Абылайды тұтқыннан босаттырған батыр (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Атақты Абылай хан тұсында қазақ пен қалмақ арасында әртүрлі соғыстар мен сойқан соқтығыстар аз болмаған. Сондай бір соғыста қазақтың қолын Абылай хан, қалмақтардың қолын Қалдан Серен бастайды. Сол кездегі дәстүр бойынша, екі жақтан екі батыр жекпе-жекке шығуға тиіс болады. Сірә, алдын ала дайындалып келсе керек, қалмақтар жағынан ала атты, ала сауытты алпауыттай бір батыр атын ойнақтатып ортаға шыға келеді. Ә дегенде тайсақтап сескенді ме, қазақтар жағынан жекпе-жекке жуырда ешкім шыға қоймаса керек. Содан бұған Абылай ханның өзі дайындала бастайды. Сол кезде бір қартаңдау тартқан батыр келіп:
—Уа, хан ием, сен тоқта! Қарт болсам да, мен шығайын. Жазатайым мерт болсаң, жұрт қазақтың ханы қалмақ батырының қолынан қаза тапты дер. Ал, мен мерт болсам, бір шал шетінеді дер,—дейді де, хан рұқсат еткен соң, жекпе-жекке шығады.
Бірінші кезек қалмақ батырына беріледі. Адуын батыр зілмауыр батпан шоқпармен салып жібергенде, қазақ батыры денесіне дарытпайды. Қазақ батыры: «тоқтат ендігі кезек менікі» дейді ақырып. Қазақ батыры қалмақ батырын денесіне дарытпай найзамен түйреп алып, атынан түсіріп кетеді. Атын ұстап әкеліп, батырдың алдына тартады да:
—Уа, батыр, сен мені мүлдем құртатын болып ең. Бірақ оның болмады. Мен сені өлімге қимадым. Осы да жетер, атыңа мін де әскеріңе қайт,—дейді.
Қалмақ батыры:
—Мен елімнің алдына жан салмаған бір батыры едім. Екі жақтың қалың қол әскері екеуміздің жекпе-жегімізді көріп тұр. Мен өз ханыма кімнен жеңілдім деп барамын,—деп сұрайды.
—Барқының ұлы батыр Нияз дегейсің ханыңа,—деп қазақ батыры әскеріне қарай жүре беріпті.
Ертеңінде қалмақтар жағынан жаушы келіп: «Кешегі қазақ батырын Қалдан Серен ханымыз шатырына шақырып жатыр» деп хабар береді. Нияз батыр жанына екі батыр інісі Ақтайлақ пен Итқараны алып келсе, кірер жолына кілем төсеп тастаған. Батыр аттан түспестен кілемнің үстімен хан шатырының алдына бірден келеді. Мұнысын жақтырмай ашу шақырған хан «басыңды аламын» деп, қылышын суырғанда батыр Нияз кеудесін керіп, төсін айқара ашыпты. Хан қылышын қынабына салып, нөкерлерімен құрметтеп, аттан түсіріп алыпты. Хан шатырына қалмақтардың барлық батырлары жиналған екен. Содан Қалдан Серен Нияз батырға қарап тұрып:
—Кешегі өзің найзамен түйреп, аттан түсіріп кеткен батырды танисың ба? Осылардың ішінен тура көрсет, таба алмасаң басыңды аламын!—дейді тағы да.
Нияз батыр кешегі қалмағын дәл танып, тура көрсетіпті.
—Жарайсың, батырым, көңілден шықтың. Енді не тілегің бар, соны айт!—депті қалмақ ханы.
—Үш тілегім бар. Бірінші, екі арадағы осындай соғысты тоқтат, екіншісі, мынау екі көл мен екі төбеге таласпа, қазақтың өзіне бер, жаугершілікке барма! Ал үшіншісі, тілегім мойныңда қалсын, кезегі келгенде, кезінде сұрармын,—депті батыр Нияз. Қалдан Серен бұған келісіп, екі жақ тыныштықпен тарасыпты.
* * *
Сол заманда тағы соғыста Нияздың екі баласы бірдей қаза табады. Бірақ шау тартқан батыр ол соғысқа қатыспаған. Жұрт жиналып Ниязға келіп, қалмақтардан кегін алуды сұрайды. Бірақ батыр келіспей: