Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Абылайды тұтқыннан босаттырған батыр (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Бұл жолғы соғысты бастаған қалмақтар емес, қазақтар. Екі балам оған рұқсатсыз қатысты. Ризашылығым болған жоқ. Құн да, кек те іздемеймін,—деп кесіп айтады.

Кейін тағы бір соғыс болып, онда басқалармен бірге қалмақ ханының бас уәзіріндей болған атақты бір батыры қаза табады. Осы соғыста қалмақтар Абылай ханды қолға түсіріп, тұтқынға алады.

Осы хабарды естіген Нияз атқа мініп, баяғы екі батыр інісін ертіп Қалдан Серенге келеді.

Нақ осы жолы ол өзінің үшінші тілегінің мойнында қалғанын қалмақ ханының есіне салып, сол үшін келгендігін мәлімдейді.

—Соңғы соғыстарға қатысқаным жоқ. Қартайған шағымда қан төгіп, қырғын іздегім келмейді. Екі ұлымның да, басқаның да құнын сұрамаймын. Кек те іздемеймін. «Хан екі айтпайды» деген, сонау жолғы қалдырған үшінші тілегімді бер, соған келдім,—дейді Нияз батыр.

—Айтқаным айтқан, бердім үшінші тілегіңді, айт!—депті Қалдан Серен.

—Қазақтың басына көтерген ханы, қолбасшымыз Абылай ханды босат, үшінші тілегім осы!—дейді батыр. Хан бұған мүдіріп қалады да:

—Уа, Нияз батыр, хан екі айтпайды деуші еді. Бірақ та, осы тілегің қинап тұр. Соңғы соғыста бетке ұстар қас батырымыз қаза тапқан, әйелі содан бері азалы күйде қара жамылып, қайғының күйігінде отыр.

Күндіз-түні жылауда, көз жасын бұлауда. Ханың соның қарамағында берілген, онсыз босата алмаймын,—дейді.

—Бәрін де біліп отырмын. Бірақ әйел алдына барып бас ұра алмаймын. Ханымызды босатуды ханнан ғана сұраймын! «Хан екі сөйлемейді» деп өзің де айттың, менің бұдан басқа үшінші тілегім жоқ»,—деп батыр отырып алады.

Сөзден тосылып, аз кем ойланған Қалдан Серен ақырында әйелді алғызып, мән-жайды түсіндіріп, сөз түйінін өзіне тастапты.

—Қас батырыңыз кетті, өлер күйеуім өлді. Қайғыдан қажып, күйіктен күйреп отырғанымда рас. Тұтқындағы қазақ ханы менің қайғымды сейілтпес. Сізге батыр болмас, өлген де қайтып тірілмес. Қазақ батырына берген уағдаңыз болса, ханды босату, босатпау өз ықтиярыңызда, менің қарсылығым жоқ,—дейді әйел.

Осыдан соң Абылай ханды тұтқыннан босатады. Абылай ханды тұтқыннан босатқанда ешбір соғыссыз, қайта Нияз батырды нөкерлерімен қоса той думанмен шығарып салады. Сол жолы да Нияз батыр шапқыншылықтарда қалмақтар қолында кеткен көптеген тұтқындағы адамдарын да босатып ала қайтады.

Нияз батырдың Абылай ханды тұтқыннан босаттырғанын айғақтайтын тағы бір дерек бар. Бұл Абылай ханның ұрпағы Кенесары кезінде болған оқиға.

Кенесары өз заманында патшалық Ресейдің қазақ жерін одан әрі отарлай беру саясатымен жүргізген шараларының бәріне қарсы болған. Патша өкіметіне жалпақтағандардың қайсысын болмасын жазалап отырған. Кенесарының қолына бірде орыстарға көмектескен деген желеумен Қаңтарбай батыр деген кісі түседі. Бұл—Нияз батырдың бергі ұрпақтараның бірі. Тұтқында бұғаулы отырған Қаңтарбай батырды Кенесары алдына алдырыпты. Сонда Қаңтарбай бармағын тістеп отыра беріпті. Кенесары жөн сұрастырып, жауап аларда: «бармағыңды неге тістей бересің?» деп сұрапты. Сонда Қаңтарбай батыр:

—Бармағымды неге тістемейін. Егерде менің бабам Нияз батыр сенің бабаң Абылай ханды қалмақтың тұтқынынан босатпаса, одан сенің әкең мен, сен тумасаң, бүгін мен сенің тұтқының болып отырмас едім ғой. Мен соған өкініп, бармағымды тістеп отырмын,—депті.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз