Абылай хан заманында қазақтан шыққан батырлар (ІІІ нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Менің көрген-білгенімді айтсам, күннің көзіндегі, жердің жүзіндегі әулиелер: «Абылай өлді, соның жаназасына бара жатырмыз» деп жындай жиылып, құмдай құйылып Түркістанға бара жатыр. Қайтқаннан басқа жабдық жоқ,— деді.
Абылай хан Самарқанға елші жібереді: «Ұрысым, соғысым жоқ, әулиелелерді зиярат қыла келдім. Басты-басты ақсақалдары қонаққа келсін!»—деді. Қоянның көзінен қорқып, жебедей жерге кіріп кететін сарт сорлы жаман қорқып тұр екен. Қосыны қазақ болған он үш патша жыбыр-жыбыр қылып жаман талағаны өздерінің тарихтарында жазулы тұр екен. Қатын-қыздарын, тауық пен бөденелерін тауға бостырып жіберген екен. Бірін-бірі сыйласып, қонақ болысып, Абылай хан сонда бір көк қасқа айтып сойып, басына қойдыратын тас қаздырды. Абылайдың бағына шыққан тасты Самарқан жұрты: «баяғы Әмір Темірден басқа ешкімге шықпаған тас» десіпті.
Абылай хан батырларына рұқсат беріпті:
—Енді ұрыс-соғыс жоқ. «Ер игісі қос табар» деген, амандарыңда ел табыңдар!—деп, өзі Тәшкенге келіп Мырзахмет деген сарттың қызын алып, үш ай жатып қалыпты. Үш айдан соң Арқаға қарай бет алып шығып Арыс бойына келген жерде, баяғы «Шымкент, Сайрамға ие бол!» деп қолынан қойып кеткен Абдырахманы Тұрбат сұлтан, Рабат қарабұлақ, Маңкенттегі жалпақ табан, жалаңаяқ сарттарды жинап алып қосын қылып, «Арыстан өткізбеймін!» деп алдын тосып тұр екен. Абылай ханның қасында тамақ үшін еріп жүрген дулаттар қашып кетіп, жалпы етек дулаттығын білдіріпті. Арыстың бойында төбенің басында қосты қолаңшы төлеңгіттерінен басқа ешкім жоқ. Абылай қалшиып тұрды да қалды. Сонда қасындағы қариясы Бұқарекең айтқан екен:
—Бірі етек, бірі жең болған,
Ежелден саған ел болған
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын
Кіші жүзден кісің жоқ.
Енді бұған қарап тұрғаннан басқа
Қылар қайрат-күшің жоқ,—
депті. Хан сонда батырларын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнап, құса болып жарылып кетіпті. Бір қорғанға түсіріп, сол қорған күні бүгінгеше «Хан қорғаны» атанып қалды дейді.
Абылай хан ажал жастығына басын қойғанда, Бұқарекең айтыпты:
—Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Қарусыз жылқы бақтырған ханым-ай!
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Қалар ма екен қайран жаның-ай!—
дегенде, Хан:
—Тоқта! Бұлай десең, мен дінімнен шығамын, сен жалғаншы боласың. Жиырма жасымда таққа міндім, қырық сегіз жыл қазаққа хан болып тұрдым. Қанша жыл өмір сүріп, жас жасағаннан не пайда, қазақтың арқасын тамға, ауызын нанға сүйегенім жоқ. Мұны мен екі етікші мен ұстаның құнын, қатын құнымен бір бас қылып жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұнымен—үш. Осы үш арман сүйегіммен бірге көріме түсті,—деген екен.
Құдай рахмет қылсын, Арыс бойында дәл жұма күні 68 жасында дүниеден қайтып, сүйегін теңге салып, Әзіреті сұлтанға алып келіп, ақ күмбездің ішіне бір бөлме қойып, тас үстіне орнатып, Абылай ханның өлімі Сарыарқаға қырық күн бұрын естіліпті. Ордаға қатын-қалаш, бала-шағасына естірмепті. «Өлгеніне қуанып, сүйінші сұраған кісідей болмайық. Өліктің қырқы деген күн бір мал сойылатын күн ғой, қырқында естіртіп қырқын бергізейік» деп. Сарқазақ Сейтен, Итқара, Сұлтан деген кісілер: «Міне, бүгін табан қырық күн болды естігенімізге» деп, ордасына естіртіп, қырқын бергізген екен. Артынан қасында бірге жүрген, қолдарынан көмген жолдастары келген соң анығын білісіпті. Бұлар мұнда өлгеніне қырық күн болды деп қырқын бергізген күні, өлген күні сол күн болып шығыпты. Біздің естуімізше Абылай тарихы—осы.