Абылайдың Самарқанға жорығы (І нұсқа) (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Абылай хан өзіне-өзі емін-еркін келген соң «атажұртым Бұхараны аламын» деп, үш жүздің баласы қазақтың «сен тұр, мен атайын» деген батырларын жиып, аттанды. Мұнан барғаннан әуелі Түркістан барып, оған өзінің бел баласы Сыдық сұлтанды ие қылды. Шымкент, Сайрам барып, оған Ғабдалрахман деген сартты қойды. Ташкент барып, оған Мырзахмет деген сартты қойды. Ташкентті кеше орыс алар уақытысында бір Мырзахмет деген және биледі. Бұл Мырзахмет қартайып алжып өлсе, жаңадан өлді. Абылайдың қойған Мырзахмет дегені мұнан көп бұрын өткен кісі. Онан Созақ үстіне барып түнеп жатқанда, Қоңырат елінде бір байдың келіні ұл тауып, атын Абылай қойған екен. Бұл Абылай да өсіп-өніп, бір тайпа ел болыпты. Абылай хан онан өтіп, Самарқан шаһарының бет алдына, Жұпар қорығына барып түсіпті. Сол түні қасындағы қариясына:
—Бүгін сәуе көр!—депті.
—Мен де қарап жатпайын, жұрт билеген хансың ғой, өзің де көр!—депті.
Ертең таң атқан соң қария мен хан бас қосып отырып, көргендерін айтысыпты. Әуелі хан айтыпты:
—Бүгін түнде түсімде бір жолбарыс шатырымның алдына келіп шөкті, басын бір көтермеді, төмен салды да жатты. «Бұ не қылғаны?» деп қарап едім әлгі жолбарыс дегенім аю болды. «Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып қалды?» деп қарап едім, қасқыр болды. Онымен те тұрмады, қоян ба, қарсақ па, сол сықылды болған уақытта оянып кеттім,— дейді.
Онда қария айтты:
—Мен көргенімді айтсам, Бұхарадағы тамам әулие Самарқан дарбазасының түбіне келіп шөкті. Ол Самарқанды саған алғызбаймын деп келгені. Өзің көрген жолбарыс— өзінің бақ-талайың. Бақ-талайыңның жетіп жығылған жері осы болғаны. Енді мұнан былай бақ-талайың көтерілмейді. «Баяғыдан бері Абылай жүріп-жүріп сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай, ұрыспай, соғыспай, осы жерден тып-тыныш қайта ғой. Қарасаң, аю болғаны—сенен соңғы баланың заманы, «аю заманы» деген заман болады. Аюдай алысып өтеді. Онан қарасаң, қасқыр болғаны—немере ұрпақтарың заманы, «қасқыр заманы» деген заман болады, қасқырша жұлысып өтеді. Онан қарасаң, түлкі болғаны—шөберең заманы, «түлкі заманы» деген заман болады. Түлкіше жортып жүріп жан сақтайды. Онан қарасаң, қоян болғаны—онан соңғы заман қоянша қара кебек қылып, қорғалап жатып, жан сақтайды. Онан соң заманның не боларын Құдірет өзі біледі. Қарсақ болар, күзен болар, ең аяғы тышқан, бақа-шаян, құрт-құмырсқа болып дүние сөйтіп тозып таусылады дағы,—дейді.
Сонан соң хан бұл сөзге құлақ қойып, Самарқан шаһарына елші жіберді:
—Ұрысым, соғысым жоқ. Әулиелерді зиярат қыла келдім. Осы жерден қайтамын,—деп.
Самарқан, Бұхара жұрты қорқып тұр екен. Мұнан бұрын қосыны қазақ болып он үш патша шаһарларды алған екен. Қосыны қазақ болды дегенше, бұ дүниепаз сарттарға азап болады екен. Абылай ханнан бұл сөзді естіген соң Самарқан халқы қуанып, тарту-таралғысымен келіп ханды көріп, Абылай хан сонда: «Самарқанның көк тасынан басыма қойдыратұғын, жазу ойдыратұғын тас қазып аламын!»— деп, ұста жинап, тас қаздырды. Сонда Абылайдың бақатысына шыққан тасты Самарқан халқы көріп, ханнан сүйінші сұрады: «Бұл тас әмір Темірден соң ешкімге шықпаған тас» деп. Сол тасқа атын сол жерде ұсталарға жаздырыпты: «Абылай ибн Сүйеніш хан» деп.