Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Абылай хан заманында қазақтан шыққан батырлар (ІІІ нұсқа) (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Көкжарлы көкжал Барақ жауды көп қашырады. Жақсы атты Бараққа қалады делінген Барақ батыр—осы. Шанышқылы Бердіқожа тауының арқар деген аты—құлжа, жігіттер—атқа тиер тегін олжа. Хан Абылай аттанады деп естіп келіпті Шанышқылыдан—Бердіқожа, Сырым Малайсары батыр.

Абылайдың мінгені айқай сары,
Айқайласып келгенде жердің тары.
Абылайды сан қалмақ қамап жатыр,
Туыңды ала шаба гөр, Малайсары.

Балтакерей Тұрсынбай батыр, Тарақты Байғозы батыр, он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батыр, малай жәдігерден шыққан Жауқаш би, Қашбөрте атты Бөрібас батыр, орманшы ақсары су тана Қозған Бекше мерген, қарауылшысы: Әлтеке, Сарым Жидебай батыр, бұған атты үйсіннен алдырып мінгізеді екен. Шалдырмас қарауылда сақа еді деп, үйсіннен алдырыпты Ақшабдарды.

Уақ Сары, Баян—ағайынды екеуі де бірінен-бірі қалыспайтын батырлар.

Ақыл тұрмас қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда,
Баяндай ерді көрмессің,
Бұрылып жауды шанышқанда.
Үйде «батырмын» деген көп еді,
Баяндай көзге түсетіні жоқ еді,—

деп Абылай айтқан екен деседі.

Байжігіт Тасболат батыр, қанжығалы жас Жанатай, бағаналы-балталының балтасынан шыққан Оразымбет батыр, Бәсентин Сырымбет батыр, Сырғалы Елшібек батыр, Жәпек аталған қай елден шыққаны айтылмған.

Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, Үйсін Төле биден асқан би жоқ. Абылай заманында батыр атанбаған қазақ жоқ.

Бұрынғы замандарда қалмақ қазақтарға таң атырып күн шығарған емес. Абылай хан ат арқасына мінгеннен соң қалмақтың бетін қайтарған. Алатаудың бергі жағында, Алтай тауының бергі жағында қалмақ түтін түтетіп күн көріп отыра алмаған. Қалмақты Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай болатын. Қалмақты су сепкендей қылады. Шүршітпен жауласпады, Ақауілге Әділді беріп елдесіп, шүршіт ханы Абылайға «ежен» атын байлады. Орыспен жауласпады, елдесті. Өзіне-өзі әбден келді, кемеліне толды. Енді Бұқар, Қоқан, Тәшкент жақтағы қазақты сартқа билетіп қоймайын деп, үш жүздің баласы қазаққа жар шақыртып, қосын жинап аттанып, Түркістанға барып түсіп, оған өзінің бел баласы Сыздық сұлтанды отырғызды. Рүстем сұлтан, Шекен сұлтан, Сыздық сұлтан, Әубәкір сұлтан, Әбділда сұлтан—бұл бесеуі сарт қызы қатыннан туған балалары еді. Шымкент барып оған Мырзахмет деген сартты ие қылды. Онан Созақ үстіне барып, қоңыраттың байы қонақ қылып, сол түні ол байдың бір келіні бірер ұл тауып, баланың атын «Абылай» қойып, ол Абылай да өсіп-өніп бір тайпа ел болған. (Жер ауып жүрген бір Қайып деген ұрпағына сөйлестік) Онан аттанып барып Самарқанды қамап түсті.

Сол түні қасындағы қариясы Бұқар жырауға:

—Бүгін сәуе көріп бер!—дейді.

—Жұрт билеген хансың ғой, өзің де қарап жатпа, алдыартыңды болжай жат!—дейді.

Ертеңінде қария ханына көріске келгенде:

—Не көрдің?—депті. Дәнеме көрмегенсіп:

—Маған не көрдің дегенше, өзің көргеніңді айт!—депті.

Сонда хан айтыпты:

—Бір жолбарыс келіп шатырымның алдында мойнын салып жатып алды. «Бұл не қылғаны?» деп қарап едім, әлгі жолбарысым аю болды. «Жап-жаңа жолбарыс еді ғой, аю болғаны несі?» деп қарап едім, ит-құс болды. Онан соң түлкі болды. Онан соң қарсақ па, қоян ба, әлде немене мыж-тыж бірдеме болды. Оянып кеттім. Көргенім—осы,—деді.

—Олай болса, шатырыңның алдына келіп шөккен жолбарыс—өзіңнің бақ-талайың. Сен өзің бір жолбарыс едің, оның шөгіп басын көтере алмай жатып алғаны—жетіп жығылған жерің осы болғаны. Енді бақ-талайың көтерілмейді. Баяғыдан бері жүріп-жүріп, «есіл Абылай сарттан өліпті» дегізбей, осы жерде аман-есеніңде қайта ғой! Енді қарасаң, аю болғаны—өзіңнен соңғы заман, аюша алысып өтетін заман болады. Онан қарасаң, ит-құс болғаны—ит-құсша жұлысып өтетін заман болады. Онан қарасаң, қоян болғаны—қоянша кебектен кебекке қорғалап жүретін жан сақтайтын заман болады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз