жолдасым емес, бұл бөтен батыр, менің жолдасым басқа жаққа кетіп еді, мұнда бұл кісі кеп анда-санда түстеніп кетуші еді, маған бір құланды әкеп асқызып еді, соны пісіріп отырмын,—деді.
—Тамағыңыз пісті ме?
—Пісті,—деді әйел.
—Мұны қалай оятасыз?—деді Ағыбай. Қатын айтты:
—Оятуы оңай, дәрі беріп еді мұрнына иіскет?—деп.—Қазір сол дәріні иіскетемін, сонсоң оянады. Қатын бір нәрсені алып кірді. Үйдің ішін иіс мүңкітіп жіберді, оны ұйқтап жатқан батырдың мұрнына иіскетіп қалып еді, батыр ұшып түрегелді. Мына отырғандарды кісі құрлы көрген жоқ, амандаспады да, далаға шығып кетті. Тыстан жуынып үйге келді.
—Келін, ас пісті ме?—деді.
—Пісті,—деді әйел.
—Ендеше, етіңді әкел!—деді. Үлкен бір астауға салып, екі басынан екі кісі көтеріп, құланның етін қайқалатып алып келді. Кесек-кесек жұтады, жеп болды. Бір шетінде аз ғана қалды. Бір тегене қылып суытып сорпа әкелді, оны басына бірақ көтерді. Тұрды, киінді, ілулі тұрған бес қаруды алды (Сары қанжар, қылыш, мылтық, найза). Еттің қалғанын аналарға бер дегендей қатынға мегзеді де, өзі үйден шығып, атына мініп жүріп кетті.