Абылайдың Самарқанға жорығы (І нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Сол сапардан қайтып, Ташкентке келіп Мырзахметтің қызын алып «енді ұрыс, соғыс жоқ» деп, Орта жүз бен Кіші жүздің батырларын рұқсат беріп, жерлі жеріне, мекенді суына қайтарыпты. Үш айдан соң өзі Ташкенттен Арқаға қарай шығыпты. Қасында біраз төлеңгіт пен үйсін, дулаттың жалға етектері бар. Мұны Шымкенттегі Ғабдалрахман сарт естіп, Тұрбат, Сұлтанрабат, Қарабұлақ, Маңкенттегі егінші сарттарды жинап алып, қосын қылып Абылай ханды қамапты. Сонда дулат халқы қашып кетіп «жалға етек дулат» атаныпты. Боза ішіп, дулағаннан басқа өнері аз, тұзсыз көженің күшінен біткен жасық халық қой. Ханның қасындағы төлеңгіттердің бірсыпырасын қырып тастапты. Ханның өзіне қол тигізуге бата алмапты. Сонда хан Арыс деген өзеннің бойында бір қырдың басында тұрып, жолдастарын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнады дейді.
Сонда бір қария айтқан екен:
—Етек пенен жең болған,
Ежелден саған ел болған
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын
Кіші жүзден кісің жоқ.
Бұған қарап тұрғаннан
Басқа ісің жоқ,—депті.
Сонан соң Абылай сол Арыстың бойында бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде «Хан қорғаны» атаныпты. Сүйегін теңге салып, Түркістан шаһарындағы хазірет сұлтан Алғарфин әулиенің күмбезіне алып келіп қойыпты.
Естірткен күні жұма күні екен. Сарыарқаға қырық күн бұрын естіліпті. «Бүгін қырқы» деп ордаға жиылып, бала-шаға, үй-іштеріне жұма күн жиылып есіттірген екен. Артынан қасындағылары келген соң «қай күні өлді?» деп сұраса, үйіне есіттірген күні өлген екен. Өлмесінен қырық күн бұрын өлді деген хабарды Арқаға келіп қалғаны. Абылай хан өлгенде Созақ деген кентте Жалаң аяқ Адұрдұр [Ашдүр, Әздер Е.Қ.] үш күн, үш түн жылаған екен. Маңайындағы сарт-сауан:
—Тақсыр, бір қазақ өлді деп, мұнша неге бүліндіңіз?— дегенде:
—Есіл Абылай Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді-ау! Енді хандық қорғанда қалды. Сол үшін жылаймын,—деген екен.
Айтқанындай, содан соң қазақ ортасына хандық жоқ, сарт билеп кетіпті.
Бес қойға алған өгізді
Тегін дерсің деп еді,
Егін егіп, тарының
Сөгін жерсің деп еді,
Жалаң аяқ сарттарды
Бегім дерсің деп еді,—
деп ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің айтқаны дәл келіпті де тұрыпты. Мұнан соң «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заман болды.
Баяғы атам заманындағы Бұхарекеңнің «қала салады, орыс алады» деген жерлеріне Абылай ханның немересі Кенесары заманында салынып, Кенесары, Наурызбай барымташыдай шеттеп, жырмалап жүріп, екі мыңға анық толмайтұғын жігіт-желеңмен оған бір тиіп, бұған бір тиіп, басы-көті сегіз жыл бір ауылға болса да хан атанды.
Ерей мен Есіл басы тау болыпты,
Кәпір көп, мұсылман аз, қау болыпты.
Саржан мен Қоңырқұлжа құда болып,
Орыс пен Кенесары жау болыпты.
Төскейде мал жатады қау болғанда,
Жігітке кедейлік жоқ сау болғанда.
Ұшқан құс, жүгірген аң өте алмады,
Орыспен Кенесары жау болғанда,—
деп бұрынғы ақындардың өлеңінде айтылған.